Қарыз ақшаның әлегі

Мен ақшаның құлы емеспін.. Алайда қырық жасқа келгенге дейін ұққаным ақша жүрген жерде қайын-жұртты айтпағанда, туғандарың арасында да сыйластықтың сыйқы кетіп, бір біріне деген сенімсіздік пайда болады екен. Жақының болғаннан кейін кім кімнен болсын берген ақшаңды сұраудың өзі оңай шаруа еместігін мойындауымыз керек. Табанымнан таусылып жүріп тапқан ақшамды сұрай қалсам кейбірінің ренжитінін қайтерсің..

Туған қайыным осыдан үш жыл бұрын көлік алайын деп банктен алған 3 миллион теңгенің 600 мыңын қоярда-қоймай сұрап: «ақша бермесеңіз бала-шағаммен далада қалғалы отырмын» деп сұрап алғаны бар. Жаны қысылғанда көмектеспесем туыстығым қане? деген мен көп ойланбастан сұрағанын берген едім. Енді сол берген ақшамды алу үшін қайынымның артынан ерумен келемін.. «Бересің, артынан ересің» деген осыдан қалса керек.

Жасы 35-ке келген қайыным үш жылда бар бергені 120 мың теңге ғана. Енді міне сол ақшаның кесірінен күн сайын болмаса да, ай сайын несие төлер алдында келіншегім екеуміз бет жыртысып айқайласып, жиі ұрысысқандықтан ба бір бірімізге деген көңіліміз суи бастағандай. Мен оған ақырын да, жер жебіріне жеткізіп те айттым бірақ нәтиже жоқ. Ол бар болғаны інісінің шамасы келмей жүргенін, әйтпесе алған ақшасын қайтаруға ол да асық деген мағынадағы жаттанды сөзін айтудан аспайды. Күйетінім әйелім інісіне менен алған ақшаны қайтар деп айтпайды ғой, айтпайды. Ал қайыныма өзім хабарлассам телефонын не өшіріп тастайды, не болмаса келіншегіне алдыртып, «телефонын үйге тастап кетіпті» деп айтқызып, уақытты созумен келеді. Түсінбейтінім, қайыным жыл сайын соғымын сойып, қарны тоқ жүрсе, ал мен несиеден тезірек құтылуы үшін соғым тұрмақ, кей айда килограмдап ет те сатып алмаймын. Оған шама да бола бермейді. Ол секілді менде де бала-шаға бар, ол секілді менде де несие бар дегендей. Ал мен банктен алған ақшамды ай сайынғы уақытында, әрі бір тиынын кемітпей төлеуге тырысамын. Қайынымды әпкесі шыр-пыр болып қорғаумен жүрсе, ал ол «Күл болмасаң, бүл бол» деген ойда болса керек. Әйпесе ұяты бар адам қалай болғанда да әрекет қылар еді ғой. Бірақ ол үшін адамның бойында ұят та болуы керек шығар. Кім білсін..

Бір қызығы осы жазда қайынымның Алматыға келгенін естіп балаша қуанғаным бар. Ақшадан қысылып жүрген мен бейбақ, келіншегімнен сүйінші сұрағандай болып, қайынымның келгенін айтып, ет салдыртып, күтіп отырсам, ал ол санасыз достарымен қосыла жеңілтек қыздарды іздеп, қонақ үйлерді жағалап кетіпті. Таңсәріде үйге қан-жоса болып келіп, біреулер оны жабылып ұрып кеткенін, Астанаға қайтуға ақшасы қалмағанын айтып, менен жолына ақша сұрап келіпті Мен бұл жолы да адамгершілік танытып, жолға билетіп, ішер тамағын алып беріп шығарып салдым..

Менің жаныма бататыны ол маған өз еркімен хабарласып: «жезде шамам келмей жатыр, ыңғайы келгенге бөліп-бөліп берсем де беремін» десе риза болмай қайтерсің. Бірақ ол адамда ондай сөзді айтуға ақылы жетпей-ақ қойды. Әйтпесе мен секілді айлықта отырған адамнан қарыз алып және оны бермей қашып несі бар. Бір білетінім оның айлық табысы менікінен көп болмаса, аз емес екені анық. Әйтпесе Астананың қақ ортасында екі орындық шаштаразы, құйылмалы сыра сататын орнын жүргізу үшін жалданбалы жұмысшыларды ай сайын ауыстырып жатқанын естіп қалып жатамын.

Бұл бала менің жұмсақтығымды пайдаланып, басынып жүрген болар, сондықтан оның сүйегінен өткізе айтсам арадағы мәселеміз шешіліп қалар деген оймен оны қорқыттым да. Алайда одан да нәтиже болмады. Сонда мен не істеуім керек? Құрметті «Алаш айнасы» интернет-газетінің оқырмандары егер сіздерге қиын болмаса маған қандай да бір кеңес берсеңіздер.. Мүмкін араларыңыздар осы тығырықтан шығар жолды көрсетер бір адам табылып та қалар кім білсін…

Жуырда маған бір ой келеді. Несіне жасырайын ол ойымды келіншегіме де айттым. Мен оған: «егер бауырың, қалған ақшаны бір айда қайтармаса, Астанадағы жігіттерді жіберіп, үстемесін қостырып тұрып, тартып алдыртамын» дедім. Менде одан басқа амал қалмады. Сіз не дейсіз?.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger