Мұстафина ауылының тұрғындары салынған көпір үшін Президентке алғыс айтты
Биылғы жылдың 16 қазанында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин ауылында үлкен қуаныш болды – Нұра өзені үстінен салынған жаңа көпірдің ашылу салтанаты өтті.
Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін зор жаңалық болды, себебі ескі өткел 2015 жылы су тасқыны кезінде қирап қалған еді. Сол кезде еліміздің түкпір-түкпірінен көмек көрсетіліп, адамдарға моральдық және материалдық қолдау жасалды, жаңа үйлер салынды. Алайда өткен ғасырдың 60-жылдары бой көтерген ескі көпір қатты зақымданған болатын. Содан бері тұрғындар Теміртауға бару үшін айналма жолмен шамамен бір сағат жүруге мәжбүр еді – бұрынғы 12 шақырымдық жолдың орнына 40 шақырымды еңсеруге тура келді.
Ауылдық округтің төрайымы Татьяна Пчелинцева былай дейді:
– «Шынында да, көпір апатты жағдайда болды. Табиғи апаттың күшіне шыдамай, тіреу бағандары қисайып кеткен. Жаңа өткел салу қажеттілігі туындады. Біз бұл мәселе бойынша түрлі инстанцияларға жүгіндік, ақыры біздің өтінішіміз ескерілді. Бұл істі көтеріп, белсенді еңбек еткен ауыл тұрғындарының бірі – Петр Федченко мен Лев Базелев. Мысалы, Петр Афанасьевич – зейнеткер, жасы 86-да. Соған қарамастан, әрдайым ел ішімен бірге, маңызды мәселелердің шешіміне атсалысып жүреді. Бұл – үлкен еңбек! Көпір құрылысына дейін де қыруар дайындық жұмыстары атқарылды. Жоба 2023 жылы іске асырыла бастады. Ал бүгін, міне, көптен күткен қуанышқа жеттік».
Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары бұл игі істі зор қуанышпен қабылдап, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады.
– «Біз көпір салу жөнінде түрлі мемлекеттік органдар мен мекемелерге көптеген хаттар мен өтініштер жібердік. Бұл оңай іс емес еді, үлкен қаржылық қаражатты қажет етті. Біздің үндеу ескерусіз қалған жоқ. Осы іске атсалысқан барша адамға, облыс депутаттарына және жергілікті билік өкілдеріне алғысымыз шексіз», – деп ризашылықтарын білдірді ауыл тұрғындары.
Жергілікті халықтың айтуынша, жаңа көпір өңірдің дамуына серпін береді: көлік қозғалысы артып, жүк тасымалы жеңілдейді, сонымен қатар жұмыс орындары көбеюі мүмкін. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарып, өмір сапасы арта түспек.

