Қазақ халқы төркіндеп келген қызға қандай құрмет көрсеткен?

Просмотров: 6

Төркіндеу – әр қыздың парызы және оның бір-ақ рет төркіндеп баруға хақысы бар. 


Төркін – ұзатылған қыздың туған-туысқаны, өз жұрты. Сөз түбірі «төр» – қазақ ұғымында үйдің ең құрметті орны. Қазақ халқы сыйлы қонақты төріне шығарған. Ал төркіндеу – қыздың ата-анасының, бауырларының үйіне, яғни төркініне арнайы қонақтап бару дәстүрі.
Қазақ салтында ұзатылған қыз өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне баруды ерсі көрген. Араға ұзақ уақыт салып төркінге барудың өзіндік мәні бар. Сәбилі, бала-шағалы болған кезде төркіндеп барамын дегенде қыздың барлық туған-туысы оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын сыйлап, үйіне риза қылып аттандырған.
Қыз төркініне жалғыз келмейді. Күйеубала, сәбиімен, қайынсіңілі-қайныларымен келеді. Осылай сән-салтанатымен келген қызға арнап арнайы той малы сойылып, күйеуге шапан жауып, ат мінгізген.
Төркіндеу қазақтың салт-дәстүрі ғана емес, дінде де маңызды дүние. Әйел қайтыс болғанда жаназасы алдында молда жиналғандардан «Бұл әйел төркіндеді ме?» – деп сұрайды. Бұған марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруге тиіс. Төркіндей алмаса, сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасауы керек. Этнограф Сейіт Кенжахметұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында қалай жасалатынын былай деп жазған.
Туған-туыстары марқұм әйелдің руын, аты-жөнін айтып, «төркіндеп келгенде бергеніміз» деп, ақша тастайды немесе мал атайды. Оны молдалар растап дұға оқиды. Осылайша марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып есептеледі. Олай жасамаса марқұмның туған-туыстарына ауыр парыз болып қалады.

«Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуімен, кішкентай баласымен барып нағашылар қолынан жиенкұрық алып қайтады. Арада жылдар өткеннен кейін кішкентай келін қыз үлкен анаға айналған кезде, өзінің үрім-бұтағын ертіп еліне төркіндеп келеді. Осылайша екі елдің байланысы нығаяды. Төркіндеудің ең басты философиясы – қыз баланың өз елінде қадірлі екенін, қыз қонақ деп, қыздың орны төр деп бағалап, барған жерде де қыздың қадірлі екенін көрсету», – дейді жазушы Камал Әлпейісова.

Төркіндеу – ұзатылған алғашқы жылдан басқа кез келген кезде бір ғана рет атқарылатын әйелдерге ғана тән салт. Бұл әйел төркініне өмірінде бір-ақ рет барады дегенді білдірмейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған