БҚО-да қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды

Просмотров: 16

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды. Инновациялық нысанның ашылуы Республика күні қарсаңында өтті.

Нысанның ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Бөрлі ауданы әкімінің м.а. Алтай Тукжанов, БҚО экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев, КПО б.в. компаниясының өкілдері және осы жобаның негізін қалаушы, Merlion Development Group компаниясының басшысы Динар Хамиев қатысты.

БҚО-да қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды

Сондай-ақ, кешен басшылығы, «Merlion Development Group» компаниясының өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Лента кесу дәстүрінен кейін меймандар кешенге экскурсия жүргізді.

«Біздің компания қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) жою жөніндегі жобаны іске асыруда. Кешен қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған инсинераторды, материалдардың әртүрлі түрлерін қайта өңдеуге арналған сұрыптау желісін, макулатураға арналған престерді және ПЭТ-пластикалық бөтелкелерді, сондай-ақ ағаш қалдықтарын қайта өңдеуге арналған құрылғыларды қоса алғанда заманауи жабдықтармен жабдықталған», – деп атап өтті «Merlion Development Group»ЖШС.

БҚО-да қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды

Айта кету керек, қоқыс сұрыптау кешені құрылыс қалдықтарын, тозған арнайы киімдерді, жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ), ағаш қалдықтарын қайта өңдеуге, сондай-ақ картон мен макулатураны, ПЭТ-ыдыстарды, алюминий бактарын, төмен және жоғары қысымды полиэтиленді, пластик пен канистрлерді сұрыптауға арналған.

«Merlion Development Group» ЖШС БҚО үшін тағы бір бірегей жобаны іске асыруда. Итальяндық PetrolValves S. p. a компаниясымен бірлесіп, компания мұнай-газ және энергетика салаларында қолданылатын жоғары технологиялық бекіту арматурасы мен клапандарын өндірумен айналысады. Өткен жылы аталған кәсіпорынға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, өз бақылауына алған болатын.

«40 мың тұрғыны бар Ақсай қаласында негізінен инновациялық нысандар орналасқан. Бұл жоба – солардың бірі де, бірегейі. Жобаның инвестиция көлемі 800 млн. теңгені құрады. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 5000 тонна қалдықты құрайды. Сонымен қатар, 12 жұмыс орны ашылды. Әлемдік тәжірибеде қоқыстарды сұрыптау қоршаған ортаны қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп пен бизнес үшін де маңызы зор. Қалдықтардың шамамен үштен екісі қайта өңделеді, өйткені өндірушілерге олардан шикізат алу арзанырақ және тиімдірек. Биыл елімізде халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы саланы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі әзірленді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 3% сыйақы мөлшерлемесімен және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзіммен қаржыландыру көзделген. Жобаларға 3 жылға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Осы бағдарламаның көмегімен кешеннің жұмысын кеңейте түсу қажет», – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған