Ұлттық экономика министрі Қазақстанның даму болжамын айтты

Просмотров: 27
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылғы 30 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қарауға енгізді, деп хабарлайды 247media.kz

Ол болжамды қалыптастырудың негізі ретінде мұнай бағасы барреліне 75 доллар және доллар бағамы 470 теңге болатын базалық сценарий алынғанын атап өтті.

«2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,6%, бес жылдағы ЖІӨ–нің орташа жылдық өсімі 5,4%-ды құрайды деп болжануда. Номиналды ЖІӨ 2025 жылы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық салаларында өсу күтілуде. Мәселен, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 4,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8%, тау-кен өндіру өнеркәсібінде-2,9% -ды құрайды», — деді Нұрлан Байбазаров.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсім — 5,3%, құрылыста – 9,3%, көлік қызметтерінде — 8,2% және саудада — 7,1%-ды құрайды.

«Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Тауарлар экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард доллардан 2029 жылы 90 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда. Импорт 61,3 млрд доллардан 67,5 млрд долларға дейін ұлғаяды», — деді Нұрлан Байбазаров.

Министр инфляция 2025 жылы 5,5-7,5%, 2026 жылы 5-6% деңгейінде айқындалатынын, кейіннен 2027-2029 жылдары 5% – ға дейін төмендейтінін атап өтті.

Бұған дейін Бектенов 2030 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қанша қаражат бөлінетіндігін айтқан болатын. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған