Франция электр қуатының 75 пайызын АЭС-тен алады

Просмотров: 25

Еуро Одақта энергияның төрттен бір бөлігі Атом электр станциясында өндіріледі. Қазір Одаққа мүше 27 елдің 13-інде 103 реактор жұмыс істеп тұр. Франция – атом энергетикасы бойынша Еуропаның ғана емес, әлемнің көшбасшысы. Бесінші мемлекет электр қуатының 75 пайызын атом электр станциясынан алып отыр.

1973 жылға дейін Франция электр энергиясының жартысын шетелден импорттап, жартысын мұнайдан алып келді. Сол жылы болған мұнай дағдарысынан кейін ел үкіметі атом энергетикасын қарқынды дамытуға кірісті. Қазір елдегі 19 атом электр станциясында 56 реактор жұмыс істеп тұр.

Оливье Арифон, Лилль Католик университетінің профессоры, зерттеуші:

Франция өте арзан электр энергия өндіру үшін ядролық энергетиканы дамытып, реакторларды іске қосты. Экономиканы декарбонизациялау үшін мұнай мен газды атом энергиясымен алмастыру қажет. Қазір Франция өзінен артылған қуат көзін Еуропа нарығына саудалап отыр.

Атом электр станциялары өндірген электр энергиясы Францияның өз қажеттілігін толық өтеп отыр. Сондықтан ел үкіметі артылған қуатты Испания, Италия, Швейцария мен Ұлыбританияға экспорттап, жылына 3 млрд еуро пайда көреді. Реакторларға қажет отын-уранды Франция Қазақстаннан тасымалдап отыр. Елдің ядролық қауіпсіздік басқармасы ең жоғарғы қауіпсіздік стандартын қолданады.

Жан-Марк Янковичи, инженер, климат және энергетика мәселелерін зерттеуші-ғалым:

Қазіргі ядролық энергетика, төртінші буын реакторлары жеңіл басқарылады. Қауіпсіздікке алаңдаудың қажеті жоқ. Атом электр станциясы қазбалы отынға қарағанда қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығармайды. Ол – парниктік газдарды азайтуға және климаттың өзгеруімен күреске бағытталған өте тиімді шешім.

2050 жылға қарай Францияда тоқты тұтыну 35 пайызға өседі, – дейді мамандар. Сондықтан ел үкіметі алдағы уақытта тағы 14 атом электр станциясын салуға ниетті. Бұл – электр энергиясының бағасын тежеп, халықтың сатып алу қабілетін арттырады. Ең бастысы, энергетикалық тәуелсіздікке кепілдік, – дейді сарапшылар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған