Нашақорлыққа қарсы ауқымды акция ұйымдастырды.
Бүгін қаламызда полицейлер мен еріктілер бірлесе отырып, нашақорлыққа қарсы ауқымды акция ұйымдастырды. Басты мақсат есірткі жарнамасының жолын кесіп, заңсыз жолмен табыс табудың түбі – түрме екенін түсіндіру.
Акцияны Теміртау қаласының әкімдігі, ішкі саясат бөлімі мен полиция басқармасы бірлесіп ұйымдастырған. Шараға күзет қызметінің өкілдері, еріктілер орталығының белсенділері мен колледж студенттері қатысты.
Шара барысында күзет қызметі мен полиция бірлестіп, қала көшелеріне автошеру ұйымдастырды. Сол арқылы тұрғындарға нашақорлықтың адам тағдырын ойрандайтын дерт екені айтылды. Ал, белсенділер болса, тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жарнамаларды жоюға және ескерту парақшаларын таратуға атсалысты.
Айта кету керек, бүгін акция барысында мыңға жуық жарнама боялды. Бұған дейін ұйымдастырылған акцияларда жалпы саны үш мыңнан астам жарнама өшірілген.