АЯНЫШТЫ ТАҒДЫР-АЙ ДЕСЕҢІЗШІ…

Жұмыста жүріп, онша зауқым болмады. Көздерім қарауытып, басым айнала береді. Қоятын шығар деп түске дейін әзер жүрдім. Бірақ қоятын түрі жоқ. Қалшылдап тоңа берем. Ақыры болмаған соң бригадирден сұранып жолға шықтым. Аялдамада менен басқа жан жоқ. Бір кезде кішкене «Газель» көлігі көрінді. Мініп алдым. Даладағыдай емес. Көліктің іші жып-жылы екен.Ортадағы бос орынның біріне жайғастым. Арт жақта үйме-жүйме боп, бір топ жігіттер әңгімені соғып отыр. Әсіресе, бетін безеу басқан, бұйра шашты, еңкіштеу келген жігіт өте көңілді келеді. Менің алдымда ғана бір әңгімені айтып, достары соған күліп келеді екен.


-Дабылбай! Енді сен қалай үйленгеніңді айтшы, өз аузыңнан есітіп бір ырза болып қалайық,-деді арықтау келген ақ сары жүзді жігіт. Дабылбай көп бәлсіне қойған жоқ. Езуіндегі темекіні көліктің терезесінен лақтырып жіберді де, әңгімесін бастай жөнелді.
-Әскерден келісімен-үйлену ойымда жүрді. Бірақ, маған лайық қыз бұл маңайда жоқ екен. Осылай сенделіп жүргенімде құдай жарылқап біздің ауылға бір дәрігер қыз келе қалсын! Не дейсің , оқыған қыз екен деп жұрттар шулап жүрді. Ауылда қабырғалары ырсиған, құлауға тақау шағын ғана аурухана ғимараты бар болатын. Тұрақты қызмет атқаратын дәрігер жоқ болғандықтан күтімсіз, адам қарағысыз халде еді. Енді осы қаршадай қыз келді де аурухананың қабырғаларын сылап, іші-сыртын әктеп, бірер күнде жұмыртқадай жалтыратып шығарды. Қыздың өзі де үріп ауызға салардай сұлу болатын. Басқасын білмеймін өзіме бір көргеннен-ақ ұнады. Есімі-Сәния
Содан алып бара жатқан ауруым жоқ болса да, ауырдым деп қылжақтап, дәрігер қыздың қасынан шықпаймын. Бірақ, ол еш ашуланбайтын…Жымиып қана отыра беретін. Кісінің көңіліне қаяу түсіру дегенді білмейтін. Көп ұзамай-ақ ол ауыл тұрғындарының сүйіктісіне айналып кетті. Күндер өте келе мені арам ойлар мазалай бастады. Қыздың « сүйген жігітім бар, қазір әскер қатарында» деген сөзі және бар. Қайткен күнде де оны алып қашуға бекіндім. Қысқасы, не керек, «Ойбай,інім ауырып, ауыр халде жатыр. Тезірек бармасақ болмайды»-деп жау шаптырып түн ортасында ағамның ескі «Москвичі мен» жетіп бардым.Ол кішкене сумкасын көтеріп асығыс түрде шыға берді. Сонымен үйге келдік. «Сценарий бойынша» жалаңдап күтіп тұрған жеңгелерім бірден бас салды! Сәния жылап көнбеді .Түн ішіндегі «разборкаға» көрші кемпірлер де қатысты. Сәния жылап, мені шақырды. «Мен сені сүймеймін,жігітім бар деп айттым ғой саған. Мен бәрін де кештім. Сотқа да арызданбаймын. Тек мені үйге апарып таста «-деп жалынды. Мен міз бақпадым. Оның айтқан уәждеріне пысқырып та қарамадым.
-Уай, пәлі, міне жігіт!
-Қыздың жалынғанына құлақ аспау керек! Осылайша көлік ішіндегілер дабырлап Дабылбайды бір қолдап қойды. Бұған мастанған ол тілін жалаң еткізіп бір шығарып алды да, әңгімесін ары қарай жалғай түсті.
-Айқай-шумен таң да атты. Енді салт бойынша қыздың төркініне хабаршы жіберу керек. ( Сәния әлі көнбей жатыр) . Қалың малдың ақшасын қалтасына мұқият салып, семіз қойды алдына өңгеріп Ертас атты туысқанымның жанына інім Баратты қосып, хабаршыға жібердік. Көп ұзамай ағасы мен жеңгесі қуып келді. Біз де сақадай сай әзір отырғанбыз. Ашуланғандарына қарамай жеңіл машинадан қолтықтай түсіріп, барынша бәйек болдық. Ағасы жеңгесінен аса алмайтын сорлы көрінеді.( Қыздың өз әке-шешесі жоқ, осы ағасының қолында тұрған екен) . Жеңгесі қайын сіңлісіне ұрсып, зорлап көндірді. Қолдан келгенше осылайша ағасы мен жеңгесін барынша ырза еттік. Олардан аса алмаған Сәния ақыры менің келіншегім боп шыға келді. Ха-ха-ха…Сүйген жігітім бар дейді, көрсетем әлі сүйгенін .Қыңқылдай берсе басына әңгір таяқ орнатамын, әлі! Ағасы мен жеңгесі қыңқ дей алмайды бізге. Бірақ, оған дейін құдаларды шақыртып алу керек. Сосын көрем бәлем! Білсін, Дабылбайдың кім екенін! Ха-ха-ха…Ол қарқылдай күліп еді, жанындағылар да жамырай күлісті.
-Енді қазір не істеп жүрсің, Дабылбай?-деді сол жерде отырғандардың бірі. Дабылбай қолын бір-ақ сілтеді.
-Не істеуші едім? Бездельникпін. Қатынның айлығы екеуімізге толық жетеді. Оны азырқансаңдар атамның пенсиясы тағы бар. Кароче, мен өлмеймін. Ха-ха-ха… Көлік ішіндегілер қоса жамырай күлісті. Апыр-ай, сонда осы отырғандардың ішінде Дабылбайға мынауың дұрыс емес, ақымақсың сен деген бір жанның табылмағаны ма? Көздерім тағы қарауытып барады. Денем бір ысып, бір суыйды. Безеу басқан беті жалпиып Дабылбай сөйлей беріп еді, шыдай алмай кеттім.
-Өшірші үніңді, опасыз!-дедім қалшылдай. Дабылбай маған сығырая қарады.
-Өй, сен кім едің-ей маған қарсы келетін? Азар түбі мен көрмеген жаңа қайным боларсың. Ха-ха-ха…
…Түсіп қалдым. Жүріп келем. Ақша қар жапалақтап жауып тұр. Айнала аппақ. Алғаш жауған ұлпа қарды көтере алмай ағаштар жаңа түскен келінше иіліп қалыпты. Ақша қар менің жабырқау көңілімді сергіткендей. Бірақ, менің көз алдымнан сүйгеніне қосыла алмай бүгінде пұшайман халді бастан кешіп жүрген дәрігер қыздың аянышты тағдыры кетпей қойды…

Орынтай КӨМЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger