Коалиция мүшелері Қарағанды жұртшылығымен кездесті
Қарағанды облысы орталығында Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қатысуымен жаңа Конституцияны талқылауға арналған ауқымды кездесу өтті. Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылған жиынға 150-ге жуық адам жиналып, қоғамдағы өзекті өзгерістер төңірегінде ашық пікір алмасты.
Қатысушылар қатарында қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық пікір көшбасшылары болды. Кездесуде билік тармақтарын түбегейлі жаңарту, этносаралық келісімді сақтау мен нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясы институттарын реформалау және жаңа консультативтік орган – Халық кеңесі құру бастамалары жан-жақты сараланды.
Ассамблея өкілдері көпэтносты қоғам үшін сенім, теңдік пен өзара сыйластық қағидаттарының маңызына тоқталып, бұл ұстанымдардың жаңа Конституция преамбуласынан бастап айқын көрініс тапқанын атап өтті. ҚХА қызметін қайта форматтау мәселесі жеке блок ретінде қарастырылып, оның тарихи рөлі мен қазіргі қоғамдық процестерге бейімделу қажеттілігі айтылды.
Президент ұсынған Халық кеңесі этномәдени бірлестіктер өкілдерін, мәслихат депутаттарын және азаматтық секторды бір алаңға тоғыстыратын жаңа диалог форматы ретінде бағаланды. Аталған орган елдегі маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді, соның ішінде этносаралық қатынастарды талқылауға азаматтарды кеңінен тартатын басты платформаға айналады деп күтілуде. Заңнамалық бастама жасау мүмкіндігі бұл құрылымға қоғам сұранысына сай күн тәртібін жүйелі түрде ілгерілетуге жол ашпақ.
Кездесу қорытындысында қатысушылар өңірдің әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, қоғамдық бірлікті нығайту және әділеттілік қағидаттарын бекіту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға әзір екенін білдіріп, жаңа Конституцияны толық қолдайтындарын жеткізді.
Материалды әзірлеген – Аида Рахымқұлова.

