Дыбысы ерекше аспаптар
Симфониялық, халық аспаптар оркестрлерінің әр аспабын композицияның алғашқы ноталарынан-ақ тануға болады. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйін тыңдағанда мың құбылатын дыбыстар шеруінен шаңқобыз, қобыз, виолончель, домбыра сынды құлаққа үйреншікті аспаптарды бірден ажырата аласыз. Ал мына аспаптардың құрылысын көрмей өзге аспаппен шатастырып алуыңыз мүмкін.
Терменвокс
Терменвокс – лирика мен физиканың үндесуінен жасалған аспап. Оның жасалуы кездейсоқ орын алған. Аспап тұрақты газдардың диэлектрлі өлшемін жасау кезінде пайда болған. Алғашқы прототипін орыс ғалымы Лев Термен 1918 жылы жасаған. Аспаптың атауы ғалымның атына байланысты екенін байқаған боларсыз.
Термен құрылғысында металл пластиналар арасындағы газ генератордағы электр тербелістерге әсер еткен. Оның дыбысы естілу үшін құрылғы өте сезімтал болуы тиіс. Лев Термен екі генераторды біріктірген. Бірінен айналмалы тербелістер тараса, екіншісінен тұрақты тербелістер тараған. Генератордан сигналдар катод релеге жіберіліп отырған. Құрылғының өте сезімтал болғаны сонша, ол тіпті қолдың қимылына да жауап қайтарған. Музыкаға қызығып кеткен Термен өз өнертабысын аспапқа айналдырып жіберді. Басында ол оны “этертон” (ауадағы әуен) деп атаған.
Омникорд
1981 жылы Suzuki Musical Instrument Corporation компаниясы ойнауға өте жеңіл, омникорд электр аспабын шығарды. Ойнау үшін аккорд батырмасын басып тұрып, сенсор пластинаны гитарада ойнағандай қолмен не медиатормен жанасу керек. Омникордта алдын-ала дайындалған ырғақтар бар. Оларды жеке ойнауға немесе бір-бірінің дыбыс элементтерін араластыруға болады.
Омникорд Suzuki ойлағандай көп тарап кетпеді. Бірақ аспаптың ерекше дыбыстардан тұратын аккордтарының жаңартылған нұсқасы ретінде Q-chord аспабы әлі күнге дейін жасалып келеді.
Ханг
Ханг – дыбысы өте жағымды, ерекше аспаптың бірі. Бірақ ол өндірісте жоқ, сондықтан хангты табу қиынның қиыны. Бұл аспапты 2000 жылы швейцариялық инженерлер Феликс Ронер мен Сабина Шерер жасаған.