Қоғамдық сенім мен саяси жауапкершілік

Просмотров: 6

Конституциялық комиссия пысықтаған жаңа Ата заң – мемлекеттің басқару жүйесін, билік пен қоғам арасындағы қатынасты, сая­си жауапкершілік мәдениетін қайта қарауға арналған ауқымды саяси қадам. Бұл бастама – елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған институционалдық жаңғырудың логикалық жалғасы.

Қоғамдық сенім мен саяси жауапкершілік

Сурет: gov.kz

Комиссия жұмысы бірнеше кезеңде өтті. Алғашқы отырыстарда реформаның жалпы бағыты айқындалды. Бірпалаталы Парламент – Құрылтай моделіне көшу, Халық кеңесін құру, Вице-президент институтын енгізу, заң шығару рәсімдерін қайта қарау секілді стратегиялық мәселе­лер көтерілді. Бұл ұсыныстар­дың барлығы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жаңа сапада іске асыруға бағытталған. Реформаның тұжырымдамалық негіздері айқындалды. Мемле­кеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, ұсынылып отырған жаңа нормалар комиссия отырыстары барысында ғана пайда болған жоқ. Бұл – жарты жыл бойы азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық белсенділерден eOtinish пен eGov платформалары арқылы келіп түскен 10 мыңға жуық ұсыныстың қорытпасы. Яғни реформа – қоғаммен бірге пісіп-жетілген шешім.

Сол кезеңде бірпалаталы Пар­ламент – Құрылтай моделіне көшу мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Мұнда негізгі салмақ партияларға түседі. Яғни сайлаушы бір адамға емес, белгілі бір саяси бағдарламаға, идеяға дауыс береді. Бұл халықтың еркін кейін бұрмалауға, депутаттың жеке мүддеге қарай бағыт ауыстыруына жол бермейді. Партия алған дауыс санына сай мандат алады және сол сенім үшін толық саяси жауапкершілік арқалайды.

Комиссияның келесі отырыстарында нақты баптар талқы­ланып, реформаның құқықтық мазмұны айқындала түсті. Үкімет, сот жүйесі, прокуратура, Конс­титуциялық сот, адам құқықтары мен бостандықтары, арнайы құқықтық режім секілді бағыттар бойынша ұсыныстар пысықталды. Бұл кезеңде реформаның тек саяси емес, құқықтық салмағы айқын сезілді. Екіұшты түсіндіруге жол бермейтін, нақты әрі анық нормалар қалыптастыру басты мақсат болды.

Адам құқықтары мәселесіне ерекше мән берілді. Жаңа редак­ция­да өмір сүру құқы­ғын­ың аб­солют­тілігі, жеке басына тиіспеушілік қағидаты күшейтіледі. Конституция деңгейінде Миранда ережелерін бекіту ұсынылды.

Преамбула толық жаңартылды. Бұл жерде Конституцияның идея­лық-моральдық негізі күшей­тілді. Адам, оның өмірі, қадір-қасиеті, құқықтары ең жоғары құнды­лық ретінде айқын бекітілді. Реформа тек саяси құрылым­дармен шектелмейді. Мәдениет, білім, ғылым және иннова­ция құндылықтарын нақты көр­сету қажеттігі, өмір сүру құқығын абсолютті норма ретін­де бекітудің маңызы, мемлекет пен дін қатынасын нақты құқықтық шеңберде реттеу қажеттігіне назар аударылды. Сонымен қатар неке мен отбасы құндылықтарын қорғау, қоршаған ортаға жауапкер­шілік, дербес деректерді қорғау, зияткерлік меншік мәселелері де нығайтылды. Сот төрелігі мен судьялардың тәуел­сіздігіне қатысты нормалар нақ­тыланды.

Комиссия жұмысы көр­сет­кендей, бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының жаңа мазмұнда іске асуына жол ашады. Өңірлер үшін бұл рефор­маның мәні ерекше. Заң шығару үдерісінің ықшамдалуы, Парла­мент жауапкершілігінің артуы аймақтардан көтерілген мәселе­лердің ұлттық деңгейде нақты әрі жедел қаралуына мүмкіндік бере­ді. Пропорционалдық жүйе арқылы облыстық мүдде пар­тиялық бағдарламаларда көрініс табады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару мен өңірлік саясаттың жаңа сапасына жол ашады.

Маңыздысы – ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет­тің біртұтастығына, аумақтық тұтастығына қауіп төндірмейді. Бұл норма өзгеріссіз қалды. Белгілі бір аумақтарда арнайы құқықтық немесе қаржылық режім енгізу тек экономикалық дамуды ынталандыруға бағытталған және тек конституциялық заң арқылы жүзеге асады.

Ата заң мəтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналады деп сенеміз. Ата заң мемлекеттің ғана емес, халықтың таңдауы болуы керек. Сондықтан алдағы кезеңде қоғам­мен ашық түсіндіру жұмысы, өңірлердегі талқылаулар ерекше маңызға ие.

 

Шалқар БАЙБЕКОВ,

Абай облысы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған