Таң қалмаймын

Просмотров: 112

Валерий Брюсов Мағжанды қазақтың Пушкиніне балапты кезінде. Мүмкін, Пушкин орыстың Мағжаны шығар? Бұл не сонда, салыстыру ма, әлде бірін жоғарылатып, бірін төмендету ме? Мағжан бір бөлек әлем де, Пушкин бір басқа дүние емес пе? Бір-біріне теліп, салыстырудың қажеті қанша? Мағжан деген – Мағжан, Пушкин деген – Пушкин. Ағам айтпақшы, әлдебіреудің жетістігін сипаттау үшін «бәленшекеңнің стиліне ұқсайды екен» деп жатамыз. Сол бәленшекеңдерді кіммен салыстырды екен десейші?! «Мұның бәрі – далбаса дүние», – деп еді сол ағам. Ақын былай тұрсын, адам адамнан өзгерек болып келеді. Әрбір адамның саусақ таңбасы бір-біріне ұқсамайтындығын қайда қоясыз?


«Ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні бар қаламгер» деп  бағалап  жатамыз.  Әлбетте,  ол  біреуге ұқсағысы  келсе  де,  бәрібір  ұқсай  алмайтыны –  белгілі  жайт.  Жұмекен  Нәжімеденовтің: «Александр Блокты қанша аударсам да, бәрібір Нәжімеденовтікі  болып  шығады»,  –  дейтіні сондықтан.  Туындыңызға  «Жұмекенше»  деп айдар  таққаныңызбен,  ешқашан  онікіндей  бола алмайды. Бой да көрсетпейді. Ол сенікі. Болды.Еліктеу  бар  да,  еріп  кету  жоқ.  Оқырман,  ең алдымен,  шығармаға  таңданыс  білдіруі  керек-ті.  Ал  қаламгерге  туынды  тұтасымен  әсерлі болмағанмен,  бірді-екілі тұсы  ұнауы  мүмкін.  Бір жазушыдан  «сүйікті жазушыңыз  кім?»  деп сұрасаңыз,  тізбелеп айтып  береді. Ал  басқасынан сұрасаңыз,  бір-екеуін  атап немесе  «мүлде жоқ»  деуі  – заңдылық.  Бұл дегеніміз  ол жазушының таяздығы  мен білімсіздігін  емес, талғампаздығын білдіреді.  Бұл  туралы Дулат  Исабеков «Қарғын»  романында ойын  былайша  өрбітеді: «Таңдану  мен  табыну ешқашан  абстракциялы ұғым  болып  көрген  емес, өйткені бұл екеуі тек жеке адамның  ой-өрісі  мен парасат деңгейіне тікелей байланысты.  Ал  жеке  адамның  өзі  де, ой-парасаты  да  әрқашан  нақтылы.  Айталық, Теккерей,  Гюго,  Франц,  Шиллер  (прозалық шығармалары),  Скотт  т.б.  дүниеге  белгілі жазушылардың  шығармаларына  өз  басым ешқашан  таңданған  да,  табынған  да  емеспін. Осылай дегенім үшін, бәлкім, маған кейбіреулер тіл  тигізер,  қайдан  шыққан  данышпансың,  өзің не бітірдің деген сияқты толып жатқан кінәлаушы сұрақтар  қояр.  Демек,  олар  –  табынушылар. Таңданушыны  өз  пікірінен  қайтаруға  немесе сүйіспеншілігін  бәсеңдетуге  болғанмен, табынушыны бетінен қайтару қиын. Ол культ пен фанатизмге ұқсас. Фанатизм мен парасат қатар өмір сүруі мүмкін емес, өйткені олар – бір-біріне жау  ұғымдар.  Фанатизм  тек  «сауатсыздық» деген ортада «гүлденер» болса, парасат білімді ортада  өніп-өседі.  Демек,  адам  неғұрлым  көп білген сайын, өзінің бұрынғы таңданып, табынып келген  нәрселеріне  қайта  баға  бергіш  болады. Жоғарыдағы жазушыларға табынбайтыным, тіпті, таңданбайтыным, әйтеуір, осылайша біреу-міреу жаза алатын болғандықтан, мұндай шығармалар Адам  творчествосының  потенциалды  мүмкіндігі шеңберінің ішінде жатқандығынан».
Таңданудың  соңы  –  табыну.  Өзін  жоғалтудан асқан қандай трагедия бар десеңізші. Салыстыру дедік.  Мұны  кез  келген  адамның  қанына  біткен әдет  пе  деп  қаласың  кейде.  «Саған  қарағанда ана  біреу  жақсы»,  «сені  мен  оны салыстыруға келе ме?», «ана баладан гөрі мына бала әп-әйбат көрінеді» т.с.с. Адам мен адамды, жылмен  жылды,  ел  мен  елді  салыстыруға келгенде алдымызға жан салмайтынымыз өтірік емес.
Бірде  бір  топ  ақын-жазушы  бас  қосып отырғанда, біреуі:
–  Академик  Радлов:  «Қазақтар  –  шығыстың французы»,  –  депті,  –  дейді.  Сол  жерде  Асқар Сүлейменов те отыр екен:
–  Жоқ,  олай  емес,  Радловың  қателеседі!  – депті нығарлай сөйлеп.
– Немене, ондай сөзді қазаққа қимай отырсың ба?!  –  дейді  әлгі  сөзді  айтқан  жазушы.  Сонда Асқар:
– Радлов қателеседі, француздар – Еуропаның қазақтары! – деген екен.
Бұл  жерде  Асқар  біреуге  «біреуді  телудің қажеті  жоқ»  деген  емеурінді  білдіріп  отыр. Шынымен,  бір  адамды  бір  адамға  теңеу  деген оны  қорлау  емес  пе!  Ал  біздің  ақындар  «сен қазақтың бәленшесісің» десе, мәз болатыны несі екен? Осындайда туған төрттаған бар еді:
«Иесі бар мылтықтан оқ алмаймын,
Арамызды ғасырлық перде жапты-ай.
Мен ешқашан Есенин бола алмаймын,
Бола алмас ед Есенин Ерболаттай», – деген.
Есениннің  өлеңіне  сүйсінгеніміз  бар  шығар, бірақ табынғанымыз жоқ. Оқығанымыз көп те, аз да  емес.  Дегенмен  сүйсіндірген  туындылардың қатары некен-саяқ. Ел мақтаған романдардан түк таппаған кездер де болды. Мүмкін, бұл өреміздің тарлығынан шығар. Ол жағын біле алмадық.
Өтіріктен де жаман нәрсе бар. Асыра сөйлеу мен көпірме сөз. Мұнан өтірікшінің айтқаны шындық па деп қаласың кейде. Мұны пафос деп атайды. Тапалды  бәйтерекке,  қараны  аққа  балайтын адам. Ең жаман нәрсе – жасандылық. Жасанды адамның  жансыз  заттан  қандай  айырмасы  бар десеңізші.  Пафостың  туын  көтеріп  жүргендер жайлы  Фаина  Раневскаяның  айтқаны бар:  «Тіпті,  ең  сұлу  деген тауыстың  артында  кәдімгі тауықтың  бұты  жасырулы тұр.  Сондықтан  да, достар,  көпірме  сөздің қажеті қанша?». Мінсіз дүниенің  жоқ  екені анық емес пе?!Фанатизм мен культ дедік.  Елді  билеудің тағы бір жолы – осы. Аңызға  айналған тұлғалар  әр  заманда болды,  болады,  бар. Өнеріне  тамсанып, табынғаны  соншалық, есінен  танып  жатады. Тура  мағынасында солай. Қазақта культқа айналған  ақындардың бірі  –  Мұқағали.  Оның өлеңінен гөрі ол жайлы аңыздар басым. Бірақ бұл – Мұқағали әлсіз ақын деген сөз емес. Тұлға  жайлы  аңыз қанша  көп  болса,  оның  танымалдығы  да сонша  болмақ.  Ал  аңыздың  авторы  –  халық. Аңызға  айналған  тұлғаға  былайша  анықтама береді: «Пендеге біткен тірліктен ада, періштенің серігі болуға тақау, жұтқаны – бал, құсқаны – құт, табаны жерге тимейтін, аспан мен жердің арасын жалғап тұрған жан». Не деген керемет, ә!
Пендеге  біткен  тірліктен  ада  болса,  онда  ол тамақ ішпейтін һәм зәр сындырмайтын адам ба? Адам деуге де жүрексінеді екенсің. Қасиеті атып жүрсе…
Көрмеген адамның бәрі – аңыз. Ол адам жайлы пікір  басқа  біреудің  айтуымен  қалыптасады. Басқа біреу – өзге біреудің айтқанын жеткізуші. Ал аңыздың бәрі ақиқат емес. Соның байыбына барып, тұжырым жасаған жөн шығар.

Ерболат Қуатбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған