Спорт – зиянды әдетке қарсы

Просмотров: 3

Қараша айының салқын таңында Теміртау қаласында нағыз жігерлі жандар жиналды. «Шығыс» саябағында өткен жаппай жүгіру есірткіге қарсы күреске үн қосты. «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шараға 400-ден астам адам қатысып, тұрғындардың салауатты өмір салтын қолдайтындығын айқын көрсетті.

Шара басталмас бұрын қала прокуроры Арман Омаров пен белгілі спортшылар жиналғандарға жүрекжарды тілектерін жеткізді. «Құрметті Теміртау тұрғындары мен қонақтары! Сіздер бұл жүгіру арқылы нашақорлыққа қарсы күреске өз үлестеріңізді қосып отырсыздар. Барлықтарыңызға зор денсаулық пен өмір жолдарыңызда мол табыс тілеймін», – деді прокурор.
Жеңіл атлетикадан он үш дүркін Қазақстан чемпионы Серік Дүсекеев те жүгірушілерді қолдап, ақ тілегін арнады. «Әрқашан бақытты, дені сау болыңыздар. Есірткінің қасіретінен аулақ болыңыздар. Баршаңызға жылулық пен жақсылық тілеймін. Алға, Теміртау!» – деді спорт шебері.
Теміртау көшелерін бойлай өткен үш шақырымдық қашықтық қатысушыларға рух пен жігер сыйлады. Жүгіру бағыты Республика даңғылы, Құрылысшылар даңғылы, Абай және Сейфуллин көшелерін қамтып, қала тұрғындарының ынтымақтастығы мен ерік-жігерін паш етті. Жол бойында Теміртау мәдениет сарайының өнерпаздары ән орындап, қатысушыларды шабыттандырды, ал волонтерлер бағыт-бағдар көрсетіп отырды.
Қарағандылық 73 жастағы марафоншы Төлеутай Жаманбек ұзақ жол мен суық ауа райына қарамастан, осы маңызды шараға арнайы келіп қатысты. «Теміртау тұрғындарына осындай шара өткізгендері үшін ризашылығымды білдіремін. Адам өмірден ләззат алып, жаңа эмоциялар мен адреналинді сезініп отыруы керек», – деді ол жүрек түкпірінен шыққан әсерімен бөлісіп.
Жарыста жеңіске жету басты мақсат болмағанымен, финиш сызығын алғашқы болып кесіп өткен қазіргі заманғы бессайыс шебері Амаль Құсайынов болды. «Біздің барлығымыздың дені сау болуы өте маңызды. Бұл жарыста да өзіме тән мақсатпен келдім», – деді ол жарыстан кейін.
Жарысқа қатысушылардың әрқайсысына медаль мен алғыс хаттар табысталды. Жүгірудің басты мақсаты жеңімпаздарды анықтау емес, салауатты өмір салтын насихаттау мен бірлікті күшейту болды. Дистанциядан кейін қатысушыларға ыстық шай ұсынылып, салқын ауа райында жиналған жұрт көңілді кешті.
Айта кетейік, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы Теміртау қаласының прокуратурасы бастамасымен, қала әкімдігі, Полиция басқармасы және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асуда.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған