ӨНЕРДЕ ШЕКАРА МЕН ШЕКТЕУ ЖОҚ
Теміртау қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың шығармашылығына арналған «Таланттар әлемі» IV қалалық фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара биыл да өз дәстүрін жалғастырып, сахнада 20-дан астам әртіс өнерлерін ортаға салды. Фестиваль 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық мүгедектер күні аясында Теміртау мәдениет сарайының ұйытқы болуымен өтті.
«Таланттар әлемі» фестивалі ерекше қажеттіліктері бар адамдардың шығармашылығын дәріптеумен қатар, оларды қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ерекше жандардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді.
«Бұл фестиваль төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және дәстүрге айналған маңызды шараға айналды. Биылғы жылы 23 қатысушы өз шығармашылығын паш етті. Олар ән айтып, би билеп, әдеби шығармаларды орындап, өздерінің таланттарын көрсетті», – дейді Теміртау мәдениет сарайы директорының орынбасары Лариса Браун.
Фестиваль қатысушылары үшін бұл тек өнер жарысы ғана емес, сондай-ақ жаңа достар табуға, тәжірибе алмасуға, өз таланттарын шыңдауға мүмкіндік беретін ерекше платформа болды. Іс-шараға Теміртау қаласының «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Ангел мой» қоғамдық қоры және Қарағанды қаласының «Саңыраулар мәдениет үйі» сияқты ұйымдар қолдау көрсетті.
Теміртау мәдениет сарайының мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс бөлімінің басшысы Ярослава Косулинаның айтуынша:
«Мұндай фестивальдер – бұл тек өнер көрсету ғана емес, сонымен қатар әлеуметтену мен қолдау алаңы. Бізде домбыра, би, қазақ және орыс тілдеріндегі вокал, сәндік-қолданбалы өнер, құммен сурет салу сияқты шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Барлық ерекше қажеттілігі бар адамдарды осы мүмкіндікті пайдаланып, өнерлерін көрсетуге шақырамын. Бұл олардың әлеуетін ашып, қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіреді».
Фестивальдің жарқын жұлдыздарының бірі – Жанна Бакенова. Ол мүгедектер арбасында бола тұра, ән айтуды, би билеуді және спортпен шұғылдануды жалғастырып келеді. Жаннаның айтуынша, өз талантын көрсету мүмкіндігі оның өміріне жаңа серпін берді:
«Біздің әкімшілікке, әсіресе «Арай» ансамблінің жетекшісі Гүлмира Серікқызына алғысымды білдіремін. Біз тек Теміртауда ғана емес, Қарағандыда да фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Мен өзім сияқты адамдарға үйде отырмай, сыртқа шығып, өздерін көрсетуге кеңес беремін. Әркімнің өз таланты бар. Ең бастысы – оны ашу».
Фестиваль соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды. Бұл шара тағы бір рет дәлелдеді: өнерде шектеу жоқ. Ерекше қажеттіліктері бар әрбір жан өз талантын паш етіп, қоғамда лайықты орнын таба алады.
«Таланттар әлемі» фестивалі ерекше жандардың тек шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, олардың қоғамға қосқан үлесін арттыратын рухани мереке екенін көрсетті. Бұл – теңдік пен қолдаудың, шығармашылықтың жеңісі.
Өз тілшімізден