Өңдеу өнеркәсібі – ел экономикасының өзегі

Просмотров: 11

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі ерекше аталды. Бұл кездейсоқ емес. Себебі, экономиканың нақты секторын күшейтпейінше, елдің тұрақты дамуы мен жаңа сапалық серпіні мүмкін емес.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы шикізат экспортына тәуелді болды. Бұл модель әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығына елді тәуелді етті. Ал өңдеу өнеркәсібін дамыту – қосымша құнды өнім шығарып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жолы. Президент осы саланы жаңа индустриялық саясаттың өзегіне айналдыру керектігін атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтерудің негізгі құралы – цифрландыру, жасанды интеллект және автоматтандыру. Бұл бір жағынан еңбек өнімділігін арттырса, екінші жағынан, шығындарды азайтып, сапаны жақсартады. Мәселен, интеллектуалды өндіріс желілері немесе «ақылды зауыттар» әлемдік трендке айналып отыр. Қазақстан осы бағыттан қалыспауы тиіс.
Президент өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың маңызын атап өтті. Алайда тек қаржы жеткіліксіз. Ең бастысы – кәсіби мамандар. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беруді өндіріспен байланыстырып, жаңа буын инженерлер мен технологтарды даярлау – уақыт талабы. Бұл ретте кәсіптік колледждер мен университеттердің рөлі айрықша.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуда әр өңірдің ерекшелігін ескеру қажет. Мәселен, Қарағанды облысында металлургия мен машина жасау дамыса, Жамбылда химия өндірісі, Маңғыстауда мұнай-химия кластері құрылуы мүмкін. Бұл өңірлік экономикаға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Президенттің Жолдауында айтылғандай, Қазақстан шикізаттық тәуелділіктен арылып, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды басты басымдық етуге тиіс. Бұл – экономиканы әртараптандырудың, жаңа технологияларды игерудің, ұлттық кадрларды қалыптастырудың және ең бастысы – халықтың әл-ауқатын арттырудың сенімді жолы.

Әлішер Жақыпбеков,
“Qarmet” АҚ Этномәдени бірлестігінің төрағасы, комбинат ардагері

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған