Енем бізді де үйден қуып шықты…

Ата-анам қарапайым жандар. Ағаларым бірінен кейін бірі үйленіп, жеңгелерім үй шаруасын дөңгелетіп әкетсе де, анам қыз баласы атқаруы тиіс бар шаруаны үйретуден жалыққан емес.

«Кейін тұрмысқа шыққаныңда қандай ата-ана тәрбиелеген?» деп бізге сөз келтірме. Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы» деп нан жабуды, қамыр жаюдың бәрін үйретті. Әліге дейін анамның көрегендігіне алғыс айтамын. Мектеп бітірген соң қаладағы ағамның қолына келдім. Оқуға түсу үшін. Бірақ жолым болмады, ақырында шаштараздық курсты бітіріп жұмысқа тұрдым. Ойым келесі жылы оқуға түсу. Бірақ бұл арманым орындалмады. Көршінің үйіне келіп жүрген Айбек есімді жігіт мені сыртымнан сұрастырып жүреді екен. Қаланың қақсал тәртіптерінен ада мені бір періште санаса керек. Танысып, біліскен соң арада алты ай өткенде ол мені алып қашып кетті. Тұрмысқа шық десе әрине менің көнбейтінімді білген соң осылай жасауға мәжбүр болдым дейді. Айбек үйінің бір түйір баласы, одан бөлек екі қайынәпкем, екі қайынсіңлім бар. Алғашында адуын енемнің сұсынан қатты қорқатынмын. Бұл да біреудің үкілеп өсірген баласы ғой деген жоқ, жекіп сөйлеп, ақырып отыратын. Балам деп бауырына басса мен де ақымақ емеспін деп соған сай жауап берер ем. Бірақ мен ойлағандай болмады. «Ауылбайка» деп қайынсіңлілерім түртпектейтінді шығарды. Енемдікі аз еді, енді мыналар қосылды оған. Қалалық болғандағы артықшылықтары темекі шегіп, сыра сасып, түнгі клубтардан шықпайтындықтары ма? Жыным ұстаса да әрине оны айта алмаймын. Келіндік жөнімді білейін деп үндемегенімді жуас деп ойласа керек, енді жабылып жүндеуге көшті. Құрысын деп үндемей құтылатынмын. Ерім деп етегінен ұстап еріп келген соң Айбектің көңіліне кірбің түсірмейін деп бәріне төздім. Үй тірлігін тап тұйнақтай етіп бітірген соң, тамақ пісіремін. Бірақ сонда да жақпай-ақ қойдым. Кейбір құрбыларым тұрмысқа шыққанда бәрін енем үйретті деп айтып отыратын. Ал менікі үйретпек түгілі анамнан үйренгендерімді жасаған күннің өзінде де ілік тауып алады. Енем бұрын кішігірім кәсіпорында есепші болып істеген екен. Әбден ақша ұстап, шайқатылып өмір сүріп үйреніп қалған. Содан бертінде банктер жаппай несие бере бастағанда өз кәсібін тастап, «делдалдыққа» кіріскен. Яғни, адамдарды алдап арзан несие әперемін деп соның атынан несие алып, оған аз ғана бөлігін беріп, лақтырып кетіп отырған. Оны кейіннен білдім. Одан басқа да жұмысқа тұрғызып беремін, үй алып беремін деп талай адамның ақшасын алып сазға отырғызып кетіпті. Арада бір жылдай уақыт өткенде есігіміздің алды адамнан құрғамайтын болды. Ақшасын даулап келген жұрт күндіз-түні қақпаны ұрып тұратын. Үйіміздің айналасы биік қоршау. Есік үнемі құлыптаулы. Маған есікті аш та, «енем үйде жоқ» деп айт дейтін. Өтірік айтпайын десем де амал жоқ енемнің бұйрығын орындауға мәжбүр болдым. Бір күні орта жастан асқан әйел үйдің алдында таң атқаннан кешке дейін отырды. Қоқыс төгейін деп шыққанымда аптап ыстықта күннің астында әлі отыр екен. Шақырып алып енемнің істегендерін айтып еңірегенде етегі жасқа толды. Енемнің барлық «қылмыстық операцияларын» жіпке тізіп айтып бергенде жағамды ұстадым. Бұл кісіден «қызыңды оқуға түсіріп беремін» деп екі мың доллар алыпты. Екі жыл өткенше үмітін үзбеген екен, енді алаяқ екенін біліп ұстай алмай жүргенін айтып жылады. Мен не дейін? Мына сұмдықты есітіп есім шықты. Кешке Айбек келген соң айтып беріп ем, ашуланған ол анасымен сөзге келіп қалды. «Енді балам екеумізді шағыстыруға көштің бе?» деп енем мені жерден алып, жерге салды. Бір уақытта тентексұр қайынсіңлім «бұл ауылбайды құрту керек, қатын болып жарытпайды» деп басымдағы орамалды жұлып алып, мені ұрып тастамаққа ниеттенді. Айбек арашаламағанда сол жерде мені бәрі жабылып ұратын түрі бар еді. Сол күні түнімен жылап шықтым. Маған бұдан кейін күн көрсетпесі анық еді. Ертесіне ертемен тұрып жиналып кетіп қалдым. Айбекті қимаймын әрине, бірақ енді бірге тұру мүмкін емес-ті. Болған жайды анама жайып салдым. Салқын ақылына салған анам, «балам сен оның шешесімен бірге тұрмайсың ғой, күйеуің үшін бәріне төзу керек еді, енеңнің тілін таппадың ба?» деді. Қайдағы… Осы уақытқа дейін көрген қорлықтарымның көбісін ішімде бүгіп қалдым. Ертесіне Айбек келді. Анамнан кешірім сұрады. Мен ол үйге қайтып бармайтынымды айттым. Айбек онда бөлек тұрамыз деп мені алып кетті. Пәтер жалдап тұрып жаттық. Енем бұл жаққа да келіп менің шаңымды қағып кеткен. «Баламды дуалап алдың» дегенге дейін барды. Бірақ өзінің кінәсін мойындар ма? Баламды босанғанда да қуанышымызды бөлісуге жарамады. Айбекке жаным да ашиды. «Мен үшін анаңмен ұрыспашы, қаласаң өзің қайтып бар» деймін. Бірақ ол бұл сөзімді құлағына ілмейді. Төбелескіш қайынсіңлім де күйеуге тиіп шықты. Бүгінде бір баласымен енемнің қолында. Қайынжұртына да мені ұрғандай өнерін көрсетсе керек. Басына шығарып басындырып қоятын адамдар емес қой, әкеп тастапты. Ана мен бала арасындағы дауға өзімді себепші болғандай сезінем. Бірақ енем де бір сәт өз қателігін мойындап сабасына түссе бірге тұрар едік қой…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger