Қазақстан Ұлттық көкпар құрамасы Көшпенділер ойынына дайындық үстінде
Көкпардан Қазақстан Ұлттық құрама командасы Алматы облысы, Жанашар ауылында орналасқан Олимпиадалық дайындық орталығында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап жатыр.
22 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 6 тамызға дейін созылады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен келген 29 көкпаршының арасынан ең үздік 12 спортшы көкпар ойынына, 12-сі көкбөрү спортына іріктеліп алынады.
– Бұл оқу-жаттығу жиыны жігіттерге оңай болып жатқан жоқ. Себебі бұл жай ғана жаттығу емес, іріктеу де болып есептеледі. Еліміздің әр аймағынан келген спортшылардың арасынан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын сәтті қорғау үшін ең үздіктерін таңдауға бар күшімізді саламыз, – дейді көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Ұлттық құрама 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.