«Азия балаларынан» 15 медаль

Просмотров: 62

Қарағанды облысының өкілдері VIII Халықаралық «Азия балалары» спорттық ойындарында лайықты өнер көрсетті. Олар ұлттық құраманың қоржынын 15 медальмен толықтырды.

Жарыс әр төрт жыл сайын өткізіледі және бүкіл Азия континентін қамтиды. Биыл ойындар Якутскіде (Ресей) өтті. Оған 30 елден 16 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. 24 спорт түрінен 39 медаль жиынтығы ойналды.

Қазақстанның намысын 200 жас спортшы қорғады. Оның ішінде қарағандылықтар 15 медаль жеңіп алды. Турнирдің жеңімпазы жас боксшы Тимур Тайбеков. Соңғы рет 2012 жылы осы біріншілікте 15 жасар Абылайхан Жүсіпов алтын медаль алған.

– Бокспен бес жыл айналысып келемін. Мені осы спортқа әкем алып келді, – дейді Тимур. – Ойындағы қарсыластарым өте мықты болды. Бірінші жекпе-жекте мен саха боксшысымен жұдырықтастым, сонымен қатар Беларусь пен Өзбекстаннан келген спортшылармен кездестім. Барлығы өз елінің чемпионы. Ұзақ дайындалдық, дегенмен бәрі бекер болмады. Роман Романчук, Геннадий Головкин және Шугар Рэй Робинсон сынды тұлғалардан үлгі аламын. Менің басты мақсатым – кәсіби бокста даму.

Желаяқ Юлия Демкина үш марапатқа ие болды. Қарағандылық жеңіл атлеттер құрмет тұғырына он рет көтерілді.

Өңір спортшылары дзюдо, альпинизм, үстел теннисі және шахмат жүлдегері атанды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған