Әйелдің әрекеті күйеуін масқара болудан құтқарып қалды

Бір адам өзінің қызмет орнына келе жатқанда сүрініп кетіп, лайға құлап, үстін бүлдіріп алады. Үйіне қайтып кете қоюға жол бірталай. Содан жұмысына сол күйімен кіре берген еді, бір құрдасын көріп қалып, қызық болсын деп мас адамның жүрісіне салып, қисалаңдап, ұсқынын өзгертіп, өзінің кабинетіне кіріп кетеді. Оның бұл кейпін біраз әріптестері көріп үлгерген болатын. Ішінде мұны көре алмайтын, орнына қаралай қызығып жүргендер де болатын.
Көп кешікпей арада бес-он минут уақыт өткенде кабинетке сау етіп мекеменің директоры бастаған бір топ әріптесі кіріп келмесі бар ма?!. Бұл бәрімен амандасты. Директордың өзі сасып қалды. Сөзі түзу, үсті-басы мұнтаздай, сол тәртіпті, өз ісіне тиянақты қызметкері жұмысын жасап отыр. Жанындағылар айтып барғандай ішімдіктің иісі де жоқ. Киімі де бүтін. Олар дәуде болса, «доңыз құсап, былғап отыр, адам көретін жері жоқ» дегендей жеткізген болар, әйтпесе басшының өзі бұлай кірмесі анық. «Кешіріңіз, біз жай, кабинетке жөндеу жұмысы қажет емес пе екен деп кіргенбіз. Алаңдамай жұмысыңызды істей беріңіз» деп басшының өзі қысылып, бәрі оның артынан шұбырып, «Сап-сау ғой! Киімі де тап-таза… нені айтып жүрсіңдер?..» деп бір-біріне пышылдап бара жатыр.
Бәрі кеткен соң бұл айнаның алдына барып, өз-өзінен күлді. Әйелін ойлады. Сүйсінді. «Жұмыста да бір тәуір киімің тұрсын. «Керек тастың ауырлығы жоқ»деген. Ол сенен ас-су сұрамайды» деп осы таза киімді үтіктеп, осында әкелгізіп қойып еді, қандай жақсы болған?!. Дұшпанкөздерге қор қылғызбай, мерейімді олардан үстем қылды. Менің бір кемшілігімді күтіп жүрген жамандар өздері ұятқа қалды…
Әйелім құдды осындай күн туарын алдын-ала білгендей!»деп қайда жүрсе де ерінің абыройын ойлаған ақылды әйелі барлығына Құдайға шүкіршілік етті. Иә, «Дұшпанға таба, досқа күлкі» қылғызбайтын жарың болғанға не жетсін?!. Әйтпесе, келісті киім кисең де бір күні бетіңе түкіріп кететіндер табылады. «Сақтансаң сақтаймын» дегенді есте ұстаған.

Advertisment ad adsense adlogger