Мені зорлаған жігіттер танысымның достары болып шықты…

ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, Астана қаласындағы медициналық университеттің студенті атандым. Сол арман қуған студенттік күндерім мен үшін ұмытылмас кезең еді… Тағдырым осылай бір күнде бұрылып жүре береді деп кім ойлаған.

Сол бір кешкілік уақыт әлі көз алдымда. Оқуымыз көбіне түстен кейін басталатын. Біз сабақтан шыққанда қыс болғандықтан күн ұясына тез батып, қараңғылық ерте түсетін. Жатақхана мен оқу орны қашық болмағандықтан, құрбым Айжанмен жатақханаға жаяу қатынайтынбыз. Сол күні Айжан туысқандарының үйіне баратын болды, сондықтан мен жалғыз жатақханаға қарай аяңдадым. Жол жиегінде бір машина тоқтап тұр екен. Мен арғы бетке өтпек болып, жолға жақындай бергенде ішінен бір жігіт шығып, маған тіл қатты:

— Қарындас, қайда барасыз, апарып тастайық!

Менің бойымды үрей билеп, бірден «жоқ» дедім. Жолдың арғы бетіне өте берем дегенде, ішінен тағы бір жігіт шығып, екеуі бірден мені сүйрелеп, машинаға итеріп үлгерді. Өзім де не болғанын ұқпай жүрегім дүрсілдеп, айқайлап, жұлқынып, шыңғыра бастадым. Ұғатын олар емес еді. Музыканың дауысын қатты қойып, артында отырған жігіт менің екі қолымды қысып, тырп еткізбеді. Аузынан арақтың иісі мүңкіп тұр екен. Өздері ерекше мәз. Бір- біріне қарқылдап, қыздардың бәрі осылай басында жұлқынып, құтырынады артынан риза болады деп қояды. Бір минутта көз алдымнан бүкіл өмірім пойыз жүрісіндей зулап өтті. Осымен өмірім біткені ме өлтіріп бір жерге лақтырып кетсе ше? Қорқыныш пен күдік, өкініш пен үміт сан қилы ойлар өтіп жатты. Құрметті, оқырман! Сол кездегі менің басымдағы жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өмір мен өлім. Арпалыс…

Сонымен жүйткіп келе жатқан машина қаланың шетінде бір жер үйге барып тоқтады. Үй емес, шағын саябақ екен. Айнала қап-қараңғы. Қыбыр еткен жан көрінбейді. Машинаны тоқтатып, алдында отырған арықша келген жігіт қақпаға қарай бет бұрды. Шам жақты. Қақпанын есігін ашып, машинаны аулаға кіргізді. Мен айқайлап-айқайлап, жұлқынып, тепкініп біраз әлім құрып, дел-сал күйде отырмын. Артта отырған жігіт машинадан түсіп, маған «шық» деді. Мен есіктің тұтқасын ұстап алып, аяғыммен жігітті тепкілей бастадым. Еңгезердей қарулы жігіт қойсын ба мені шапалақпен бір ұрып, иығына көтеріп үйге қарай алып жүрді. Үйде көптен бері адам болмағаны білініп тұр. Шағын екі бөлмелі үй. Мені үйге кіргізіп, төргі бөлмеде тұрған төсекке тастай салды. Мен өзім енді жаңағы үйге көтеріп кіргізген жігітке жалына бастадым:

— Ағатай, құлың болайын, маған тиіспеңіздерші. Мен ешкімге ештеме айтпаймын. Сіздің де қарындасыңыз бар шығар… Босатыңызшы, ақша керек болса анам ақша береді. Мен ер адаммен болып көремеген пәкпін…

Курткамның замогын қымтап ұстап алып, өзіме қарай жақындаған еңгезердей жігітті аяғымен тепкілей бердім. Шыңғырып, айқайлап, жылай бердім. Кезек- кезек келген еркектер менің жылап, айқайлағаныма да қарамады. Арғы жағы есімде жоқ…

Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашсам жерде жатырмын. Басым мен-зең. Дірілдеп тоңып жатырмын. Үстімде киім атаулының бірі жоқ. Маңайыма қарасам, үйді басына көшіріп қорылдап төсекте бір жігіт ұйықтап жатыр. Сүйретіліп орнымнан тұрып, киімдерімді іздей бастадым. Шашылған киімдер, басым солқылдап, өне бойым қозғалтпай барады. Басым айналып, қайтадан талықсып кетіппін. Бір уақытта бетіме шашылған судан селк етіп ояндым. Ұқпаймын. Не болды, мен қайда, бұлар кімдер? Сансыз ми айналған сұрақтардан жер-дүние айналып кеткендей. Тұрайын десем әлім жоқ.

— Киін, — деген қатқыл дауыстан шошып, жалма-жан қолыма түскен киімдерімді кие бердім. Жылайын десем дауысым шықпайды. Жерде киініп отырған мені арықша келген жігіт сүйреп тұрғызды да келесі бөлмеге алып барды. Үстел басында отырған екі жігіт мені көріп:

— Отыр! Сен бізді танымайсың! Егер де біреуге айтсаң, өмірің не болатынын білетін шығарсың. Біз сені тауып аламыз,- деп, менің сөмкемді маған қарай лақтыра салды. Сөмкемде құжаттарым болған.

— Ия, ия, — деп мең-зең күйде басымды изей бердім.

Ойым, тек мына айуандардан құтылу еді. Басқасын ойлап тұрғам жоқ. Тек осы жерден кетсем екен…

Сағат таңғы жетілер шамасында олар мені сол жол жиегіне әкеліп тастады. Дір-дір етіп, сүйретіліп жатақханаға әрең жеттім. Түрімнің де оңып тұрғаны шамалы. Курткамның күләпарсын басыма киіп алып, вахтада бөгелместен бірден бөлмеме қарай тарттым. Бөлмеге келіп, төсекке құладым. Бөлмеде Айжаннан басқа екі қыз ұйықтап жатыр екен. Олардың сабаққа кеткенін күтіп, басымды бүркеп, ұйықтаған болып жатырмын. Ондай кезде уақыт өтсін бе? Әншейінде ерте шығатын қыздар да жайланып жүріп алды. Мен өзімнің сабаққа бармайтынымды, ауырып қалғанымды айттым. Олар да аса мән бермеді. Қайда болдың деп те сұраған жоқ. Қыздар бөлмеден шыққан бойда, мен есікті іштен кілттеп, айнаға барып түріме қарадым. Енді ақ пәк Айзада емес, үш айуанның құрбаны болған, пәктігінен айырылған, қыз ғұмыры ерте үзілген Айзада тұр еді. Түрім кісі шошырлық, көзім домбығып, еріндерім дүрдиіп ісіп кетіпті. Өне бойым біреу тепкілеп тастағандай өте ауыр. Айқайлап жылағым келеді, бірақ жылай алмаймын. Көзімді жұмсам көз алдымда үш қанішердің бейнесі, құлағымда дауыстары… Өлгім келеді… Қалай өлемін, өлу деген оңай емес екен. Әкемнің жоқтығы есіме түсті, шіркін, әкетайым сен болсаң қорғар ма едің, олар менің әкемнің жоқтығын біліп, басынғандай. Қыздар сабақтан келгенше төсектен тұрмай жаттым. Мен үшін өмір тоқтап қалғандай. Ас та батпайды. Тек бәрін ұмытып ұйықтап кетсем ғой деп армандаймын. Қайдағы ұйқы… Солай орнымнан тұрмай төрт күн жаттым. Бөлмедегі қыздар ештеме сезбеді. Өзім жасымнан тұйық болғандықтан ешкімге ештеме дей алмадым және білдірмеуге тырыстым. Не болса да бәрі ішімде еді. Арпалысқан дүние. Телефонымды да қосуды ұмытыппын. Айжанға анам хабарласқан екен.

Күндер өтіп, оқуымды жалғастырдым. Бірақ бұрынғы өмірге құштар Айзада жоқ еді. Сабаққа барамын, келемін, басқа ештеме қызық емес. Демалыста анама әртүрлі сылтау тауып Қарағандыға да баруды қойдым. Анда-санда қорқынышты түстер көремін, бастырылып, өзімнен өзім шошынып оянамын. Сонымен қойшы күндер өте берді. Аздап қатарға қосылғандаймын. Бірақ кеудеде қалған сыз кетсін бе? Көшеде үлкен ер-азаматтарды көрсем, бірден денем дір ете түседі. Жазғы сессия басталды. Аман-есен тапсырып, Қарағандыға қайттым. Анамның құрбысы базарда сауда сатушы еді. Бос отырмайын деп сауда сатуға шықтым. Бір күні жұмыста аяқ астынан жүрегім айнып, құсқым келді. Ойымда түк жоқ тамақтан уландым деп ойладым. Жұмыстан ауырып тұрағынымды айтып, үйге келіп жатып қалдым. Тағы да жүрегім айнып, басым айналғандай. Кешке анам келді жұмыстан. Кешкі асқа тәбетім жоқ. Анам да «ұшынып қалғансың ғой», — деп жеті қалампыр қайнатып ішкізіп, «дем ал» деді. Келесі күні тағы да жұмысқа кеттім. Базарда басым айналып, жедел жәрдем шақырыпты. Ауруханадамын. Алып-ұшып анам жетті. Дәрігермен сөйлесіп келген анамның түрі бұзылып, мені құшақтап:

— Қызым-ау, мен сені оқу оқысын деп жіберген едім, мынауын не, ел бетіне қалай қараймын ?

Мен ештемеден хабарым жоқ:

— Не болды, анашым?, – деп сұраулы жүзбен анама қарай беріппін.

— Сенің аяғың ауыр екенін неге айтпағансың, әкесі кім?

Аяғың ауыр… Бұл сөзді естігенде үстімнен біреу суық су құйып жібергендей болды. Аспан айналып жерге түскендей. Үнсіз мелшиіп қаттым да қалдым. Көз алдыма үш опасыз бейнесі елестеп, дауыстары құлағыма келді. Анамның айтып жатқан сөзінің бірін де естімедім. Өз ойым өзімде.

Сонымен менің аяғым ауыр екен, сенесіз бе бес айлық бейкүнә сәби ішімде. Мен өзімнің етеккірімнің уақытында келмегеніне де мән бермеген екенмін. Анама ештеме айтпадым. Сол ашылмаған сыр сол күйі жұмбақ күйінде қалды. Не сұраса да үндемей құтылдым. Анам жасанды түсік жасатасың, бір жетім баққанмын, енді екінші жетімді баға алмаймын деді. Ал мен болсам, аналық сезімім оянды ма әлде бір Алла қуат берді ме ішімдегі сәбиді алып тастауға қарсы болдым. Мен үшін ішімдегі сәбидің өмірі қымбат еді. Армандарым сол қысқы кешқұрымда үзілген. Не болса да басқа түскенді көремін деп ойладым. Таңертең анам мен өгей әкем жұмысқа кеткенде, тілдей қағазға «Мені іздеме, өзім хабарласамын» деп жаздым да үйден шығып жүре бердім. Бағытым – армандарым сағым болған Астана, балалық күлкім көкке ұшқан, пәктігімнен айырған – Астана. Қалтамда саудадан киім аламын деп жинаған ақшам бар. Автобустан түсіп, алғаш қалаға келгенде жатақхана алғанша тұрған Валя есімді әженің үйіне тарттым. Әжейдің үйі вокзал маңындағы ескі барак үйлерде. Балалары Ресейде тұрады. Үйде Тоня есімді мысығы бар. Әжейдің үйіне келіп, каникулда жұмыс істемекшімін, бөлмесін жалға алмақшы екенімді айттым. Әрине, бөлмеге қалта тар, бір төсек. Бұрын мен тұрған бөлмеде жасы қырықтарда Зина есімді келіншек тұрады екен. Ол Степногорск қаласынан келіп, асханада аспазшы болып жұмыс істейді. Жолым болып шағын асханаға ыдыс жуушы болып орналастым. Айлығы көп болмаса да пәтер ақысы мен жүріп-тұруыма жеткілікті еді.

Осылайша екі ай өтті. Ұялы телефонымды қоспаймын. Тек анда-санда анама хабарлама жазамын, «менде бәрі жақсы, іздеме, өзім хабарласамын». Аздап ішім біліне бастаған. Үйдегі әжей менің аяғым ауыр екенінен хабарсыз. Тек Зина біледі. Өзінің жеке басының проблемалары көп болғандықтан, «әкесі кім?» деген сияқты сұрақтармен басын ауыртпады, мен де ештеме айтпадым. Бір күні жұмыста аяқ астынан ішім бүріп ауырып, жедел жәрдем шақырып ауруханаға түстім. Толғақ қысып, қиналып, дүниеге жеті айлық қыз баланы әкелдім. Баланы көргенде бүкіл қиындығым ұмытылып, аналық мейірімім ояна берді. Қандай әкеден болса да бала жазығы не? Сол ауруханада менің бағыма, ал менің оның сорына кездестім бе бір дәрігер аға болды. Жасы қырықтардан асқан отбасылы азамат еді. Ол кісі мені өзі босандырғандықтан маған жиі келіп, жағдайымды біліп тұрды. Бір күні аға келіп, баланың жағдайы жақсы екенін, жуық арада мені ауруханадан шығартындықтарын, туыстарыма хабарлау керектігін айтты. Бірақ, осы уақытқа дейін менің туысқандарымның неге келмегендігін де сұрады. Ауруханадан шығарамыз дегенде мен тағы да біраз жата тұрсақ бола ма деппін. Көзімдегі мөлтілдеген жасты көріп, дәрігердің жаны ашып, үнсіз шығып кетті. Қасымдағы әйелдер де менің күйеусіз бала тапқанымды әртүрлі жорып, маған аянышпен қарайды, біреуі жаны ашып бірдемелерін ұсынып жатады. Ал мен болсам сәбидің тәтті иісіне мас болып, қайда, кімге баратыным туралы ойламаппын. Келесі күні медбике мені дәрігер кабинетіне шақырып жатқандығын айтты. Дәрігер ағайға мен жылап отырып, бүкіл ешкімге айтпаған сырымды ақтарып салдым. Ол кісіде менің жан-дүниемді ақтартқан қандай күш барын кім білсін. Өмірі ешкімге ашылмаған мен психолог алдында отырғандай, бүкіл өмірімдегі аянышты тағдырымды жайып салдым. Әкемдей адамды тірек көрдім бе әлде өзіме жаны ашып тұрған жылы жүзді көрдім бе маған белгісіз…

Таңертең медбике келіп, бізді ауруханадан шығаратындықтарын айтты. Түске қарай дәрігер ағайым келіп, балам екеуімізді машинасына отырғызып, Көкталдағы бір таныстарының үйіне әкелді. Үйдегілер біздің келетінімізден хабардар болса керек, жылы шыраймен қарсы алды. Үй иесі жетпіске жақындаған әжей мен ата. Ұққаным, ағайым бұл отбасының қыздарын өлім аузынан арашалап қалған дәрігер екен. Сол жақсылықты ұмытпаған үй иелері бізді қабылдауға келісім берген сияқты. Ағайым жалғыз бізге емес, бүкіл адамдарға қол ұшын беріп үйренген мейірімді жан сияқты. Біз сол үйде тұрып жаттық. Жас иісті көрген ата мен әже де мәз. Қызым да тыныш. Тамаққа тойса болды, ұйқыға бас қояды. Өзім аздап үй шаруасына болысамын. Анда-санда ағайымыз келіп, керек-жарақ, ас-суымызды әкеп беріп кетеді. Балама үш ай болғанда ағайым бір медорталықтан кешкілік еден жуушы жұмысын тауып берді. Жұмысқа автобуспен қатынаймын. Кей уақыттары «қамқоршым» жұмыстан үйге әкеліп тастайды. Әкемнен көрмеген жақсылықты осы кездейсоқ кездескен адамнан көремін деп кім ойлаған. Анама да хабарласып босанғанымды дүниеге Айша есімді қызды әкелгенімді, жағдайымның жақсы екендігін айттым. Сондай күндердің бірінде ағайым маған хабарласып, жұмысқа соғып маған әжейдің бір құжатын бермек болды. Ағайым келіп тұрмын деп хабарласқан соң далаға шығып машинаға қарай жүрдім. Машинаға жете бергенде машина сыртында ағайым бір ер адаммен әзілдесіп, сөйлесіп тұрғанын көрдім. Ойымда түк жоқ құжатты ала беріп, қасындағы ер адамға қарап, мелшиіп қатып қалдым. Жер-дүние айналып жүре берді. Қасындағы ер адам мені зорлаған қанішердің біреуі. Ол мені таныса да танымаса да селт етпей әңгімесін соғып тұр. Ал мен сол адамның мені зорлаған адам екенін жүз пайызға анық таныдым. Құжатты алдым да жұмысыма қарай жүгіре жөнелдім. Ойымда сан түрлі ойлар. Бұл адам менің ағайымның қасында не істеп жүр, кім, қандай жақындықтары бар? Көкейімде осы сұрақ. Жұмыс аяқталып, сансыз сұрақ жетегімен үйге қалай жеткенімді де байқамаппын. Түнімен ұйықтағам жоқ. Өксіткен өмірдің жарасы тырналғандай. Айтсам ба, айтпасам ба дәрігер ағайға деген сансыз ойлар мазалай берді.

Келесі күн жексенбі еді. Қызыммен аулада серуендеп жүргенбіз. Аула есігі ашылып, ішке дәрігер ағамыз кіріп келе жатыр. Аман-саулық сұрасып, баламның қолын ұстап жатқанда мен бірден жұлып алғандай

— Сізге бір сұрақ қойсам бола ма? — дедім

— Ия, тыңдап тұрмын.

— Кешегі сіздің қасыңыздағы ағай кім?

— Ол менің ең жақын достарымның бірі. Неге сұрадың?

— Сіз білесіз бе, мені зорлаған үш жігіттің бірі СОЛ!, – деп баламды көтеріп үйге кіріп кеттім. Баламды айналшықтаған болып, бөлмемнен шықпадым, жан-дүнием байыз табар емес. Бір уақытта бөлмеге түрі бұзылған ағайым келіп, «сөйлессек бола ма» деді. Баланы әжейге ұстатып соңынан ере бердім. Есік алдында отырып ұзақ сөйлестік. Соңында ағайым бәрін ұқты. Үн-түнсіз кете берді.

Күндердің күні медорталыққа ағайымның «досы» іздеп келді. Егер де өткенде болған оқиғаны біреуге айтсаң өзің де дәрігерің де құриды. «Біз саған не деп едік» деп қорқытты. Мен «ия», «ия» деп басымды изей бердім. Ешкімге ештеме айтпастан анама хабарласып, үйге келетінімді айттым. Ана жүрегі қайтсін, менің келетінімді естіп, балаша қуанды. Үйге келдім де заттарымды жинап, үй иелеріне алғысымды айтып, Қарағандыға тартып отырдым. Біраз уақыт өтіп, балама жеті ай болғанда Астанаға жұмысқа баратынымды айттым. Қызым Айша анам мен әкеме бауыр басқан. Олар қарсы болмады. Астанаға келіп, қыздармен пәтер жалдап тұрып, сауда үйіне жұмысқа тұрдым. Ойыма ылғи да дәрігер ағайым түсе береді. Ол кісі маған ренжулі шығар, қайдан білсін зияным тимесін деп кетіп қалғанымды. Сыйлығымды алып, Көкталға қиын күндерде пана болған атам мен әжейге бардым. Олар мені көріп балаша мәз болып, Айшаны сұрап жатыр. Сөз арасында дәрігер ағайым туралы сұрадым. Әжей күрсіне отырып, дәрігер ағайымның мен кеткеннен кейін үш күннен соң аварияға түскенін және де мүгедек болып екі аяғы жүрмей, арбаға таңылып, әйелінің тастап кеткенін, қазір шешесінің үйінде екенін айтты. Әжейден дәрігер ағайымның үйінің мекенжайын алып, қоштасып үйге қайттым. Келесі күні жұмыстан сұранып, берген мекенжай бойынша ағайымды іздеп бардым. Ағайым мені күтпесе керек, көріп таң қалды. Жүдеген. Құлазыған. Бірақ ештемені сездірмеді. Біраз қасында отырып келесі күні жұмыстан соң тағы бардым. Осылайша күнде барып тұрдым. Анасы менің бұрынғы өмірімнен хабардар болса керек, ұлымның арбаға таңылғаны «сенің кінәң» деп мені жақтырмады, кейіннен қабылдай бастады. Ағайым достарына қызды зорлағандарың үшін заң алдында жауапқа тартыласыңдар, ДНК тапсыртып баланың әкесін дәлелдейміз, қыз баланың өмірі қор болды деп шу шығарған сияқты. Мені қорқытқан күні достары ағайымды да өмірімен қорқытқан екен. Амал не, содан кейін аяқ асты ағайым жол апатына түсіп, ауруханада ес-түссіз біраз жатқан сияқты. Ал достары сол беті қарасын да көрсетпеген екен. Ағайымның да олармен «алысатын» жағдайы жоқ. Сүйген жары бір күнде өмірбойы мүгедек адамды баға алмаймын деп баласын алып төркініне кетіп қалыпты. Ас-суын беріп, күтіп отырған кәрі анасы ғана. Екеуінің де күні сол бір зейнетақыға қараған. Бір күні ағайым маған былай деді: «Бұл аварияны кім жасаса да бір Алла жазаларын берер! Мен ешкімді кінәламаймын. Алланың сынағы болар, «басқа түссе баспақшыл» деген. Ар-ұятты табанға сап таптаған, зорлықшылдар бір Алладан өз жазасын алар. Ең бастысы — өмірде ұққаным бір тиындық құны жоқ достарымның жақындығы бөтелкелес болудан әрі аспады. Кіммен дос болғанымды енді ұққандаймын».

Қазір де барып тұрамын, неге маған қиындық күндерде қол созған адал азаматты басына күн туғанда тастап кетуім керек?! Мен үшін өз өмірін қиған ер-азаматқа өз өміріммен қарыздармын. Күнде кешкілік ағайым мені күтетіндей. Әңгімеміз жарасып, бір-бірімзге тірекпіз. Бір қызығы ағайым ақырындап орнынан тұрып, аздап қабырға жағалап жүретін болып жүр. Бұл ешкім күтпеген тіпті дәрігерлердің өзі таң қалған жаңалық болды. «Аққа құдай жақ!» деген осы шығар, бәлкім…

Толығырақ: alashainasy.kz

Advertisment ad adsense adlogger