КЕШЕНДІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы сәуір айынан бастап, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған-тын. Іргелі іс еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға және әр азаматты қоршаған ортаны қорғауға ынталандыруға көздейді. Акция еліміздің барлық өңірін қамтып, тұрақты экологиялық болашақ негізін қалады. Экология болашағы үшін миллиондарды біріктірді.
Мәселен, осы жылдың наурыз-қараша айлары аралығында ұйымдастырылған акция 5,83 млн-нан астам адамның басын біріктірді. Ауқымды шаралар аясында жаппай сенбіліктер өткізіліп, оның барысында 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналған. 1,6 млн-нан астам ағаш егілген. Мемлекеттік құрылымдар деңгейінде де, еріктілер мен жеке ұйымдарды қоса алғанда, жұртшылық арасында да белсенді түрде жүйелі жұмыс жүргізілді.
«Таза Қазақстан» шеңберінде заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтер жүргізілді. Аумақтық экология департаменттерімен және жергілікті билік органдарымен бірлесіп, көптеген қоқыс орны түбегейлі жойылды. Ал, «Таза ауа» рейдтері барысында 482 автокөлік мұқият тексеріліп, экологиялық стандарттарды бұзудың 105 фактісі анықталды. 96 жүргізушіге айыппұл мен ескерту түріндегі әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтаудың маңызды екенін тағы бір дәйектеп, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін едәуір арттырды.
Жоталы жобаның ерекше жетістігі – азаматтарға экология саласындағы түйткілдер туралы хабарлауға және кез келген мәселені шешуге қатысуға мүмкіндік беретін @TazaQazBot цифрлық платформасының құрылуы болды. Осылайша, бір жыл ішінде чат-бот арқылы 7 929 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде 7 061 өтінім орындалды, 168-і орындалу сатысында, 23-і өңделуде және 674 өтінім жойылды. Ең жиі келіп түскен өтінімдердің сап басында аумақтарды тазалау – 2 142, тұрмыстық қоқысты шығару – 668, көшелерді абаттандыру – 648, жолдарды жөндеу бойынша – 595 өтінім легі ресми тіркелген.
Өңірлер арасында Алматы көш бастап тұр – 2 014 өтінім. Одан кейінгі орында Астана – 1 587 өтінім. Үшінші орында – 757 өтініммен өндірісті өңіріміз жайғасқан. Чат-бот экологиялық мәселелерді жедел шешуге ықпал ете отырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогтың тиімді құралына айналды.
Қол жеткізілген нәтижелерді нығайту және экологиялық сананы ұзақ мерзімді басымдықта қалыптастыру мақсатында «Халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат экологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды. Тұжырымдама басымдықтарының бірі – жастарды экологиялық жобаларға жұдырықтай жұмылдыру.
Жыл бойы тақырыптық лекциялар, эко-сағаттар және экологиялық зертханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Осылайша, биыл 90 мыңнан астам ерікті азамат абаттандыру және көгалдандыру акцияларына қатысқан. Халықтың экологиялық сауатын арттыру мақсатында қалдықтарды қайта өңдеу, ластану деңгейіне мониторинг жүргізу тақырыптарын жария ету, абаттандыру және эковолонтерлікті дамыту жөнінде конкурстар өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, тұжырымдаманың негізгі бағыты – азаматтардың белсенді қатысуына жағдай жасау. Өз тиімділігін дәлелдеген @TazaQazBot секілді цифрлы платформаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Одан бөлек, экологиялық нормалардың сақталуына және экологиялық стандарттардың енгізілуіне бақылау күшейтілуде.
Сонымен қатар, келесі жылы тұрақты экологиялық басқару жүйесін құру үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту көзделген. Аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру бойынша ауқымды республикалық акциялар өткізу жоспарланған. Бұған қоса, шығарындылар көлемін азайту және экологиялық стандарттарды бақылау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі. Цифрлы технологиялар мен медиа ресурстарды қоса алғанда, халыққа экологиялық білім беру бағдарламаларын дамыту ойда бар.
«Таза Қазақстан» бастамасы аумақтарды тазалаудан әлдеқайда ауқымды міндеттерді қамтиды. Бұл – азаматтардың, бизнестің, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіретін, экологиялық тұрғыдан саналы өмір салтын насихаттайтын қозғалыс. Кешенді шаралар мен инновациялық технологияларды енгізудің арқасында Қазақстан экологиялық саулыққа, орнықты дамуға және болашақ ұрпақ үшін қолайлы орта құруға қарышты қадамдар жасап отыр.
Облыстың экология департаменті полигондарға қарсы күресте космомониторингті белсенді қолдануды жалғастыру үстінде. «Ғарыш сапары» геопорталының суреттерін сараптаудың арқасында биыл 704 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Оның 48-і расталмағанымен, жалпы санының 97%-ы жойылды.
Ғарыштан алынған ақпаратты пайдалана отырып, азаматтар мен ұйымдардың мәлімдемелерін пысықтай отырып, экология департаментінің қызметкерлері полиция өкілдерімен бірлесіп, 151 рейд жүргізді. Нәтижесінде шағын көлемді қоқыстарды жоюға 48 ескерту берілді, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 1 500 000 теңге шамасындағы 41 хаттама жолданған (қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу).
– Өткен жылы табиғи полигондарды тазарту бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстарға қарамастан, бүгінде тұрмыстық қалдықтар ошақтары сол жерлерде қайта пайда болып жатады. Мұндай жерлер туралы білетін адамдар ресми полигондарды кәдеге жарату үдесінде ақы төлемеу үшін қалдықтарды сол жерге тастауды жалғастыруда, – дейді экология департаментінің бөлім басшысы Бота Сағатаева.
– Сондықтан, стихиялық полигондардың тұрақты қайталану учаскелерінде рейдтер санын көбейтіп, бейнебақылау орнатқанын қалаймын. Мысалы, Балқаш шаһары осы табысты тәжірибені ұстанды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ