Күйеуім көңілдесін үйге ертіп келетінді шығарды

Қолыма диплом алған күні қуанышымда шек болған жоқ. Ол күн есімнен кетпейді. Сол күні қуанышыма қуаныш қосылды. Жомарт сезімін білдірді. Сезімге ерік беріп, Жомарттың мойнына асыла кеттім. Біраз уақыт құшағымыз жазылмады. Өзің сүйген адамның мойынына асылу да бір бақыт екен. Көп ұзамай Жомарт «маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс жасады. Мен қуана-қуана келістім. Бұл жаңалықты естігенде анам меннен екі есе қатты қуанған шығар. Қайт-қайта құшақтап, жылаумен болды. «Бақытты бол балапаным. Бұл қуаныштың көз жасы» деп арасында күліп те алады. Мен де анама қосылып бір күліп, бір жыладым.

Жомарттың ата-анасы алыс ауылда тұрады екен. Тіршілігі – мал өсіру. Тұрмыс жағдайлары да жаман емес. Той Қарағанды қаласында өтті. Оның туыстарының көбі ауылда болғандықтан тойға көп кісі келмеді. Анам мен менің төрт-бес құрбыларымызды айтпағанда, біздің туысымыз жоқ. Сондықтан той шағын болды. Бірақ Жомарттың ата-анасы Пришахтинск шағын-ауданынан екі бөлмелі үй сатып әперді. Біздің қуанышымызда шек болмады. Анам мен үшін қатты қуанды. Соңғы жылдары анамның денсаулығы сыр беріп жүрген, сол себепті анамды қолымызға алсақ па деп ойлағам. Оған Жомарт та қарсы болған жоқ. Бірақ анам «сенің бақытыңды көргеннен басқа маған ештеңе қажет емес, тек уақыттарың болса, жиі хабарласып, келіп тұрсаңдар сол жетеді» деп келіспей қойды.

Мен сол ауруханада медбике болып жұмысымды жалғастырдым. Бұрынғыдай тек түнгі ауысым емес, бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік үйде болам. Ал Жомарт, сол бұрынғысынша, дәрігер. Таңертең кетіп, кешке келеді. Кейде ерте, кейде кеш. Кейде түнгі кезекшілікке қалады. Көп ұзамай аяғым ауыр екенін білдім. Сондағы анамның қуанышын айтып жеткізе алмаймын. Бір қызығы анам қатты қуанғанда жылай беретін. Қайран анам, «дүниеге әкелсең болды, өзім қарап өсіріп берем» деп бәйек болып жүр. Өзінің бір күн ауру, бір күн сау екенімен шаруасы жоқ.

Ай-күнім жетіп, аман есен бірінші қызымды дүниеге әкелдім. Бірақ ол кезде анам менің баламды күтіп-бағатын күйде емес еді. Қант диабетіне шалдыққанына біраз жылдар болған. Соның әсерінен кейде қан қысымы көтеріліп жатып қалатын. Мен тек Алладан «менің баламды бақпаса да, аман тірі жүріп, немерелерінің қызығын қызықтаса екен» деп тіледім. Бірақ менің тілегім қабыл болмады-ау. Екінші қызым бір жасқа толмай жатып анам қайтыс болды. Бұл мен үшін орны толмас қайғы болды. Арқа сүйер жалғыз адам – анамнан айырылдым. Күш-қайраты болмаса да, ақыл-кеңесін айтып, сөзбен қолдап отыратын. Бірақ анамның қайтыс болуы тағдыр салған тауқыметтің бастамасы ғана екен.

Анам қайтыс болған соң, жатақханадағы бөлме маған мұраға қалды. Құжаттарды рәсімдеген соң Жомарт «жатақханадағы бөлмені сатып, машина алайық» деді. Оған мен қарсы болмадым. Алушы да табыла кетті. Ақша қолға тиісімен Жомарт көлік іздестіре бастады. Ақшаның жетуіне қарай, жаңарағын алайық деп шештік. Бір аптаға жетпей көлік алдық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, екі-үш достың басын қосып жудық. Әр демалыста бала-шағамызбен көлікке отырып саябаққа барамыз, дүкен аралаймыз. Бірақ ол бір мезеттік ғана бақытты шақтар екен. Арада екі-үш ай өткен соң Жомарт әрдеңені сылтауратып, демалыс күндері өзі ғана қыдырып кететінді шығарды. «Қайда болдың?» деп сұрасам, үнемі бір ғана жауап – «достармен болдым».

Соңғы кезде түнгі кезекшілігі де көбейіп кетті. Күдіктене бастадым. Ол кезекшілікке кеткен күндері ауруханадағы қыздардан «Жомарт сонда жүр ме?» деп сұрап алам. Бірақ қай кезде сұрасам да қыздар «осында жүр» дейді. Соған қарап, алғашында «күдігім бекер ме» деп ойлап жүрдім. Бірақ бір күні қыздардың бірі Жомарттың жаңа келген жас медбикемен көңіл қосып жүргенін айтты. Бар ұятты жинастырып қойып, қыздарымды көршіге қалдырып, бір күні түнде Жомартқа айтпай ауруханаға бардым. Ондағылардың бәрі мені танитын болғандықтан, еш кедергісіз кезекші дәрігердің кабинетіне келдім. Есікті ашып қалсам, Жомарт бір жас қызбен сүйісіп отыр. Ештеңе деместен шығып кеттім.

Ертеңінде үйге келген соң Жомарттан түсінік беруін сұрадым. «Не деп өтірік айтар екен» деп тұрғам. Бірақ Жомарттың жүзінен кінәлі сезім байқалмады. Міз бақпастын «мен ол қызды жақсы көрем. Оны қоям деп айта алмаймын. Бірақ сенімен ажырасып, оған үйленетін ойым да жоқ. Егер оны қоймасаң кетем десең, кете бер» деп қарап тұр. Бұған не айтарсың?! Тек көз жасына ерік беруге ғана шамам жетті. Кеткенде қайда барам? Бәлкім менің ешқайда кете алмайтынымды ол да сезетін шығар.

Ауруханада талай дәрігер мен медбикелер арасында сондай жағдайлардың болғанына өзім де куә болғам. Сондықтан «ақылға келіп, бір күні өзі-ақ қояр, шамалы шыдайын» деп содан кейін ол әңгімені қайта қозғамағам. Бірақ мен ойлағандай болмады. Бір күні Жомарттан «қыздарды алып, құрбымның үйіне баратынымды айтып, кешке алып қайтуын сұрадым. Алайда құрбым шұғыл бір жаққа кететін болған соң, Жомартты жұмысынан қалдырмайық деп ойлап, түске қарай өзіміз таксимен қайттық. Үйге кіре берісте әйел адамның аяқ киіміне көзім түсті. Жүрегім суылдап қоя берді. Жатын бөлмеден күбірлеген дауыс есітілді. Қалай жетіп барып, есікті ашқанымды да сезбей қалдым. Жомарт пен көңілдесі асығыс киініп жатыр екен. Тілім аузыма тығылып, көмекейімнен сөз шықпай қалды. Жылаған бойы қыздарымды ертіп далаға шығып кеттім. Қанша жүргенімді білмеймін, көшедегі орындықтардың біріне келіп отырдым. Түкке түсінбеген үлкен қызым «мама жыламашы, үйге қайтайықшы» дейді. Ал мен оларға қарап, одан сайын жылаймын. Қызым «папа» дегенде барып Жомарттың келгенін көрдім. «Көшеде керіспей, үйге барып сөйлесейік» деді. Мен үнсіз соңынан ердім. Өйткені барар жерім, басар тауым жоқ.

Кешірім сұрар деп күткем. Бірақ Жомарттан дені дұрыс сөз естімедім. «Екі баламен қайда бармақшысың? Мен саған кет деп отырғам жоқ. Егер менің осылай жүргеніме намыстансаң, онда заңды түрде некесін қиып, тоқал етіп алайын» дейді. Жатақханадағы бөлмені сатпағанымда, бұлай жер болып отырмас едім. Көлік мінбесе Жомарт та мұндай қылыққа бармас па еді? Қазір маған алдым ор, артым құз сияқты. Алға жүрсем де, арқаға шегінсем де мерт болатын секілдімін. Бұл тұңғиықтан шығар жол бар ма?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger