Керексіз болып қалған қыздың көз жасы

Біреудің қайғысына ортақтасып, сыр айтса сырласып, мұң айтса мұңдасатын қазақпыз ғой. Көзіне жас ала бастаған құрбымның басын иығыма қойып, оны барынша түсінуге тырысып, тыңдаған күйі үнсіз отыра бердім.

– Туған күн кешінде таныстық. Сол кештен бастап бір-бірімізге деген сезімдеріміз оянып, арты махаббатқа ұласты. Арада зулаған күндер, айлар өтіп жатты. Бір күні ол жігіт мені үй-ішімен таныстырғысы келетінін, анасының әкеліп таныстыруын өтінгенін айтты. Бұл жағдай маған төбемнен жай түскендей әсер етті. Үлкен сынақтан өткелі тұрғандай қатты толқып, үрейлене бастадым. Үлкен кісінің сөзін, сүйіктімнің көңілін қимадым. «Тәуекел ет те, тас жұт» демекші, баруға келісімімді бердім.

Содан не керек, арада біраз уақыт өтіп, танысуға баратын күн де келіп жетті. Көзді ашып-жұмғанша ауылына да келіп жеттік. Бір мезетте алып ұшқан көңілім су сепкендей басылды, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейіп тұрып қалдым. Себебі, үйден 60-тарға таяп қалған, самайын ақ шалған, ұзын бойлы, сұсты әйел шықты. Ол жігітімнің анасы екен.

Сырт киімдерімізді шешіп болған соң, дастарқан басына жайғастық. Жөн сұрасып, танысып білісіп отырдық. Мені өз балаларына ұқсайтынымды, мінезімнің ұнағанын, отбасында жақсы тәрбие көргенімді айтты. Ол кісіге ұнағаныма іштей қатты қуандым. Бағанағы үрей енді басылғандай болды. Біраз отырып, тамақтанып, әңгімелесіп болған соң, ымырт түсе қайтадан қалаға қайттық. Жігітім менің анасының көңілінен шыққаныма қуанды.

Арада бір жылға жетерлік уақыт өтті. Сол аралықта оның ауылына бірнеше рет барып, анасына көмектесіп, көңілін аулап жүрдік. Балаларының барлығы қалада, тек немерелерін жанына медет тұтып жүрген қарт ананың үйін жинап, кір-қоңын жуып, сол үйдің келініңдей болып қызмет атқардым барған сайын. Бұйыртса оқуымызды тәмәмдаған соң үйленіп, ауылда тұрамыз деп шешіп те қойған болатынбыз. Алайда, көз тиді ме, сөз тиді ме білмеймін болашақ енемнің маған деген көзқарасы күрт өзгере бастады. Жігітім дипломын алып, ауылға барып, мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасты. Ал, мен болсам әлі студентпін.

Сүйіктім екеуіміздің «үйленейік» деп шешкен кезімізде анасы: – Балам, оқуыңды бітіріп ал, еш асықпаңдар, мен баламды жақын арада үйлендірмеймін, – деген болатын. Ақылын тыңдап, тілін алдық. Сөйтсем бұл жай ғана сөз екен. Баласына «үйлен-үйлен, оқуын бітірген, дипломы бар, дайын қыз әкел» деп жүрген екен.

Уақыт өте әрнәрсені сылтауратып жігітім де қалаға келмейтін болды. Шыдамның да шегі бар емес пе?! Оған қоңырау шалып, мән жайды түсіндіруін талап еттім. Болмаса өз жолыммен кететінімді айтып та көрдім. Сол сол-ақ екен, болып жатқан жағдайды баяндай бастады. Тыңдай отырып қатты қиналдым, жігіттің де өзіме деген көңілінің суи бастағанын байқадым. Күн сайын анасы миын жеп отырса өзгермеске амалы бар ма. Оның анасына неліктен ұнамай қалғанымды білмей мен де дал болдым.

Шынымды айтсам, алдын-ала барып танысқаным үшін қатты өкіндім. «…Егер басқаны ұнататын болсаң қайтейін, сенің тек бақытты өмір сүргеніңді қалаймын, не анаң, не мен деп те таңдау қоймаймын…» – дедім. Бірақ ол басқа ешкімді сүймейтінін, сабыр сақтап артын күтейік деп жалынғандай болды. Мен барлығына көніп, оқуымды оқып, қалада жүре бердім.

Анда-санда телефонмен сөйлесіп жүрдік. Бірде сабақтан қайтып автобуста келе жатқанымда қалта телефоным шырылдады. Көтерсем амандық жоқ, саулық жоқ:

– Мен саған баламнан аулақ жүр дедім, баламның басын босат! – деген қаһарлы дауыс естідім. Оның анасы екенін біліп, «неге, не үшін?» дей беріппін сасқанымнан. – Негені не қыласың, сол айтқан сөзді тыңда, баламнан аулақ жүр, қоңырау шалушы болма, мен сені бәрібір келін қылып алмаймын! – деді де телефонды қоя салды. Көзімнің жасы дес бермей үйге барғаннан таң атқанша жыладым. Дап-дардай кісінің бұл қылығына мен қатты таңқалдым, тіпті ол үшін ұялдым да. Не күлерімді, не жыларымды білмей аң-таң болдым да қалдым. Көпке созып не керек, басымыздан шым-шытырық оқиғалар өтті. Ақыры айырылысып тындық. Екеуіміз еш ұрыссыз, талассыз, басқа жандардың қалауымен айырылыстық.

Қай жерден қателестім? Оның анасымен ерте бастан танысқаным үшін қатты өкінемін. Мүмкін оның үйіне келін болмай жатып босағасын аттап, танысқаным дұрыс болмаған шығар? Өкінемін, өкінемін…»

Ұ.ӨМІРЗАҚОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger