Әйелім араққа салынып кетті…

Мына өмірде ер адамның емес, әйел адамның ішкілікке үйір болғаны қиын екен. Соңғы үш-төрт жыл болды келіншегім ішкілікке үйір болып алды. Іздеп жүріп ішпейді. Алайда бас қосқан жиындарда, тойларда тартынбастан ішетін болып жүр. Жасырып қайтем талай рет тойдан келе сала ұрып та көрдім, үйден қуып та жібердім. Талай рет таңға дейін үйге кіргізбей қойдым. Бірақ көзді ала бере, ант су ішіп берген уәдесін ұмытып, қашып пысып ұрттап алып шыға келеді. 

Қазір отасқанымызға жиырма жылдай уақыт болды. Жер ортасына келгенде ажырасып кеткен де ыңғайсыз. Үш бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкеніміз биыл мектеп бітіріп жатыр. Алғашқы кездері құрдастардың қолқалауымен, «бір үйден бір адам деп» бәрі ортаға алғанда онда тұрған не бар деп ойлайтынмын. Мән де бермейтінмін. Қазір қызара бөртіп, ішкенін көтере алмай ортада сөйлеп, ыңғайсыз қылықтарымен көзге түсе бастағанда ертерек неге тыйым салмадым екен деп өкінемін. 

Өзім ішкілікті татып алмаймын. Өзімнен кейінгі інім де, келінім де намаз оқиды. Қазір туыстармен бас қосқан тойларда солардан ұялатын болып жүрмін. Қайын жұрттағы той екен ау деп қымсынбастан, ішіп алып, ортаны бермей билегенде ыңғайсызданып, өзім сыртқа шығып кететін болып жүрмін. Осыған дейін қалай мән бермегеніме таң қалам. Осы уақытқа дейін ың-шыңсыз тұрдық деп айта алмаймын. Бірақ жер ортасына келгенде ішімдік үшін айтысып, тартысып жатқан ыңғайсыз екен. Балалардан да ұялып біттім. Жасымыз 45-ке келгенде, балаларға ақыл айтып отырамыз ба дегенде, өзімізді жөндей алмай жүрміз осылай. Үлкеніміз ұл. Өткенде үлкенім «мама қоясыз ба әлде қоймайсыз ба» деп ашықтан ашық наразылығын білдірді. Орнында қыз болғанда ізінен қалмай жүріп, қойдыртар ма еді деп ойладым. Бірақ қызым бес жаста. Ненің не екенін ажырататын деңгейде емес. 

Қазір әйелімнің ішімдік ішкенінен ыңғайсызданамын деп, тойлардан да қашатын болдым. Соңғы рет ішкенінде әйеліме айтпайтын сөзді айтып, әбден айқайлап қол да жұмсадым. Жылап тұрып, кешірім сұрап, кейде еркіне бағынбай қалай ішіп қоятынын білмейтінін айтты. Аяп та кеттім. Әйеліме «әлде ішкілікке құмарлықты басатын ем аласың ба» десем. «Жоқ, қоям өзім» дейді. Бірақ сонысына сенбеймін. Тіпті менен қорыққанынан кейде отырыспаларда бір-екі стаканды тартып алып, «аузыма алған жоқпын» деп өтірік айтатын болып та жүр. Ішімдік адамды толықтай өзгертеді екен. Негізі ортада онша көп көсіліп сөйлемейтін әйелім, ұятсыз анекдоттар айтып, еркектермен жағаласып әңгіме айтқанда кірер жердің тесігін таппай кетемін. 

Жалпы ішімдік адамға қажет нәрсе емес екен. Әсіресе әйел адамдар мүлдем жоламағаны жөн. Балалар ержеткенде ажырасқан ыңғайсыз, бірақ бір үйде тұрған соң намысыңа да тиеді екен. Не істерімді білмей кеттім. 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger