Көп балалы аналарға алғашқы медициналық көмек көрсету үйретілді

Просмотров: 58

Қарағанды қаласындағы Отбасын қолдау орталығы көп балалы аналарға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тренинг өткізді. Әйелдерге биіктен құлап жарақат алған жағдайда, улану, суға бату және құрысулар кезінде қалай әрекет ету керектігі айтылды.

Жаттықтырушылар – ТЖ қызметінің қызметкерлері, медицина және апаттар орталығының дәрігерлері, психологтар. Тыңдаушылар алған білімдерін тәжірибелік сабақтарда тексеруге мүмкіндік алды.

– Жазда балалар көбінесе өз беттерімен жүреді. Сондықтан әртүрлі оқиғаларға ұшырап қалады. Қазақстан бойынша жаз басталғалы терезеден 100-ден астам бала, ал Қарағанды облысында – 14 бала құлады. Олардың екеуі, өкінішке орай, қайтыс болды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз осы тренингтерді өткіземіз. Бүгін көп балалы аналарға қандай да бір жағдайда өзін қалай ұстау керектігін айтып, көрсеттік, – дейді Қарағанды ТЖБ аға инженері Петимат Якубова.

Төтенше жағдайдағы ең маңызды ереже – сабырлық сақтау және болған жағдай туралы құтқару қызметіне жедел хабарлауға тырысу керек. дейді жаттықтырушылар. Әсіресе, әр сәт санаулы болып, өмірге қауіп төнер жағдай болса.

– Біздің мамандығымызда ең өкінішті сәт – құтқаруға уақыт жетпей қалғанда. Уақыт өте маңызды. Біз әрқашан уақытылы көмек көрсетуіміз үшін оқиға куәгерлері төтенше жағдай туралы дереу хабарлауы керек. Балаларға өрт кезінде қалай дұрыс әрекет ету керектігін немесе олардың көз алдында біреу батып жатса, не істеу керектігін үйреткен дұрыс. Бұл дағдылардың барлығы әр адамға өте қажет, – дейді Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Алмагүл Алдабекова.

Аналарға жанама жүрек массажы үйретілді, ұстамалар кезінде адамды қалай дұрыс жатқызу керектігі көрсетілді. Мұндай практикалық сабақтар тұрақты негізде өтеді, дейді Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері. Жақын арада олар жетекшілік ететін отбасылардан шыққан 30 балаға жазғы демалыс ұйымдастырады.

Сондай-ақ, орталықта адвокаттар мен сот орындаушылары тегін заңгерлік кеңес береді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған