МЕТАЛЛУРГ ДАҢҒЫЛЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?
Теміртау әкімі Ғалым Әшімов пен мердігерлердің қатысуымен өткен кеңестердің бірінде «КөкшетауАвтоДор» ЖШС өкілдері қараша айының ортасына қарай жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған даңғылдың екі учаскесін ашуға уәде берген еді. Алайда бұл уәде орындалмай, тұрғындардың көптен күткен оқиғасы тағы да кейінге шегерілді.
«КөкшетауАвтоДор» ЖШС учаске басшысы Азамат Омаровтың айтуынша, Металлургтер даңғылының жөндеуден өтіп жатқан учаскелерін 10 желтоқсанға дейін ашу мерзімінің кейінге қалдырылуы жарық тіректерін орнату және оларды қосу, сондай-ақ реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жұмыстарының аяқталу қажеттілігімен байланысты. Бұл элементтердің толық дайын болмауы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Құрылысшылар бұл жобаның Теміртау тұрғындары үшін маңыздылығын түсінеді және жұмыстарды тезірек аяқтап, қозғалысты қауіпсіз қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.
Металлургтер даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың жылы кезеңінің басында басталған болатын. Алғашында даңғылдың бір жағын жаз мезгілінде аяқтау жоспарланған. Алайда жылу трассасын төсеумен айналысқан мердігерлердің кешігуіне байланысты, жол жөндеушілер өз жұмыстарын құбырларды монтаждау аяқталғанға дейін бастай алмады.
Қазіргі таңда екі учаскеге жаңа асфальт төселген, бірақ қозғалысты ашу үшін жарық тіректерін, жол белгілерін орнатып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Учаскелер техникалық тұрғыда жабық болғанымен, көлік жүргізушілері оларды пайдаланып, өздері мен басқалардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Металлургтер даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталуы жоспарланған. Жобаның жалпы мерзімі үш жылға есептелген.
Өз тілшімізден.