Өгейдің аты қашанда өгей ме?

Сыртқары жұрттың бәріне біз бақытты отбасы сияқты болдық. Алайда менің ішімде бір түсініксіз жалын бықсып жататын еді. Оның не жалын екенін өзім де есейген күні бір-ақ білдім.

11-сынып бітіріп, төлқұжат алмақ болғанымда, өмірімде ең бірінші рет туу туралы куәлігімде анамның есімі басқаша жазылып тұрғанын білдім. Білдім де таңғалдым. Санамды сан сұрақ меңдеп алды. Сол кезде барып мен өзім анам деп жүрген кісінің өгей екенін ұқтым. Анам тарапынан ешбір еркелетусіз, ешбір шынайы жылусыз өскенім осы уақытта көз алдымнан кино кадрлары сияқты тізбектеліп өтіп жатты.

Көп ұзамай-ақ әкемнің апайының үйіне барып, туған шешем жайында сұрадым.

Ол кісі маған туған шешемнің жас күнінде қызғаншақ болғанын, сол себепті әкеммен ажырасып кеткенін, қазір шамамен осы облыстың Ақжар деген аулында тұрып жатқанын әңгімелеп берді. Әрине, кезінде туған шешемнің мені әкеме тастап кеткеніне бірінші рет қатты ренжідім. Сондықтан болар ол кезде шешемді іздеп баруға батылым бармады.

Кейін мен үйленіп, балалы-шағалы болдым. Өз ауылымның мұғалім қызына үйлендім. Өзім де қазір мұғаліммін. Жұбайым — өзімнің кластасым.

Кейін әке-шешем аудан орталығына қоныс аударып, інім үйленіп, қарындасым тұрмысқа шықты. Інімнің әр қуанышына қалмай барып жүрдім. Сондай шаралардан көңілім ортайып қайтатын. Келінімнің алғашқы шілдеханасына келіншегім бара алмады, өйткені өзі де жас босанып отырған. Мен қызыққа ортақтасып қайттым. Қайтарымда өгей шешем бір түйір кәмпит беруге де жарамады. Үйге құр қол қайттым. Туған шешем болса, «келінім дәм татсын» деп жаны қалмас еді ғой. Бір жерде өзімнің нақ туған анамның барын білгендіктен бе, әйтеуір осындай ұсақ-түйектерден өгей анама көңілім бірте-бірте суи берді. Уақыт өте келе тіпті қатал болып алдым.

Кейін әкем қайтыс болды. Бұрын әкемнің айбыны әсер етті ме екен, әлде өгей шешеме әбден суыған тұсым енді келді ме, білмеймін, бір күні келіншегіме туған анамды іздемек ойым барын айттым. Ол мұнымды құп алды. Автобусқа отырып, әкемнің апайы жобалап айтқан ауылды бетке алдым.

Сұрай-сұрай анам тұрады-ау деген аулаға да жеттім. Жақындап келсем, аула тым-тырыс. Ақырын ғана есік ашып үйге кірдім. Осы сәтте асүйде шай құйып отырған әйел адам орнынан атып түрегелді. «Мен Асхатпын!» дегенімде, ол кісі көз жасына ерік берді.

Бұл үйдегілер мен туралы жақсы біледі екен. Тағдыр деген қызық қой, мына қызықты қараңыз! Бұл үйде менің бір әке, бір анадан туған, жан дегендегі жалғыз қарындасым бар екен. Анам әкеммен ажырасқанында ішінде бала кеткен көрінеді. Кейін дүниеге қыз келіпті. Таңғалғаным, оның есімі ауылдағы қарындасым – өгей шешемнен туған Сәниямен бірдей болып шықты!

Мен анамнан тәптіштеп ештеңе сұрамадым. Ескіні қозғағым келмеді. Ол тек кезінде әкемнен және адуын әжемнен қаймығып, маған жақындай алмағанын айтты.

Анамның қазіргі жолдасынан Сәниядан басқа екі ұл, бір қызы бар екен. Бәрі сондай ақкөңіл, мейірімді. Мені ешкім жатсынған жоқ. Осы үйде мен туған шешенің мейірімі қандай болатынын сезініп қайттым.

Анам «келініме, немерелеріме» деп, сөмкемді көп сый-сияпатқа толтырып жіберді. Әрине, жұбайым ол кісіден сый дәметпесі белгілі, десе де, енесінің ниеті көңілін өсіретінін білем.

Бір апта өтпей жатып-ақ бауырларымды ертіп, арқа-жарқа болып анам үйімізге жетіп келді. Бұрын-соңды інімнің еркелерінен қаймығып өгей әжелеріне аса жақындамайтын балаларым анам келгелі еркелеп, үйдің ішін азан-қазан қылды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger