Садақа беру реттелсе …
Қазір той-томалақ былай тұрсын, садақа беру дастарханы да тойдікі сияқты жайылатынының куәсі болып жүрміз. Естеріңізде болса, ертеректе республика, облыс, аудан көлемінде той-томалақты, қоржын, киттерді реттеу туралы заң қабылданған болатын. Бірақ мұның бәрі уақытша ғана болып, соңынан бәрі қайта бұрынғы қалпына түсіп кеткен болатын.
Дарақылық, аста-төктік іштей «мен пәленшеден кеммін бе» деген бәсеке белең алып кетті.
Оны бүгін-ертең өзгерту күнді батыстан шығарумен бірдей болып қалды. Әрине, той, садақа дастарқанын сынайтын өзімізге қарасты жақын-жуық, құда, ағайыннан шығады.
«Дым таппай қалғандай» деген сөз де солардан шығады. Солай сынап жүргендердің талайын көрдік, куәсі болдық та.
Келешекте бұған билік тарапынан тыйым салынбаса, бұл нәрсе осымен кете береді ме дейміз.
Әдетте біз жақын-жуықтың азалы шаңырағына көңіл айту, қайғысына ортақтасу үшін барамыз ғой. Солай екен, сол мешітке барған жақын кісілеріне көңілімізді, жанашыр сөзімізді неге айтып кетпеске. Жоқ, біз мешіттен шыға сала садақасына барып ас жеуге ұмтыламыз.
Бауырларым-ау, біреу қайғыдан қан жұтып отырғанда саған ас қалай батады? Қалай тамағыңнан ас өтеді? Онымен тұрмай, тап бір-біріңді жаңа көргендей жапа-тармағай әңгіме өрбіте сіздер, ұят емес пе? Оларыңмен азалы жандардың ызасына тигендей болатындарыңды білмейсіңдер ме?
Өзбек, тәжік, түрік халықтарында ондай әдет жоқ. Айтуынша, олар үш күнге дейін азалы үйден дәм тартпайды екен. Өткен жылы Астанада Тәжікстан халқы ұйымдастырған жәрмеңке өтіп, ол тарқамай жатып, көрмеге қойылған азық-түлікті жұрт таласа алып кетіп жатты дым көрмегендей.
Біздің бұрынғы ата-бабаларымыз өмір сүрген уақытта да азалы үйге үш күн тамақ істетпей, есесіне оларға өз үйлерінен ас пісіріп апарып тұрған екен. Біздер оның шет жағасын көріп өстік. Неткен жақсы әдет-ғұрпымыз бар еді десеңізші.
Бір кісі былай айтады: Қаратау жақта той сияқты дастарқан жасап садақа берілмейді дейді. Дастарқанға тек нан, қант, шай, бауырсақ қойылып, құран бағышталып екен. Бұл сол жердегі имамдардың еңбегі екені көрініп тұр. Ал бізде, Теміртауда неге осылай жасамасқа?
Тағы бір айта кетер нәрсе, дастарқаннан қайтқан қаншама ас қоқысқа аударылып жатуы. Обал қайда? Осы біз обалды түсінеміз бе?
Бұрын ашаршылық кезінде жұрт бір үзім нанға зар болған кездер болған. Ол кездерде адамдар нанның ұсағын да жерге түсірмеген, керісінше «нанның киесі бар», «нан теппе» болмайық деп айтып отыратын.
Және де «нені қор тұтсаң, соған зар боласың» деген.
Садақа берілмесін деуге болмас дегенмен, оны шариғатпен, ысырапшылдыққа жол бермей өткізу мақсатқа сай болмақ.
Елемес Серікбайұлы.
Қоғам белсендісі.