Әділдік жолындағы азамат
Қарағанды облыстық Әуезов кітапханасында «90 жылдыққа 90 кездесу» аясында «Әділдік жолындағы азамат» атты ҚР ІІМ-нің құрметті қызметкері, оставкадағы полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Ахмедияұлы Қызыловпен кездесу өтті.
Тағылымды кездесуге қала жұртшылығы, полиция ардагерлері, курсанттар мен студенттер қатысты. Біріншіден, ол қоғам қайраткері, еліміздегі күрделі сала – ішкі істер органдарының кемшін тұсын бүтіндеуге барынша ат салысып жүрген азамат.
Екіншіден, білікті заңгер, оның бастауымен талай заңдарға өзгерістер жасалып, қолданысқа енгізілді. Үшіншіден, жақсы полицей рухани құндылыққа жақын болуы керек деген қағида бар. Мирлан Ахмедияұлы соны іспен дәлелдеп жүрген бірегей тұлға.
Ол кезінде Ішкі істер министрлігін қаншама жыл басқарып, реформалар жүргізіп, еліміздің білім ошақтарының деңгейі мен абыройын биіктету жолында бар күш-жігерін аямай еңбек сіңірген ерен тұлға, Қарағандыдан ішкі істер жоғары мектебін, Алматыдан оқу орталығын ашып, ол арқылы Қазақcтан қалды бүкіл Орта Азия көлемінде Қазақстанның ішкі істер органдарының абыройын асқақтатып, аспандатқан – Ішкі істер министрі Шырықбек Қабылбаев туралы «Министр Қабылбаев» атты кітапты белгілі қаламгер Дәулет Сейсенұлымен бірге жазған автордың бірі.
Мирлан Қызылов туралы белгілі журналист, ақпарат саласының үздігі Нәзира Жәрімбеттің былай деп жазғаны бар: «Мирлан Қызыловтың қалыптасу жылдарынан кейінгі елеулі еңбегі ҚР ІІМ Қостанай академиясын басқаруға келген жылдарынан көруге болады. еді. Ол әрдайым «алдымен – адам, сосын – маман», «жақсы адам ғана жақсы маман болады» деген ұстанымды негізге алды. Оқу орнына Шырақбек Қабылбаевтың құжаттары, кітапханасы, жеке қолданған заттарын әкеліп, оған арналған музей жасақталды. Курсанттар жыл сайын Шырақбек Қабылбаевқа арналған конференциялар, кештер өткізеді. Онда жастар Шырақбек атасының құқық қорғау саласында атқарған керемет істерін ортаға салады, қазақтың өткен ғасырдағы ірілерінің соңынан ерген арда ұлдың ғибратты өмірі туралы айтылады. Академияда өтіп жататын осындай тәрбиелік маңызы зор, тағылымды жұмыстар арқылы жас ұрпақ Шырақбек Қабылбаевты жете тани бастады…«Ұлттық идеология дегеніміз осыдан басталады. Халқымыздың биік тұлғаларын бүгінгі ұрпақ жақсы білуі керек. Олардың салып кеткен ізін де, ісін де жалғастырсақ ғана жастардың бойында елге, жерге деген патриоттық сезімді тәрбиелей аламыз. Ал ол елдің іргесін, тәуелсіздіктің тұғырын мықтайтын басты қаруымыз болмақ, – дейді Мирлан Ахмедияұлы. Бұл генерал М.Қызыловтың шынайы бейнесінің бір тұсы ғана. Мирлан Ахмедияұлы ердің жасы елудің қақ ортасына келді. Тәуелсіздік тұғырын нықтауға қандай қиындықтан да бас тартпайтын, ел үшін қызмет ететін жаста. Сымдай тартылған жігіт ағасы бәйгесін күтіп, тұяғымен жер тарпыған арғымақтай, нағыз бабында – білімді, білікті, ең бастысы құқық қорғау саласында жинаған бай тәжірибесі бар». Бұл сөздер Мирлан Қызыловқа шынайы берілген баға.
Кездесу барысында онымен көп жылдар бойы қызметтес болған, ілтипатты қарым-қатынастың іргесін ажыратпаған ішкі істер органдарының ардагерлері, отставкадағы полковник Ізбасхан Нысанқұлов, белгілі тарихшы Темірғали Аршабеков генерал туралы өз ойларын ортаға салса, генералдың ұлы Абылай күймен әспеттеп, белгілі күміс көмей әнші Ержан Базарбеков Сәкеннің «Тау ішінде» әнімен кештің ажарын кіргізді. Қатысушылар айтулы азаматпен кездесуден үлкен әсер алды. Әуезов атындағы кітапхана ұжымына айтар алғысымыз бен ризашылығымыз шексіз.
Елеужан СЕРІМОВ