Бөтен адам

Түс мезгілі еді. Немересін айналып-толғанып жүрген Айсара астың қамымен асүйде жүрген. Кенет есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Өзінен бұрын сыртқы есікті ашуға Ақаны жүгіріп барыпты. Ас үйден шыққан Айсара ашық тұрған есіктен көзі шүңірейіп, немересіне тесіле қарап тұрған әлдекімді көріп, жүрегі зырқ ете түсті.
Әлгі адамға аң-таң болып қарап қалған немересін дереу қолынан ұстай алған ол: -Сен мұнда не жоғалттың? Менің үйіме келуге дәтің қалай барды? Кет, бұл жерден! — деп ашу шақыра сөйледі.
-Немене ,немеремді көруге де болмай ма? Мен оның атасымын ғой,-деген еркек үйге өңмеңдей кірмек болды. Сол кезде апасының ашу шақырып тұрғанын білген тілі тәтті немересі «Апа, ол бөтен адам ба? Оны қуып жібереміз бе?» — деп бетіне жаутаңдай қарады.
Тұла бойын ашу-ыза кернеген Айсара: «Иә, ол – бөтен адам. Ол бұл үйге кіре алмайды» деп есікті тарс жапты да іштен кілттеп қойды.
Немересі сол «бөтен адамның» өзінің туған атасы екенін қайдан білсін? Бұдан он жыл бұрын Айсарамен біржола ат-құйрығын кесісіп, бала-шағасынан теріс айналып кеткен ол бұларға бөтен болмағанда кім болмақ..?
Ойламаған жерден есік қаққан «бөтен адам» Айсараның өткен өмірін еске түсірткізді.
Берікпен алғаш танысқанда Айсара институттың соңғы курсында оқитын. Облыс орталығына іс-тәжірибиеден өтуге келген ол, әпкесінің жатақханасына орналасқан. Ол кезде жасы отыздан асқан әпкесі әлі тұрмыс құрмаған болатын. Арада апта өтпей Айман әпкесі қаланың шетіндегі сауықтыру мекемесіне жолдама алды да, бұл да сонымен бірге жататын болды. Жастар жүрген жер қызық емес пе? Күнде кешкісін магнитофонын көтеріп, 2-ші қабатқа шығатын олар би билеп, көңіл көтеретін. Бір күні әпкесі, құрбы қызы Майра үшеуі бөлмеде отыр еді, бір жігіт есік қақты. Есікті ашқан әпкесі Айман: «Кел, кел, кімді іздеп жүрсің?» — деді. «Ешкімді іздеп жүрген жоқпын. Сіздерді биге шақыра келдім. Менің анау қызбен билегім келеді» — деп Айсараны көрсетті.
Басы ауырып, мазасы қашып отырған Айсара жігітке назар да салмады, биге де шыққысы келмеді. Бірақ, Айман мен Майра «Әжептеуір жігіт сияқты ғой. Танысып, билеп қайтсай» деп қолқалаған соң фойеге шыққан. Бұлар келгенде әлгі жігіт бір қызбен вальс билеп жүр екен. Би аяқтала салысымен, Айсараның қасына келіп танысқысы келетінін білдірді. Жігітті аса ұнатып тұрмаса да, ол есімін айтып, келесі бір биді екеуі бірге биледі. Осы күннен
бастап Берік Айсараның жанынан шықпайтын болды. Тамақ ішуге барса да, далаға серуендеуге шықса да, алдынан сопаң етіп Берік шыға келеді. Кешке биге шақырады. Содан кейін өзінің балалық шағын, анасынан жастай жетім қалғанын, үш жыл бұрын үлкен ағасы мен әкесінің бірінен соң бірінің қайтыс болғанын айтып мұңаяды. Әсершіл, жұртқа жаны ашығыш Айсара күн өткен сайын Берікті аяп, қамқор көңілмен қарай бастады. Оның өзін жақсы көріп қалғанын біліп, көп ойланды. Күн сайын өзінің бақытсыз өмірін айтатын жігітке жаны ашығаны соншалық, оған әлемнің бар жақсылығын сыйлағысы келеді. Ал Берікке керегі – Айсараның махаббаты еді. Жігітті шын сүймесе де Айсараның жүрегінде оған деген аяушылық сезімі оянды. Шалбарының тізесі тозғанынан күн көрініп, красовкасы жырым-жырым болып жүретін,көңілі жетім Берікті кеудесінен кері итере алмады.
Осылайша бір ай да зымырап өте шығып, Айсара оқуына қайтып кетті. Берік вокзалда оны қимастықпен шығарып салды. Екеуі жаңа жылға дейін хат жазысып тұрды. Айсараның жүрегінде лапылдаған махаббат жалыны жоқ, өзін сүйген жігітті тек аяу ғана бар. Бірақ, оған тұрмысқа шығамын-ау деп ойламапты. Сөйтсе, аға-жеңгелерімен ақылдасқан Берік Айсараны алып қашудың жоспарын құрып қойған екен.
Көктемде ауылына келген Айсараны ол бір вечерге шақырып, алып қашты. Тағдырдың жазғаны осы шығар, үйімде мені де маңдайымнан сипайтын анам жоқ қой, енді екі жарты бір бүтін болып өмір сүруге тырысайық деп ойлаған Айсара сол босағада қалып еді.
Күндер өте Айсара бұл отбасында өзін-өзі жалғыз сезіне бастады. Ауылдан ұзап шықпаған, білім іздеп басын қатырмаған жандардың ой-өрісі мүлде басқаша еді. Оның үстіне қайныларының өздері айтқан қызға емес,Айсараға үйленгенін жеңгелері аса жақтыра қоймады. Жоқшылықтан ыңыршағы айналған үйде Айсара жүдеп, жадап кетті. Бір жылдың ішінде қайыстай болып қалған оны көргендер «Ойпырмай саған не болған? Түскен кезде аппақ, топ-томпақ,әдемі едің ғой» деп танымай қалатын.
Тұңғышы дүниеге келгенде ашқұрсақ Айсараның қаны мүлдем азайып кетті. Перзентханадан келгенде күйеуінің бір тауық сойып бергеннен басқаға шамасы келмеді. Сүтке жарымаған бала түні бойы шырылдап жылап шығады. Кейде оны көтеріп жүрген Айсара көзі қарауытып құлап та қалатын. Қызының осындай халін әкесі сезді ме, көп өтпей бір қойын сойып, әпкесінен беріп жіберіпті. Сол қойдың еті мен сорпасы Айсарының есінен әлі кетпейді. Сол ет болмағанда ішегі жабысып, көтерем болып жатып қалатын еді.-ау…
Тұңғышы бір жасқа толғанда Берік пен Айсара қалаға қоныс аударды. Алғаш келгенде екеуінің қу сүйек арықтығына туыстары қайран қалып, кекете күлетін. «Сен екеуің осы түрлеріңмен суретке бір түсіп қойыңдаршы, кейін керек болады» дейтін олар.
Көп уақыт өтпей-ақ екеуіне де шыр біте бастады. Тапқан ақшаларына дұрыстап тамақ ішіп, киінетін болды. Бұлардың ел қатарына қосылған уақыты базарға шығып сауда істеуден басталды. Алла берекесін беріп, айналдырған екі-үш жылдың ішінде біреуден 15 мың теңге қарыз алып бастаған саудасы 15 000 долларға жетіп, олардың жағдайлары күннен-күнге жақсара түсті. Қарыз сұраушылар да көбейді. Үйлерін жөндеуден өткізіп, дүние-мүлігін жаңартып, той жасап, алға ұмтыла бастаған екеуін Беріктің аға-жеңгелері ұната қоймады. Айсара ағайынның бар болса көре алмайтынын,жоқ болса бере алмайтынын осы жолы көрді. Оларға «жоқ қой, енді не істеймін?» деп жерге қарап отыратын Беріктің шаруасын дөңгелетіп бара жатқаны, өздерінен озғаны маза бермеді. Әсіресе үлкен жеңгесі мен ортаншы жеңгесі Берік пен Айсараның ішкен-жегенін, кигенін аңдып, сөз етумен болды. Олардың сөзінен қорыққан Берік үйіне ешқандай жаңа зат алғысы келмейтін. Себебі үлкен ағасы үйіне келсе: «мынаны неге алдыңдар? Үйіңе дүние алғанша маған неге бермейсіңдер? Машинамды жөндететін едім ғой,» деп ызыңдайтын. Ал абысындары Айсараның жүрген-тұрғанын көре алмай, өсектеп ,үсті-үстіне дуа жасатумен болды. Соңғы уақытта Айсара тек өлгісі келетін.Тек балаларын қимай жылайтын. Желкесі тартып орнынан тұра алмай жатып қалғанында, мықты емшіге барып оқытылып, беті зорға бері қараған.
Соңғы кездері Берік те қатты өзгере бастады. Әсіресе машина алғалы үйінде көп отырғысы келмей, үнемі сыртта жүретін. Базарды қойып «таксовать» етіп ақша таба бастаған. Бірақ, ол үйіне қайтуға асықпайтын. Көбіне түннің бір уағында, кейде таң ата бір-ақ келетін. Таң атқанша қайда болдың деген сұраққа «адам тасыдым» деп Айсараны алдайтын. Басқа қаладан ай сайын түсіп тұратын ақшасын казино ойнауға, картаға сала бастаған. Берікті жақсы адамдармен араластырып, тұрақты жұмыс тауып бермек болған Айсараның іс-әрекеті тығырыққа тіреле берді. Себебі Берік мұндайда шалқайып «Сен тауып берген жұмысты істемеймін .Кім ол, бізге жаны ашып жүрген?Аулақ жүрсін. Өзім білгеніммен жүремін » деуші еді. Айсараның сөзін құлаққа ілмеген Берік өзіне басқа достар тауып,солардың дегенімен жүретін болды. Ауылға барса ,Айсараны жамандаған туыстарының сөзіне сеніп, жиі ұрыс шығаратын. Осыдан кейін Берік пен Айсараның арасы тым суып бара жатты. Өз үйінен өзі безген Берік әйелін кей күндері «сен шайтанға ұқсайсың» деп кеудесінен кері итеріп жіберетін. Ішіп алғанда Айсараны жұдырықтың астына алып «үй – менікі, кет» деп аямай соғатын.
Осындай сүреңсіз күндер Айсараны мезі ете бастады. Алға басқан қадамы кері кетіп, өзін бір мүсәпір, қорғансыз жандай сезініп, күйініштен жылайтын. Ақыры қатты ашу қысып,Беріктен түңілген күні ол төркініне балаларын алып,кетіп қалған еді. Соны күтіп жүргендей, арада көп өтпей-ақ Берік басқа бір қызға үйленіп алды.
Отырып қалған кәрі қыз Берік бала-шағасын аңсап кетіп қалмасын деді ме, әйтеуір жылма -жыл туып тастады. Ал Айсара мектеп жасындағы екі ұлымен, бір қызымен пәтер жалдап тұрды. Айласын асырған Берік үйді де, басқа мүліктерді де бұған білдірмей басқа біреудің атына аударып қойған екен.
Сот кезінде басында баспанасы жоқ, қалтасында көк тиыны жоқ мүсәпір біреу болып шыға келді. Оның бетіне түкірген Айсара: «Құдай сендей арам адамға күнімді қаратпасын. Үйің де,көктиының да өзіңе! Сенен алимент те алмаймын» деп кесіп айтты.
Шынында да ол Беріктен алимент талап етпеді. «Ақымақсың ба? Оны тайраңдатпай неге алимент талап етпейсің?» дегендерге бұл «Қайтесіңдер? Ол бейшара жетісіп жүрген жоқ қой. Одан алимент алсам, әйелі жетіспеген соң ұрыс-керіс шығарып, жүндей түтер» деп аяушылық білдіретін. Шынында да ит те болса балаларымның әкесі ғой, көшеде ішіп-құлап жүргенше үйленгені де жақсы болды. Қарайтын әйелі бар деуші еді. Ойлап қараса, бұл Берікті әлі күнге аяйды екен. Қанша рет қиналып Алладан мың мәрте көмек сұраса да, Беріктен ешқашан ештеңе сұрамапты. Өзінен туған балаларына он жылда бір нәрсе бөліп беруге жарамаған,үйін де бөліспеген ол енді немересін бауырына басқысы келіп қалыпты…
…Өз ойымен өзі әуре болып отырған Айсараның көз алдына көзі шүңірейіп, жағы суалып кеткен Беріктің бейнесі қайта елестеді.
«Бейшара-ай, қатты жүдеп кетіпті-ау, жағдайы болмай жүрген шығар. Бір жері ауыра ма екен?» деп тағы да оны іштей аяп, мүсіркей бастады. Неге екені белгісіз Айсара әлі күнге Берікті аяйды. Ең алғаш танысқанда пайда болған аяушылық сезімі жүрегінде әлі өшпегендей.
Осы Айсараның мінезі қызық. Заты әйел болса да көп әйелдерге ұқсай бермейді. Майда әңгіме айту, біреуді жамандау мұның әдетінде жоқ. Барды бар деп, жоқты жоқ деп кесіп айтады. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Екі сөйлейтін еркектерді жақтыра бермейді. Сондықтан болар, сөзінде тұрағы жоқ көп еркектер Айсараның алдында тайсақтап тұрады.
Берік пен екеуінің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты отбасын қүұрған соң бір-ақ білді. Бұл көкке, ол жерге тартатын сабаздың өзі екен. Қанша алға сүйресе де кежегесі кейін тартып кейін шегінетін. Сөзге ергіш, белі бос болған соң отбасын ойран еткен дұшпанының алыстан емес, жанынан келгенін тіптен сезбеді. Айсара оның әлдеқашан өзі үшін жат болып кеткенін біледі. Кезінде әке мейірімін көрсете алмаған ол қазір балалары үшін де бөтен адам сияқты. Немересінің аузынан шыққан осы бір сөз шын мәнісінде ақиқат.
Өткен өмір жүрегін сыздатқан Айсара ауыр күрсінді. Ол неге келді екен? Өзінің бізге бөтен екенін әлі де сезбей ме? Ол — бөтен ғой…
Кешке жұмыстан келген әке-шешесіне немересі бүгін үйге бір «бөтен адамның» келгенін айтты.
— Үйге кім келді мама?Ақан кімді «бөтен адам «деп отыр ? – деген ұлы мен келінінің сауалына Айсара жауап бергісі келмей, жанарына келген жасты сүрте берді…

Advertisment ad adsense adlogger