Саябақ кеші – көңілді

Просмотров: 21

Биыл «Шығыс» саябағының сенбілік кештері көңілді өтіп жатыр. Біздің пікір емес, елдің айтып жүргені. Расымен де, жаз маусымы басталғалы, түрлі тақырыптарда демалыс кештері ұйымдастырылып, қала тұрғындарының назарын аударып алғанды. Бірақ, бұл шаруаның басы-қасында «Шаңырақ» еріктілер орталығының белсенді жастары жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.

Теміртауда еріктілер қозғалысы өте жақсы дамып келе жатқанын бұған дейін де бірнеше мәрте жазған болатынбыз. Ересек өмірге енді қадам басқан жастар сабақ пен жұмыстан бос уақытын қоғамдық жұмыстарға бағыттап, қала халқының алғысын арқалап жүр. «Шаңырақ» еріктілер орталығының мүшелері бірнеше бағытта жұмыс істейді. Соның бірі – мәдениет бағыты.
– Биыл қалалық саябақ жаңаша түрленіп, қызықты бағдарламалар мен кештер ұйымдастыра бастады ғой. Саябақ әкімшілігі бізге көмек сұрап хабарласқан болатын. Жастарымыз бұл ұсынысқа қуана келісті. Өйткені, біз осындай шараларды ұйымдастыра жүріп өзіміз үшін де жаңа нәрселерді үйренеміз, тәжірибе жинаймыз, – дейді ерікті Мадина Елеусізова.
Жастар мәдени-сауық кештерін ұйымдастыруға көмектесіп қана қоймай, кейде өздері де нөмір әзірлеп, кеш көркін қыздыра түсетін сәттері де болады екен. Мәселен, 28 маусымда саябақта 90 жылдардағы той стиліндегі кеш өтті. Оған «Шаңырақ» орталығының еріктілері де белсене қатысып, сол кезеңдегі той дәстүрлерін көрсеткен нөмір әзірлеген. Ал, 12 шілде күнгі көбікті кеште арнайы киімдер киіп, балаларды ойнатуға да атсалысқан.
– Саябақтағы шараларды ұйымдастыруға көмектесе жүріп, біз өзіміз де демаламыз. Достарымызбен бас қосып, жаңа дүниелер үйренеміз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарымыз көп боларына сенімдімін, – дейді Мадина Елеусізова.
Бұдан бөлек, ерікті жастар қалалық өлкетану музейімен және Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Биыл Металлургтер күні қарсаңында қос музейдің шараларын ұйымдастыруға атсалысып, өздері де талай дүниелердің үйреніп қайтыпты.
– Бізге музей басшылығы көмек көрсетуді өтініп, хабарласқан болатын. Шара өтерден бұрын еріктілер үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, экспонаттар таныстырылды. Соның арқасында біз қаламыздың тарихына, өндіріске қатысты тың дүниелерді естіп, білім кеңістігімізді кеңейте түстік. Ал, мерекелік шараларды өткізу барысында қонақтарды күтіп алу, шығарып салу, оларға экспонаттар туралы ақпарат беру ісіне де атсалыстық, – дейді Мадина Елеусізова.
Айта кету керек, «Шаңырақ» еріктілер орталығында 500-ден астам ерікті бар. Олар қала тұрғындарына рухани-мәдени демалыс сыйлауға бір үйдің баласындай атсалысқан екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған