Күнтізбеде — Ұлттық кітап күні

Просмотров: 17

Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес елімізде жаңа мереке пайда болды. Кешелі бері отандық ақпарат көздері Ұлттық кітап күні белгіленгені туралы жарыса жазды. Бұдан былай Қазақ елінде 23 сәуір — атаулы дата, Ұлттық кітап күні. Жай емес, ұлттық мереке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында қоғамда кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасына орай белгіленіп отыр.

 

«Адамды адам еткен кітап болса, адамзат еткен кітапхана» деген сөзі бар Əбіш Кекілбайдың. Азаттық алғалы 33 жастан асқан қазақ қазір жанталасып жеркөктен өзін іздеп жүрген жас азамат, жігіт ағасындай көрінеді. Анағанда, мынағанда елікті. Жөн-жосық іздеді. Жастық əрнеге ұрындырмай қоя ма? Алайда ақылы кіріп, етек-жеңін жия бастағанда барып түсінеді адам. Еңбектің зоры пайдалы кітап оқып, өміріңді өзгерту екенін. Бір адамды сол ұлттың өзі ретінде қарастырғанда солай. Туа сала бірден ғылым жолына түсіп кететіндер көп болмаған қашанда. Сондай адасқандарды жөнге салатын кітап немесе жасынан кітап оқыған оқымыстылар. Адамды адам еткен еңбек деген сөздің басында қазір кітап оқу еңбегі тұрғанын ұғуымыз керек. Басқа емес, ұлттық кітап. Яғни еліңнің ата тарихы, ата салты сында ұлттық сипаттарын бойына сыйдырған кітапты нұсқағаны. Адамзаттан бөлек бол деген сөз емес — бұл. Адамзат баласына қосылғанда Алаш баласы екеніңді ұмытпа деген сөз.
Ендігі уақытта қазақ оқырман ұлтқа айналмай өркениет көшіне ілесу мүмкін емесін жан-жүрегімен ұғынуы тиіс. Бір орында тұрақтап кітапқа бас қойған елдердің көбі алдыңғы қатарда. Жəне оқыған-түйгенін ұлттық тəлім-тəрбиемен ұштастыра алса, сол ел озады. Халық ата салтында бар нəрсені суша сіміріп, бірден қабылдайды ғой. Тура сол сияқты, білімді де ұлттық таным-түсінікпен өлшеп бергеннің пайдасы зор. Демек, Ұлттық кітап күнін белгілеп отырғаны өте орынды.
Тарата айтсақ, аталған жоба бұған дейін Туризм жəне спорт министрлігінің бастамасымен Ашық НҚА сайтында жарияланған. «Жоба қоғамда кітап оқудың жоғары мəдениетін қалыптастыру мақсатында 23 сəуір — Ұлттық кітап күні мерекесін мерекелік күндер тізіміне енгізу мақсатында əзірленген» делінген еді ол Қаулы жобасында. Құжат 22 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылды. Ал қаулы 2024 жылғы 16 шілдеде күшіне енетінін атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңге екенін жəне бұл білікті кадрлардың осы саладан кетуіне əкелетінін айтып, Кітапхана ісі туралы жеке заң қабылдау керек екенін алға тартқан-ды. Демек, мұның бəрі рет-ретімен шешілетін күн алыс емес деген сөз.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған