Сұлулық сор боп жабысты

Бастауышта оқып жүріп-ақ сыныптағы ұлдар маған таласып, кішкентай болса да қырық пышақ боп қырылысып жататын. Бала боп оған мән бермеппін. Кейін жоғарғы сыныпқа көше бұның мәнін ұға бастадым. 8 сыныптан бастап көптің назарынан тыс қалмадым. Мейрам сайын жоғары сыныпта оқитын жігіттер де, өз қатарластарым да керемет болмаса да, сый-сыяпатсыз қалдырмайтын еді.

Анамнан қорқып кейбірін үйге жетпей қоқысқа тастасам, кішкентайлау, көзге еленбейтіндерін үйге тығып әкелетін едім. Жалпы, әкем ұлдарына қатал болғанмен, бізге қабақ шытып қарамайтын. Ал, анам керісінше, ұлдарына жұмсақ болып, қыздарының артық қылығын көрсе бірден бәрін өз орнына қойып беретін қаттылау адам. Сол себепті анамнан қорқатынмын. Анам қатал болса да, бізден ештеңе аямайтын. Қалағанымызды киіп, соңғы үлгідегі телефондар да бізден табылатын. Оқу үлгерімім өзгелерден көш ілгері болғасын масаттындым ба, тәкаппар қыз болып бойжеттім. Көп жігітті көзге ілмей өзінше болатынмын. Сөйтіп жүргенде мен тұратын қаладан 20 минуттық жердегі ауылдың бұзақысы соңыма түсті. Менен 8 жас үлкендігі бар, мектепті де жарытып оқымаған, достарымен көше кезіп, ішіп жегеніне мәз болып жүрген нағыз жатыпішердің өзі еді. Ол кезде 10 сынып оқимын. Жасым 16да. Ол 24тегі еңгезердей жігіт еді. Еріккеннің ермегі болдым. Сыныбымдағы жігітсымақтар одан қорқып мен жайлы мәліметтің бәрін екі ортаға тасушы болыпты. Сабақ аяқталар уақытта мектебімнің алдына кеп күтіп тұратын. Қайда барсам да көлеңкемдей ілесіп соңымнан қалмайтын. Есімі Қанат болған. (өзгертілген) Ол кезде агентке кіреді барлық жастар. Сол агентте маған жазып, одан қала берсе күн-түн демей қоңырау шалып, үйімнің алдында мені күзетіп отыратынды шығарды. Басында оған мән бермейтінмін. Бірнеше рет сөз айтқанда да бетін қайтарып тастағанмын. Бір күні тағы мектептің қасында тұр екен. «Не керек саған? Мені жайыма қалдыр!»,-дегеніме көнбей ернімнен сүйіп алуға ниеттенгенде бетінен шапалақпен салып жібердім. Ол болса: «Бұл ісіңе өкінесің әлі»,-деп тістеніп кетіп қалды. Содан кейін жоқ болып кеткен. Мен оны өзімше жақсыға жорып, құтылдым деп ерте қуаныппын. Оның маған көрсететін тосын сыйы әлі алда екен. Сол уақытта анам кенже інімді босанып ауруханада жатқан. Мен анам ауруханадан шыққанша керек-жарағын түгендеп қояйын деп дүкен аралауға шығып, қайтар жолда заттарым ауыр болған соң таксиге отыруға бекінгем. Жолай тоқтаған таксимен бағасын келісіп отырып алдым. Ойымда ештеңе жоқ, өзімше бірер күннен кейін анамның ауруханадан шығатынын ойлап керемет көңіл-күйде отырғанмын. Бағыттың басқа жаққа бара жатқанын кейін аңғардым. «Қайда барамыз?»,-деп сұрағанымда, жанармайының таусылғанын алға тартып, жанармай бекетіне бара жатқанын айтты. Көңілім орына түсіп енді жайғаса бергенімде белгісіз бір жердегі жер үйге кеп тоқтадық. Ары қарай есімде жоқ. Мұрныма бірдеңе басып жатқаны ғана еміс-еміс есімде қалыпты. Көзімді ашсам төбемнен төніп Қанат отыр, көзі қанталап. «Көрсетейін мен саған ұрған қалай боларын! Көрерміз, осыдан кейін кімге керек болар екенсің?»,-деп, ойына келгенін істеді. Сол кезде жан-дүнием төңкеріліп, қалай өзегім өртенгенін жеткізе алмаспын, сірә. Денемнің ауырсынғаны, жанымның ауырғанының жанында түк те емес еді. Ол ол ма. Менің естен танып жатқан сәтімді пайдаланып ұялы телефонға, видеоға түсіріп алыпті, Алла жазасын бергір! Содан бастап сағым суға кетіп, өмірім түбегейлі өзгерді. Өзімнен гөрі ата-анамның артқан үмітін ақтай алмағанымды ойлап өзімді іштей жеп біттім. Ойлаған да күйініп кететінмін.

Солай жүріп 11 сыныпқа да көштім. Ұмытудың орнына, Қанат жолыма кес-кестеп тұрып алып, ауыр сөздер айтып жарамның бетін тырнап, жанды жеріме тағы да соққы жасайтын. Қанша кет деп өмірімнен қусам да кетпейтін. Кімге айтып пана сұрарымды білмей дал болатынмын. Телефоныма тыныштық жоқ. Қанша рет нөмір ауыстырсам да тауып алатын. Тіпті, ол ұятсыз анамның нөмірін де тауып алған екен. «Сен мендік болмасаң, ата-анаңа барып айтамын қыздарының қандай екенін, видеоңды бәріне таратамын, сенің қандай екеніңді бәрі білсін»,-деп одан әрі қинайтын. «Менімен тағы да төсектес бол. Видеоңды сонда өшіремін. Менің әйелім болмасаң, көрсетем саған»,-деп қоқаң лоқы көрсететін. Ата-анама айтуға қауқарсызбын. Біреудің менің қарабет екенімді білгенінше өле салғаным артық деп ойлаушы едім. Бір жағынан сабағым бар. Қалай да өз күшіммен оқуға түсуім керек болды. Сол жылы психологиялық тұрғыдан қатты шаршадым. Бір күні наурыз айында бір тойға бардым. Тойда бір жігітпен таныстым. Құдаларымның құдасы болып шықты. Кейін агентте бір-екі рет сөйлесіп, мен оған ҰБТ-ға дайындалуым керектігін айтып, уақытша байланысымды үзгем. Жанымдағы құрбым деп жүргенім сатқынның өзі болып шықты. Ол туралы бәрін Қанатқа жайып салыпты. Жалпы ол емес, мен жайында бәрін хабардар етіп отыратын «источнигі» мен жан құрбыма балап жүрген сыныптасым екенін де кейін білдім. Не керек, Қанат дегенін істеді. Ол жігітке мен жайлы, тіпті, қосып-қосып неше түрлі әңгіме айтқан айтқан. «Менен екіқабат болып, баласын алдырып тастаған», -деп видеоны көрсетіпті. Жігіт деп жүрген құда балам сол қанішердің сөзіне еріп кетті.. Екеуіне де: «Кімнің кім екенін уақыт көрсетер!»,-деп тістеніп кеттім. Қолдан келер қайран жоқ, өміріме өкпелеп ҰБТ-ға кірдім. Егер, ойымдағы баллымды алып «Алтын белгімді» қорғай алмасам, мені тек бір ғана жол күтіп тұрды. Ол – өлім. Асылып өлемін деп шешкем. Бірақ ойымдағы баллымды алдым, қорғадым. Сөйтіп Алматыға өз арманымдағы университеттің студенті атандым. Журналист болғым келетін еді. Сол оқуыма түстім. Сыныптастарымнан да, ескі таныстарымнан да, бұрынғы достарымнан да қол үзіп хабарсыз кеттім. Алматыда жүргенімде екеуі де жайыма қалдырмады. Әлеуметтік желілерден тауып алып, қайта қайта мазалаумен келді.

Жігіт атаулыдан қатты көңілім қалған мен Алматыда да біраз жігіттің көз-жасына қалдым. Өзімнің ата-анам мен артымнан ерген балапандарымның басқасынан бәріне тым қатыгез, тасжүрек болып кеттім. Бір жыл өтіп өз қалама барғанымда, әлгі құда баламды көрдім. Тізерлеп кешірім сұрап, онымен бірге болуымды, тұрмысқа шығуымды өтінді. Көзіме ілместен, 1жыл бұрынғы өзімнің сөзімді қайта есіне салып, теріс айналып кеттім. Мені өткен өмірімдегі жайттар одан әрі қамшылай түсті. Ішімнен: «Кім екенімді көрсетемін бәріңе!»,-деп өзімді қайрай түстім. Мен биік белестерді бағындыра отырып, биікке шыға отырып, бәріне өзімді дәлелдегім келді. Кек қайтарудың осы жолын таңдадым. Бала кезімнен актерлық шеберлікке, биге жақын болып өскем. Бекер жүрмей биге де қатысып, әйтеуір, босқа жүрмей актерлық шеберлігімді шыңдау үшін курстарға жазылып, театр сахналарына да ақырындап шыға бастадым. 2 курсымда бір спектакльде ойнап жүріп қазіргі жолдасыммен таныстым. Ол да өнерге жақын жан болып шықты. Басында көнбегеніммен, бара-бара қалай ғашық болғанымды түсінбей қалдым. Сол уақыт аралығында Қанат оны да әлеуметтік желіден тауып, мазасын алып үлгерген еді. Мен оған бұрында болған жайтты баяндап, енді онымен сөйлеспеуін өтіндім. Бірақ,ең өкініштісі өзегімді өртеп, жанымды жегідей жеген жүрегімнің түбіндегі жан түршігерлік оқиғамды айта алмадым. Қанша айтуға оқталғаныммен, тырысқаныммен айтуға шамам жетпеді. «Адалсың ба?»,-деген сұрағына: «Иә»,-деп жауап бердім. Болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін шындықта айтуға батылым жетпеді. Жігітім 3 курс бітірген соң, 20 жасымда құда түсіп, ұзатып алып кетті. Барлық жөн-жоралғысын жасап, тойымызды дүркіретіп өткізді. Алғашқы неке түнінде қан шықпады. «Неге?»,-деп сұрап жанымды жаралаған жоқ. «Ондай жағдай кейде болып тұрады, медициналық тұрғыда дәлелденген»,-деп маңдайымнан иіскеп, өзінің саусағын тіліп ақ жаймаға менің пәк екенімді білдіретін белгі қойды. Қазір мен өте бақыттымын. Жан жолдасыма рахмет. Оқуымды аяқтатты, жақсы жұмысқа тұрғызды. Бәріне атам екеуі жүгіріп қол ұшын созды. Жолдасым қатты қызғантын еді. Бірақ, ол үшін ешқанан ұрыс шығарған емес. Керісінше, әрдайым мені сабырға шақырып отырды. Үйінің үлкені, 2 інісі бар. Ата-енем де мені тұңғыш қызым деп еркелетеді, сыйлайды. Күйеуім екеуміздің 2 жасар ұлымыз бар. Екіншіме аяғым ауыр. Декреттік демалыстамын. Үйда жалғыз отырып, ішім пысып анда-санды осы топты оқып тұрамын. Менімен тағдырлас қыз-келіншектердің тағдырын оқып оңашада жылап та аламын. Бұл оқиғаны жай шерімді тарқатайын деп те, өзгелерге сабақ болсын деп те жазып отырмын. Құрметті, аналар, өз қыздарыңызбен сырлас құрбыдай болыңыздар. Еш нәрсе жасырмаңыздар. Бәлкім, анам қаталдау болмағанда бәрі басқаша болар ма еді деп ойлап қоямын. Бірақ, не болса да түн артынан күн шығатынын естен шығармайық. Әлеуметтік желіде бұрынғы Қанат анда санда төбесін көрсетіп лайк басып кетеді. Қазір 32-де. Әлі бойдақ. Ішкілікке салынып кеткен. «Алланың бар екені рас болса, жазасыз қалдырмас»,-деген едім. Алла оны ең ауыр жазамен жазалаған сыңайлы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger