Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері: талдау нәтижелері және қорытындылар

Просмотров: 9

Мемлекеттік қызметшілер еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты қорғау, тиімді еңбек жағдайлары, сондай-ақ, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қорғалуға қамтамасыз етілуге құқылы.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру және іссапар шығындарын өтеу тәртібінің сақталуына талдау жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Еңбек демалысын беру тәртібі

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 54-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге жыл сайынғы күнтізбелік 30 күндік ақылы еңбек демалысы және екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы беріледі.

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

Алайда, талдау барысында 293 мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысына төлемақы заңда белгіленген мерзімнен кеш төленгені – яғни демалыс басталғаннан кейін ғана аударылғаны анықталды.

Іссапар шығындарын өтеу

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 57-бабы мемлекеттік қызметшілерге іссапар кезіндегі шығыстарды өтеуді міндеттейді. Соған қарамастан, бірқатар қызметшілерге жол жүру ақысы, тұрғын үй жалдау және тәуліктік шығындар белгіленген мерзімде төленбегені анықталды. Нақты айтқанда, 1177 қызметшінің іссапарға қатысты төлемдері кешіктіріліп жүргізілген.

Бұл жағдайлар Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, кеңес мүшелері тарапынан мемлекеттік органдар басшыларына заң талаптарын қатаң сақтау туралы ескерту жасалды.

Заңсыз үстеме жұмыс мәселесі

Департаментпен мемлекеттік қызметшілерді заңсыз үстеме жұмысқа тарту фактілеріне де тұрақты мониторинг жүргізілуде. Тексеру ұйымдарға бару арқылы және қол жеткізуді бақылау жүйесін талдау арқылы іске асырылады. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 133 қызметшінің құқығы тынығу сағаттарын беру арқылы қалпына келтірілді.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі таңда өңірде 36 қызметші осындай режимде жұмыс істейді, бұл олардың еңбек тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Арыз-шағымдар бойынша құқықтарды қорғау

Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілермен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басым бағыттарының бірі.

Мәселен, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерден түскен өтініштер негізінде жүргізілген тексерулер де құқық қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде 9 азамат пен 4 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтау – олардың кәсіби міндеттерін адал және тиімді орындауына жағдай жасап қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыратыны сөзсіз.

Б.Макеев,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша

департаменті басшысының орынбасары,

Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған