Сайлау-2019: әділдік үшін не істеу керек?

Сайлауға санаулы күн қалды. Тарихи сәт. Жеті үміткердің қайссы басым түспек? Өзгеріс күткен елдің үмітін ақтауға кім лайық? Сайлау әділ өте ме? Бірнеше күннен соң, бұл сұрақтардың жауабын білеміз. Ал, әзірге сайлауалды кезеңдегі саяси ахуалға тоқталайық.
Бұл сайлау – бұрынғыдан өзгерек. Халықтың белсенділігі де жоғары. Әйтсе де, оппозиция өкілдерінің басы бір қазанға симай, өзара қырық пышақ болып кеткен тәрізді. Әу баста билікке сын көзімен қарап, демократиялық өзгерістердің орнауын талап етіп жүрген азаматтар осы сайлауда жұмылып жұдырық болуы тиіс екендігі айтылған еді. Десек те, опозиция өкілдерінің арасында ымырашылдық байқалмайды. Мұндай кезде ортақ кандидат туралы ойлаудың өзі артық.
Сонымен, ел 30 күткен сайлау иек астында тұр. Халық бұған қаншалықты дайын? Әлеуметтік желіде сайлауға сенімсіздік білдіріп, жұртты жаппай байкот жариялауға шақыратын үндеулер тарап кетті. Олар, осы арқылы демократия орнатпақ-мыс. Бірақ, байкоттан нәтиже болмасы анық. Өйткенде сайлау қорытындысында қалыс қалғандардың емес, дауыс бергендердің қолы ескеріледі. Сонда олардың көксегені не? Зиялы қауым өкілдерінің пайымдауынша, байкот – тығырықтан шығаратын жол емес.
Кезiнде Ленин де партиясын байкот жариялауға шақырған. Бiрақ онысы қате екенiне көз жеткiзген соң, сайлауға қатысайық деген. Тарихтан сабақ алу керек қой, — деп жазды заңгер Елеужан Серимов өзінің желідегі парақшасында.
Расымен де, халық бұрын соңды сайлауға қатысуға дәл осылай белсенділік танытып көрмеген еді. Биылғы сайлауға баруға құлшыныс танытып отырған елдің қарасы қалың. Ал, осындай сәтте оларға «қой» деп, беттерінен қағу қаншалықты дұрыс?
Әлеуметтік желі белсендісі Жексен Әбдірахмановтың айтуынша, қарапайым халық қазірдің өзінде сайлауға бір кісідей қатысуға және өз таңдауын жасауға әзір. Елдің ендігі үміті, сайлаудың барынша әділ және таза өтуі. Ал ол үшін не істеу керек?
Шынтуайтына келгенде, өзгерістерді басқару, әділдік туын желбірету азаматтардың өз қолында. Ол үшін қоғам белсенді болып, өз құқықтарын білуі керек. Жай ғана дауыс беріп қою немесе «байкот» деп жата беру жеткіліксіз. Сайлаудың әділ өтуіне белсене атсалысып, бақылаушы болыңыз. Заң бойынша, кез келген адам комерциялық емес қоғамдық ұйымдардың атынан бақылаушы болып тіркеле алады. Сонымен қатар, әл дауыс беруші өзінің құқығын жақсы білуі керек. Егер, қандай да бір кедергілер мен заңбұзушылықтар орын алса, бірден тиісті мекемелерге шағым жолдап, заңға сай шара қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Advertisment ad adsense adlogger