ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 900 МЛН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАДЫ  

Просмотров: 1

Мемлекет басшысы Үкіметке мұнайдан тыс секторды дамытуды тапсырған еді. Сәйкесінше, Үкімет экономиканы құрылымдық өзгерту бойынша бірқатар шара қабылдады. Бұл бағытта отандық өндірушілерді қолдау құралдарын күшейту арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Жетістік те баршылық. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айында жалпы ішкі өнім өсімі 4,4 пайызды құрады. Ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етіліп отыр.

Экономика өсімінің 70 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылысқа тиесілі. Салалар бөлінісінде ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4 пайызға өсуі байқалды. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады. Құрылыста – 10,3 пайыз, саудада – 8,2 пайыз, көлік қызметтерінде – 8,1 пайыз, байланыста – 5,3 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 5,3 пайыз өсім бар. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5 пайызға, көрсетілген қызметтер 4,5 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1 пайызға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті. Бұл жерде, әрине өндірісті өлке саналатын Қарағанды облысының үлесі қомақты. Биылғы жылдың 10 айында аймақта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 848 млрд теңгеге жетті. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,6 пайызға артық. Жыл соңына дейін бұл сома 1 трлн теңгеге жетеді деген жоспар бар. Аталған көрсеткіш кейінгі үш жылмен салыстырғанда екі есе көп. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, бұл – тынымсыз жұмыстың жемісі.

– Биыл біз түрлі компаниялармен 30-ға жуық кездесу өткіздік. Олардың көпшілігі шетелдік. Бізде өте жақсы мүмкіндіктер бар. Біріншіден, бізде жобаларды орналастыруға дайын өндірістік алаңдар бар. Бұл «Сарыарқа» АЭА, Saran индустриялық аймағы. Инвесторға бірінші кезекте жер, коммуникациялар қажет. Инвесторлармен кездесуде инфрақұрылымды таныстырып, адами капитал туралы да айтамыз. Қарағанды кадрларымен бұрыннан танымал. Қуатты база бар, колледждер, жоғары оқу орындары кадр дайындауда. Кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу мәселелерін шешеміз. Сонымен қатар, студенттер іс жүзінде дуальды оқытудың арқасында дағдыларды тікелей өндірісте алады, – деді ол.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары келелі келіссөздердің арқасында басқа аймақтарға кетейін деп тұрған ірі инвесторды басқа аймақтан алып келгенін де айтты. Қазір Үкіметте Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспары келісілуде. Теміртаудың айналасында металлургиялық кластер құру жоспарланып жатыр. Жаңа өндірістер мен қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту үшін мемлекеттік қолдау, оның ішінде жергілікті бюджеттен субсидиялау көзделген.

Сондай-ақ Абай ауданында қала маңындағы туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Яғни Топар су қоймасы облыс орталығына жақын орналасқан және қала тұрғындары демалыс күндері осы жерге емін-еркін бара алады. Бүгінде Топарда жаңа демалыс аймақтарын салуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті жаңғыртуға ниет білдірушілер жеткілікті. Бірақ жолдарды жақсартып, тұрақты электр көзімен жабдықтау қажет. Облыс әкімдігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Ал Балқашта туристер жазда ғана емес, қыста да демалуға келетіндей жағдай жасалмақ. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту көзделіп отыр.

Жалпы, облыс экономикасында өсім бар. 10 айда экономика 13,7 пайызға өсті. Өнеркәсіптегі өсім 11,3 пайызға жетіп, 3,2 трлн теңгенің өнімі өндірілді.

Ал құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсті. Биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір құрылыстың негізгі бөлігі аяқталды. Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзиннің айтуынша, жалпы көлемнің 76 пайызы коммерциялық баспанаға тиесілі. Ал кезекте тұрғандарды қамту үшін 14 жалға берілетін тұрғын үй жобасы іске асырылу үстінде. Несиелік тұрғын үй құрылысы да жалғасып жатыр.

– Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. 2024 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады. Тұрғын үй сатып алу бекітілген жол картасы мен қаржыландыру жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Мұрат Мағзин.

Биыл тұрғын үй салу және сатып алу есебінен кезекте тұрған 1 635 отбасы баспанамен қамтамасыз етілуге тиіс.

Сондай-ақ жақында республикалық маңызы бар Қарағанды-Балқаш автомобиль жолының учаскесіндегі жұмыстар аяқталды. Ұзындығы 363 шақырым болатын учаске – елдің солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Алматы) стратегиялық көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Бұл жол – Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдері үшін маңызды транзиттік бағыт. Жолды жаңғырту арқылы транзитті жақсарады, жолаушылар ағыны артып, туризмді дамиды.

Қайта құру барысында жол III-тен І-b техникалық санатына ауыстырылды. Бұл жүргізушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын едәуір арттыра отырып, бөлу тосқауылымен төрт жолақты қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жобаға 11 көпір, 32 ауыл шаруашылығы техникасы өткелі, үш көлік айрығы, бір теміржол өткелі салынды. Жобаны іске асыру аясында 4 млн тоннаға жуық асфальтбетон қоспалары төселді. Жол бойында 18 демалыс алаңы, 24 автобус аялдамасы жабдықталған. 1452 жарықтандыру тіректері орнатылды.

Жолменен қозғалыс қарқыны тәулігіне 18 мың автомобильге дейін жетеді. Жазғы кезеңде машиналар ағыны 25 мыңға дейін артады деген болжам бар.

Келесі жылы ұзындығы 513 шақырым болатын Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыс басталмақ. Жоба ЕРСМ (engineering, procurement, construction, management) механизмін пайдалана отырып іске асырылатын болады. Бұл барлық кезеңдерде сапаны бақылауды күшейтеді.

Аудандарда ұлттық жоба қатарына енген жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Бұқар жырау ауданында биыл 21 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 13, кепілдік беру бойынша 7 жоба қаржыландырылды. 1 грант берілді. Кәсіпкер Үштөбе ауылындағы «Супер Ботақан» балабақшасында Монтессори топтарын ашуға мемлекеттік грант алды. Қазір оған 160 бала барады, 21 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, ауданның мансап орталығы 12 грант берді. Өз ісін ашуға жас кәсіпкерлер аудан әкімінің 13 грантын алды.

Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы бойынша Үштөбе ауылдық округінде «Электр тарату желілерінің құрылысы» жобасына көмек көрсетілді. Бұден бөлек, жеке бастамалар есебінен сауда және қызмет көрсету саласында 35 бизнес субъектісі ашылып, 47 жұмыс орны құрылды.

Туризм де белсенді дамып келеді. Аудан аумағында 13 туристік нысан бар. Биыл туристер саны 3,2 пайызға артты.

Келесі жылы Байқадам ауылында демалыс үйін және балық аулауға арналған орын ашу бойынша жоба іске асырылады. Бүгінде ауданда 3984 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 50,3 пайызы – жеке кәсіпкерлер, 40 пайызы – шаруа қожалықтары, 9,7 пайызы – шағын және орта кәсіпорындар.

Манас АҚСАРЫ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған