«Древный Рим» ісі бойынша сот үкімі шықты

Қарағандыда «Древный Рим» ісіне қатысты шулы сот процесі аяқталды. Қоғамда шу тудырып, түрлі дау-дамайлар мен арандатуларға себеп болған іс қалай тергелді? Төбелес қатысушыларына қандай үкім шығарылды?

Жаңа жыл кешінде кеншілер шаһарындағы «Древный Рим» мейрамханасында бір топ азамат жанжалдасып, соңы кісі өліміне ұласты. Достарының намысын қорғап, төбелеске барған Рақымжан Жансейіт есімді азаматтың өмірі қыршынынан қиылды. Ауыр қаза. Жас жігіттің өлімі қоғамда қызу талқыланып, түрлі дау-дамайға себеп болған еді. Бұрышта тұрып тас ататын арандатушылар да бұл сәтті қалт жібермеді. Әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздыратын арандатушы материалдар жауын күнгі саңырауқұлақтай өршіп шыға келді. Соның кесірінен біраз келеңсіздіктер де орын алды. Құзырлы органдар сол кезде қалың көпшілікті тыныштандырып, істің барынша әділ тергелетінін және қолын қанға малған жандардың жазадан құтылып кетпейтінін айтқан болатын. Расымен де, бұл оқиға ұлтаралық араздықтан емес тұрмыстық жанжалдан бастау алған болатын. Бұған айыпталушылар орындығында бірнеше ұлт өкілдерінің отырғаны дәлел бола алады.
Хош, сонымен құзырлы органдар істің ақ-қарасын анықтауға жылға жуық уақыт жұмсады. Қанды оқиға орын алған түннің картинасы жасалып, күдіктілердің іске қаншалықты қатысы бары нақтыланды. Сыртқы бақылау камерасы түсірген видео зерделеніп, куәгерлер мен күдіктілердің жауаптары сараланды. Нәтижесінде төбелестің қалай басталғаны және Рақыжман Жансейітті кімнің пышақтағаны анықталды.
Сот процесі ашық өтті. Оған осы іске алаңдаушылық танытқан жандар тыңдаушы ретінде қатысу мүмкіндігін иеленді.

Сот үкімі бойынша Нурулу Юсиф айыпты деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, өзге сотталушылар да бұзақылық жасады деп айыпталды. Жәбірленуші тараптың кешірімін иеленген және материалдық шығындарын өтеген Сохак Малхасиян мен Армен Хачатрян қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал, Торгома Малхасян, Хачатур Оганнисян, Жасур Пиров, Каир Надырбеков, Давид Галкин және Васиф Нурулу бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сот айыпталушы Илья Щорук, Игран Степанян, Арман Оганнисян және Болат Жумамратовты 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Advertisment ad adsense adlogger