Күйеуім жан құрбымды «тоқалдыққа аламын» дейді…

Жанармен абитуриент кезде, университетке құжат тапсырып жатқанда таныстым. Мен құжат тапсырып жатқан шет тілдер филологиясы факультетіне ол да құжат тапсырып жатыр екен. Тез-ақ тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік. Оқуға қабылдандық, бірге жатаханадан бөлме алдық. Сабақ басталған соң да жатақхана мен университет арасында жұбымыз жазылмай бірге барып, бірге келіп жүрдік. 2 курста Қанатпен таныстым. Қанатпен қыз жігіт болып кездесіп жүргенімде де, қасымыздан Жанарды тастамайтынбыз. Қанат киноға барайық немесе жай ғана парк аралайық десе де жатақханада Жанарды қалдырмай ерте шығатынмын. Үшеуіміз бір бірімізге кәдімгідей бауыр басып қалдық. Әзіліміз де жарасып тұратын. Арасында Қанат «жалғыз шықшы, оңаша қалайық» деп те өтінетін. «Қойшы қалай жалғыз тастап кетемін» деп бой бермейтінмін. Содан Қанат группалас жігіттерін ертіп келетін. Сосын паркке серуендеуге барсақ, Жанармен сол жігіттердің бірін қалдырып, оңашаланғысы келіп тұратын. Жанар бірақ сол жігіттердің ешқайсысымен тіл табысып кете алмады. 

Келесі жылы 3 курста Қанатқа тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай көтеріп, 4 курстың аяғында босанып, баламды енеме қалдырып жүріп, 4 курсты бітіріп алдым. Жаздай балама қарағаныммен, 5 курста баламды енеме беруге тура келді. Қимасам да баламды ауылға ата-енеме жібердім. Отбасылы студенттерге жатақханадан бөлме берілмейтіндіктен, 5 курста жеке пәтер жалдап тұра бастадық. Бұл уақытта Жанар да жоғарғы курс ретінде жатақханадан шығарылғандықтан тағы да қасыма алып алдым. Жанар жоғарғы курста да жігіттермен жүріп жүргенмен, тұрмысқа шыға қоймады. Сонымен диплом алдық. Бұл кезде менің аяғым тағы ауырлағанын білдім. Жұмыс та табыла қоймады. Оның үстіне жұмысты аяқ қолымды бауырыма алған соң біржола іздеуді жөн көрдім. Қанат спорт мектебіне тренер болып кірді. Ал Жанар бір шетелдік компанияға тілмаш болып орналасты. Қызметке тұрған соң бөлек пәтер жалдап кетті. Мен екіншіме құрсағымда 6 айлық болған соң жүмыс іздемей, Қанаттың шай тамағын дайындап үйде отыра бердім. 

Бірақ шынымды айтсам дипломды ала сала қызметке араласа алмағаныма қынжылатынмын. Ондайда өзімді біржола туып-туып алып, алаңсыз жұмыс істеймін деп жұбатататынмын. Ақыры үйде отырмын ғой деп үлкен ұлымды сұрағаныммен ата-енем «ауылда ағарған ішсін, алдыртып қайтесің, ертең екіншіңмен қолың байланады. Әзірге демал» деп бермей қойды. Сонымен екінші рет тағы ұл босанып алдым. Екіншімді ең болмаса бір жасқа дейін емізейін деп бір жылдай тағы үйде отырдым. Алайда осы бір оқиға алаңсыз өмірімнің құтын қашырғандай болды. 

Бір күні достарымызды үйге қонаққа шақыратын болдық. Жанар көмектесу үшін ертерек кеп алды. Жолдасым екеуіне салаттардың құрамын туратып қойып, туысқан сіңілім екеуіміз бауырсақ пісіріп жатқанбыз. Сіңілім «Жанарды байқашы осы, жездеммен біртүрлі қалжыңдасады ғой» деп қалды. Сіңілім көзінше күле салғаныммен, көңілімде кірбің қалып қойды. Кейін сұрастырсам жақын құрбым мен Қанаттың арасындағы байланыс туралы сөз көп екен. Байқап қарасам Қанат бірге тұрған жылдарда Жанарды бұрынғыдай бөтенсімепті. Еш өзге ойсыз оларды жеке қалдырып жүре де беріппін. Тағы бір курстас танысым «сол әңгіме құлағыңа енді жетті ме» дегенде шынымен ашықауыздығыма таң қалдым. 

Соңғы кездері оқу, бала, қайын жұрт көңілін табу деп өз өзіме қарамай кеткенім де рас. Ал Жанар қызметке тұрғалы құлпырып кеткен. Бірақ тұрмысқа шығу туралы ойы жоқ. Жалақысы өз басына мол жетеді. Жақсы киінеді, өзін күте де біледі. Осы бір нәрсе Қанаттың көңілін оған аудырған секілді. Содан бері үш жылдай уақыт өтті. Қазір олардың байланысына күдігім расталды. Жанармен араласпаймын. Тіпті жақында Қанат «тұрмысқа шықпаған қыздарды тоқалдыққа алу сауап екен» деп бықсытқанда талып түсе жаздадым. «Ауылдағы ата енеме, ағаларыңа айтам, енді осы әңгіме алдымнан шықса менен жақсылық күтпе» деп айқайладым. Бірақ оларға өзімнің жан досымның әрекетін қалай айтам деп іштей қиналамын. Алғашқы кездері жылап сықтап, жан құрбымның іс-әрекеті мен күйеуімнің ара қатынасын кімге айтарымды білмей, таныстарға таба болдым деп жылағаныммен, сол Жанарға ерегіскенде шаңырағымды шайқалтпауға бел байладым. Жолдасыма қит етсе, «кет балалар өзімде қалады» деймін. Қанатқа әбден суынғам. Кейде өзімнің ашықауыздығыма өкінем. Соларды өзім жақындатқандай ішім удай ашиды. Негізі ешкімге сенбеу керек екен. Әзірге ішім түтін, сыртым бүтін. Бірақ ертеңім не болатынын білмеймін…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger