Конституция жобасы билік тармақтарын үстем етпей, құқықтық олқылықтарды жояды – Перуашев

Просмотров: 7

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер теңгерімі туралы пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында былтыр қазан айында құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының арнайы отырысында жан-жақты талқыланған.

«Сол кезде-ақ біз Президент пен Құрылтай өкілеттіктерін нақты ажырату тәсілдерін талқылап, ортақ ұстаным қалыптастырдық. Осы тұрғыдан алғанда, дайындалған жаңа Конституция жобасында бұл өкілеттіктер жеткілікті дәрежеде теңгерімді бөлінген деп есептеймін», – деді Азат Перуашев.

Оның сөзінше, Президент Республикадағы ең жоғары лауазымды тұлға ретінде биліктің барлық тармағы – заң шығарушы (Құрылтай), атқарушы (Үкімет) және сот билігінің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

«Сондықтан Президент пен Құрылтай арасындағы өзара қатынасты “саяси монополияны сақтау немесе күшейту” деп бағалау – конституциялық реформаның мәнін бұрмалау. Президент пен Құрылтайдың өзара қатынасы – әртүрлі билік тармақтарының емес, тұтас биліктің халық алдындағы жауапкершілігі институты мен сол билік тармағының бірінің арасындағы қатынас», – деді депутат.

Ол әзірленген Ата заң жобасы биліктің бір тармағын екіншісінен жоғары қоюды көздемейтінін атап өтті. Жаңа Конституцияда өкілеттіктер неғұрлым тең әрі үйлесімді түрде бөлінген жүйе қалыптастырылады.

«Бұл жаңа саяси жүйе арқылы жүзеге асады. Қоғам мүддесін білдіру функциялары Халық Кеңесін құру арқылы кеңейтіледі, ал Құрылтай кәсіби заң шығару қызметіне толықтай шоғырланып, барлық заңнамалық өкілеттікке ие болады», – деп атап өтті Азат Перуашев.

Сондай-ақ, ол ұсынылған шешімдер Президенттің өкілеттігін кеңейтпейтініне тоқталды. Керісінше, қазіргі заман талаптары мен еліміздің ұлттық мүдделерін ілгерілету қажеттілігін ескере отырып, бұрын болған құқықтық олқылықтарды толтырады.

«Бұл реформа өз идеологиясы жағынан 2022 жылғы конституциялық реформаның логикалық жалғасы және оны жаңа сапалық деңгейде дамыту болып табылады. Сол кезде-ақ Президенттің Парламентке ықпалын шектейтін нормалар енгізілді. Атап айтқанда, Президенттің партия мүшесі болуына тыйым салынды. Бұл Құрылтайдың партиялық тізім бойынша сайлануы жағдайында заң шығарушы органның тәуелсіздігін күшейтеді», – деді спикер.

Азат Перуашевтің пікірінше, Парламентке бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру өкілеттігінің берілуі, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерінің күшеюі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында өкілеттіктер теңгерімінің нығайғанын айқын көрсетеді.

Осыған байланысты депутат «Ақ жол» партиясының аталған конституциялық реформаны тиісті және өзге де заңдар арқылы жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған