Аспан асты мұражайы

Биылғы жылдың 3 тамызында Қарағанды облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аймақтық эксперттік кеңесінің көшпелі отырысы болды. Мақсат – бағдарламаның маңызды арнайы жобасы – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясының» болашағы мен проблемасын сөз етпек.

Эксперттік кеңестің көшпелі отырысына жетекші ғалымдар, өңірдегі белгілі қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Атап айтсақ, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің төрайымы Г.Құрбанбаева және кеңес мүшелері – облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Р.Омарбекова, ғалым, медицина ғылымдарының докторы В.Молотов-Лучанский, филология ғылымдарының докторы Н.Бөкетова, техника ғылымдарының кандидаты Г.Жақсыбаева, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер ассоцациясының атқарушы директоры С.Санаубаев, тағы басқа белгілі азаматтар бар.

Бірінші ат басын тіреген жеріміз – Тобылды қорымы. Ол Шет ауданында, Талды ауылынан 9 шақырым және Қаражартас қорымынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Биылғы жылғы зерттеулерді Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы Сарыарқа археологиялық институтының қызметкерлері жүргізіп жатыр екен. Оған тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин басшылық етуде. Келген делегацияға атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Қорғандарда жасалған қазба жұмыстары барысында екі адамның және екі баланың сүйегі, алтын сырға, білезік пен шолпы, қыштан жасалған 10 шақты құмыраның табылғанын айтты. Бұл бұйымдар қола дәуіріне жатады, яғни, біздің дәуірімізге дейінгі 18-15 ғасыр.

Бұдан кейін Орта ғасыр дәуірінің қазба жұмыстары жайлы мәліметті Қарағанды облысы тарихи-өлкетану мұражайының орынбасары Дәурен Жүсіпов айтты. Археологтардың мәлімдеуінше осыдан санаулы жыл бұрын қола дәуірі кезінде жерленген күймемен жүретін жауынгердің қабірі ашылғандығы сөз болды. Шет ауданындағы қабір ескерткіштерін зерттеу барысында жүгенімен бірге көмілген жылқы, найзаның тастан қашалған ұшы, садақ оғының тастан жасалған ұшы, найзаның қоладан жасалған ұшы, алтын жалатқан салпыншақ пен көптеген керамикалық ыдыс-аяқтардың қосарланып жерленгені анықталған.

Біздің дәуірімізге дейінгі 8-5 ғасырдағы Сақ дәуірінің қорғандары жайлы ақпаратты Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ басшысы және эксперттік кеңес мүшесі Түлкібай Төлеуов айтып берді. Ол қоладан жасалған жебе ұштары мен пышақ, тағы басқа бұйымдарды келтірді.

Өткен жылы интернет желісінде Қарағанды облысының әкімі аймақтағы археологиялық қазбалар мен олардан күтілетін нәтижелер жоспарын құрып, ортаға салуды тапсырып, сонымен қатар, ежелгі қорымдар анықталған жерлерде туристік базалар жасау керектігін атап өткен еді.

2016 жылы Қаражартас қорымында Қазақстан үшін бірегей болып табылатын сатылы пирамида түріндегі ежелгі мазардың орны табылды. Сарыарқаның пирамидасы мұндай мазарлардың ең көнесі әрі ірісі екені анықталыпты. Бүгінде ол реставрациядан өткендігіне көз жеткіздік.

Осы Сарыарқа пирамидасы талай археологиялық жаңалықтың ашылуына себеп болса керек. Оны Қазақстанның киелі жерлерін ЮНЕСКО арқылы насихаттап жүрген, жерлесіміз, біздің ҚарМУ-дың түлегі Виктор Новоженовтың аузынан естіп, қуанышқа бөлендік. Қола дәуірінде және одан бұрынғы андрон мәдениетіне тән үлгілер сақталуымен қатар, жаңа жерлеу ғимараттары, тұрғын үйлер пайда болып, жерлеу салты, өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасады. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған, қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелерімен, мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сонымен қатар, шалқалатып жерлеу, олардың жандарына қару-жарақ, әшекей бұйымдар қою ғұрыптарымен ерекшеленеді.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кесенелері күрделі сәулет өнері ескерткіштеріне жататындығы, олардың көбіне дөңгелек, төртбұрышты болып келетіндігі, ғимараттардың үсті қақпақ тастармен немесе жуан бөренелермен сатылы (пирамидалы) әдіспен жабылып, мәйіт ортадағы үлкен тас жәшіктерге жерленетіндігі сөз алған археологтардың аузынан шыққан еді.

Осыдан кейін Ақкезең және Бада қорымдарына бардық. Ол жердегі әңгіме тізгінін Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымы Ерлан Әміров алған болатын. Ол 80-ге тарта тұрғын үй құрылыстары жайлы айтты. Қабырғасы, іргесі таспен өрілген 4-6 бөлмелі үйлермен қатар, бір-екі бөлмелі жеркепе және киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де көп болған. Олардың орта тұсында немесе шетінде биіктеу етіп тастан салынған төртбұрышты ғибадат ету орындары бар екендігі сөз болды. Әрбір үлкен қоныстардың айналасында 3-5 шағын мекендер болған. Бұл жерлерді қоныстанған тайпалардың басым көпшілігі мыс балқыту, керамика жасау, егін егумен, мал шаруашылығымен айналысқан.

Біздің заманымызға дейінгі екі мыңыншы жылдықтың екінші жартысына жататын Ақкезең қалашығының жалпы аумағы 10 гектардан асады. Зерттеу барысында қорымнан үлкен қалаларда ғана кездесетін ғибадатханаға ұқсас нысан табылған. Қабырғалары гранитпен өрілген, оңтүстік-батыс бұрышында 1 метрлік стелласы бар құрылыс ғалымдарды ерекше қызықтырып отыр.

Сондай-ақ, осы Талды өзені бойында орналасқан «Сеңкібай-2» қорымынан да археологтар жылқының сүйегін, қыш ыдыстар, қола моншақтар мен әшекей заттарды тапқан. Онда екі ат салып жерленген бейіттер ашылып жатыр.

Иә, бұл тарихи мекенді зерттеп, оның ежелгі тарихымыз үшін маңызын айқындаған ғалым Әлкей Марғұлан болатын. Ғалым бастаған арнаулы археологиялық топ Беғазы-Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеді. Осы зерттеулер негізінде Қазақстан тарихы ғана үшін емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қорытындылар жасалады.

Араға төрт мың жылға жуық уақыт салып, сонау сақ, ғұн, түрік бабаларымызбен жүздескендей әсерде болдық. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ұлттық кодты қалпына келтірудегі таптырмайтын құрал екені айтпаса да түсінікті.

Егер, бізге бұрын «бар өркениет Еуропадан келген» деп санамызға құйса, енді ол пікірден арылудың ең тиімді жолы ашылған тәрізді. Ол «Аспан астындағы мұражай» жобасы.

Бақытқалы МҰСАБЕКОВ,

Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Advertisment ad adsense adlogger