Дидар Төребеков: ашықтық пен жауапкершілік – қоғам сенімінің негізі
Теміртау қаласының бокс жаттықтырушысы, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Дидар Маратұлы Төребеков жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдің одан әрі дамуына бағытталған маңызды қадам.
«Жаңа Конституция жобасы елдің дамуы үшін маңызды қадам деп есептеймін. Әсіресе қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған нормалардың енгізілуі өзекті», – деді ол.
Спорт саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Дидар Төребеков тәртіп пен әділдіктің маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, спортта да, қоғамда да нақты ережелер мен ашықтық әділ бәсекенің қалыптасуына негіз болады.
«Спортта бәрі түсінікті әрі ашық болғанда ғана әділ бәсеке қалыптасады. Сол сияқты мемлекет басқару жүйесінде де ашықтық пен жауапкершілік қоғамдағы сенімді арттырады», – дейді жаттықтырушы.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне, елдің тұрақты дамуына және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
«Сондықтан жаңа Конституция жобасын қолдаймын», – деп қорытындылады Дидар Маратұлы Төребеков.

