Өскеменде республикалық Жас жол инспекторлары слеті өтті

Просмотров: 51

2025 жылғы 6 тамызда Өскемен қаласында еліміз үшін аса маңызды шара – Жас жол инспекторларының республикалық слеті өз жұмысын бастады. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қолдауымен, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын балалар жарақаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту мақсатында ұйымдастырылды.

Басты мақсат – жолдағы өлім-жітімді нөлге жеткізу

Слеттің ашылу салтанатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйлеп, балалардың жолда қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

– Жас жол инспекторлар слеті – балаларды жолда жауапкершілікке баулитын маңызды бастама. Биылғы жылды «Профилактика жылы» деп жариялап, балаларды жол жүру ережелеріне үйрету жұмыстарын күшейттік. Соңғы 20 жылда жол-көлік апатына ұшырайтын балалар саны айтарлықтай азайды. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз – жолдағы өлім-жітімді нөлге дейін азайту. Бұған жетудің ең маңызды жолдарының бірі – балаларға жас кезінен құқықтық тәрбие беру, – деді ол.

Көңіл толғарлық мәліметтер мен еуропалық тәжірибе

2024 жылдың алғашқы алты айында елімізде жол-көлік оқиғаларынан 135 бала қайтыс болған. Бұл – дабыл қағарлық көрсеткіш. Салыстыру үшін, Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің деректеріне сәйкес, Еуропа елдерінде жол апатынан болатын балалар өлімі жылына 100 мың балаға шаққанда 2-ден аспайды. Яғни, Қазақстанда бұл бағытта әлі де нақты әрі жүйелі іс-шаралар қолға алынуы тиіс.

Жасақтардың маңызы және оқушылардың белсенділігі

Бүгінде еліміздегі мектептердің басым бөлігінде «Жас инспекторлар жасақтары» жүйелі түрде жұмыс істейді. Бұл қозғалыс республика бойынша 70 мыңнан астам оқушыны біріктіріп отыр. Слетке 20 өңірден 200-ден астам оқушы жиналып, өз білімін, шеберлігін және белсенділігін көрсетті.

Шара халықаралық деңгейге шықты

Биылғы слеттің тағы бір ерекшелігі – шараға Қырғызстаннан арнайы делегацияның қатысуы. Чүй облысындағы Военно-Антоновка ауылының мектеп-гимназиясынан іріктелген оқушылар көрші елдің намысын қорғап, өз әріптестерімен тәжірибе алмасуда.

– Мұндай ауқымды шараға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – балалардың ортақ мақсатын біріктіретін маңызды бастама. Біздің оқушылар жол ережесін жақсы меңгеріп қана қоймай, өз қатарластарына үлгі бола алады, – дейді Қырғыз Республикасы ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының инспекторы, милиция капитаны Гүлназ Орозалиева.

Құқықтық сауат пен азаматтық жауапкершілік – басты құндылық

Тәжірибе көрсеткендей, жас инспекторлар қозғалысы дамыған өңірлерде балалардың жол апатынан зардап шегу фактілері азайып, оқушылардың құқықтық сауаты мен полицияға деген сенімі артып келеді. Бұл іске балалардың өздері де белсене атсалысуда. Мәселен, Өскемендегі №20 мектептің 7-сынып оқушысы Биғаным Әділқызы жол қауіпсіздігі тақырыбында қысқа бейнеролик түсіріп, оны мектебіне ұсынып, көпшіліктің назарын аудартты. Әкімдіктің қолдауымен енді бұл мектепте арнайы видеожобалар сериясы қолға алынған.

– Полиция қызметкері болу – жай ғана форма кию емес, бұл әрбір ісіңе мұқият болуды талап ететін жауапты мамандық, – дейді жас инспектор.

Жас инспекторлар – ертеңгі заңға жауапты ұрпақ

Жас жол инспекторлар слеті – алдын алу шарасы ғана емес, жасөспірімдер арасында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейтін алаңға айналды. Көптеген оқушылар болашақ мамандығын дәл осы саламен байланыстырып, жол қауіпсіздігі бағытында қызмет етуді армандайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған