«Jumys Tap» жобасы жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Просмотров: 30

Жұмыс ауыстырғысы келетіндер үшін бірегей мүмкіндік беріліп отыр. Өңірде жүзеге асырыла бастаған «Jumys Tap» жобасы арқылы жұмысыңыз болса да, жаңа кәсіпті меңгеріп, өзіне ұнайтын іспен айналысуға болады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Сала мамандарының айтуынша, бұл жобаның ерекшелігі де осында. Кез келген адам қысқа уақыт ішінде және тегін жаңа мамандық игере алады. «Jumys Tap» жобасына жұмысы бар адам да, ресми тіркелген жұмыссыз да, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, студенттер, тіпті, зейнеткерлер де қатыса алады. Байқағандарыңыз­дай, мәртебесі де, жасы да маңыз­ды емес.

– Жобаға қатысу үшін кеңес беру пункттеріне келіп, тіркелу керек, – деді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов. – Олардың үшеуі Қарағандыда және біреуі Теміртау қаласында орналасқан. Атап айтқанда, «Таир», «Ұмай» сауда орталықтары, Пришахтинскіде «Ёжик» супермаркеті. Теміртауда 6 шағын аудандағы базарда. Халық көп жүретін орындар әдейі таңдалды.

Жобаға қатысуға ниет білдіргендер тегін жедел курстарды оқып, жаңа мамандық меңгере алады.

– Оқыту колледждер мен коммуналдық орталықтар базасында өтеді. 60-50-50 нөмірі бойынша кеңес беретін Call-орталық іске қосылды. Консультациялық пункттер мен Call-орталық 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі және дүйсенбі – демалыс, – деп түсіндірді Нұржан Хамитұлы.

Оның айтуынша, оқу курстары тамызда жеті колледж негізінде басталады. Оқыту 48 мамандық бойынша өткізілетін болады. Олардың ішінде, СММ, тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электргаздәнекерлеуші, сайт жасаушы, бейнемонтажер және басқа да мамандықтар бар. Көбінесе, қала құраушы кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес ұйымдарынан жұмыскерлерге сұраныс көп түседі. Курстың ұзақтығы – 5-30 күн. Теориялық сабақтар да, практикалық сабақтар да жоспарланған.

– Жоба аясында комьюнити орталығында шығармашылық және диалогтық кеңістіктер базасында тегін қызметтер көрсетілетін болады. Онда дыбыс жазу, киім дизайны, подкаст жазу студиясы және кәсіптік бағдар беру жұмысы саласындағы жобалар іске асырылатын болады, – деді ол.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша Call-орталықтарға 128 адамның қоңырау шалған, 237 адам кеңес беру орталықтарының көмегіне жүгінген. Оқыту курстарына жазылып жатқандар да бар. Бүгінгі таңда 300-ге жуық адам мамандық игеру курстарына жазылған.

– Менің тұрақты жұмысым бар, – дейді Арман есімді қала тұрғыны. Бірақ, видеомонтаждау, мобилографияны үйренгім келеді. Қосымша табыс тапсам деген ойым бар. Қазір бұл саладан пайда тауып жатқандар көп.

Оқыту курстарына қабылдау жүріп жатыр.

Жансая ОМАРБЕК,
 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған