Ел өміріндегі маңызды өзгерістерді кеңінен талқылады

Просмотров: 9

Қаламызда жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгін қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері Qarmet Service қызметкерлерімен жүздесіп, ел өміріндегі маңызды өзгерістерді кеңінен талқылады.

Кездесу барысында Жаңа Конституцияның негізгі ережелері, мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтары, адам құқықтарын қорғау тетіктері және өңірлерді қолдау мен дамыту мәселелері сөз болды. Қатысушыларға ұсынылып отырған түзетулердің құқықтық жүйені жаңғыртуға, басқару институттарының тиімділігін арттыруға және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталғаны жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен қатар 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызына ерекше тоқталып, бұл тарихи сәтте әр азаматтың саналы таңдауы ел болашағына әсер ететін маңызды шешім екені атап өтілді. Реформалардың түпкі мақсаты – әділ қоғамдық келісімді қалыптастыру, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың нақты кепілдіктерін күшейту екені айтылды.

Жүздесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, еңбек ұжымы көкейіндегі сұрақтарын қойып, өз ұстанымдарын білдірді. Мұндай кездесулер қоғам мен еңбек ұжымдары арасында сенімді диалог орнатуға және реформалардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған