Тағдырыма налимын…

Амансыздар ма құрметті оқырман. Мен біраз уақыттан бері «Алаш айнасы» сайтындағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарына жарияланатын оқиғаларды үзбей оқып келемін. Мен өзімнің басымдағы жағдайды мұнда жазуға талай рет оқталғанмын. Алайда батылым бармады. Ал бүгін бар күш-жігерімді жинап қолыма қалам алып отырмын.

Дәл қазіргі менің күйімді ешбір анаға тілемеймін. Осы отырғанда менің омырауым иіп, кеудемді сүт керіп қиналып отырмын. Бірақ әттең, мен кішкентай ғана сәбиімді еміреніп емізе алмаймын. Өйткені ол қазір менің жанымда жоқ. Кішкентай періштемді ойлаған сайын өзімді жек көремін, бірақ көзіме жас келмейді, тек көкірегім солқылдап, ішім қан жылайды. Мен өмірдегі ең жаман адаммын, мен ана деген атқа лайық емеспін. Өйткені мен тоғыз ай көтеріп, толғатып туған қызымды өз қолыммен басқа әйелдің бауырына салдым.

Көпшілікке түсінікті болу үшін мен басымнан өткен жағдайды басынан бастап баяндайын. Менің жасым 24-те. Өзім Алматы облысында туып өстім. Отбасында 4 ағайындымыз. Өзімнен үлкен әпкем, екі інім бар. Ата-анам қарапайым адамдар. Шамалары келгенше бізді тәрбиелеп өсірді.

Мен мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмадым, бірақ бірден еңбекке араластым. Дүкенде сатушы да, бала бағушы да, даяшы да болып жұмыс істедім. Бар арманым оқуға түсу болатын. Өзім біраз қаражат жинап сырттай оқуға түстім. Оқуымды өзім төлеп жүрдім. Сөйтіп жүргенде бір жігітпен таныстым. Ол екеуміз бір-бірімізді танысып біліскеннен кейін көп ұзамай Дархан мені алып қашып кетті.

Мен тұрмысқа шығуға әлі дайын емес ем. Дегенмен тағдырым осылай болар деп келін болуға да көндім. Бірақ келін болып түскен шаңырағым мені қабылдай алмады. Бірінші күннен отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Жолдасым да өте жуас жігіт еді. Енем мен қайынсіңілдерімнің, абысындарымның түрпегінен әбден шаршадым. Оның үстіне күйеуім маған тірек болудың орнына өз бетімен жүретін. Аяғым ауыр кезде бір рет те маған көңіл аударған емес. Не істеген жұмысы жоқ, тауып жатқан табысы жоқ.

Тұңғышымды босанғанда тіпті бір жаялық алуға ақшамыз болмады. Мен осының бәріне ары қарай да шыдар едім. Бірде ол үйге ішіп келіп ұрыс-керіс шығарып, мені баламмен үйден қуып шықты. Амал жоқ өзімнің туған үйіме қайтып бардым.

Біраз уақыттан кейін күйеуім ойланып келер, балам екеумізді алып кетер деп үміттеніп жүрдік, бірақ хабар-ошар болмады. Кейін анам құдағиына хабарласқан еді, ол кісі: «Ұлым өзі әйелімен қосылғысы жоқ» депті.

Сонымен баламды құшақтап жалғыз қалдым. Балам 2 жасқа келіп, әжептәуір өсіп қалғанда оны анама тастап өзім жұмыс істеуге қалаға келдім. Тынбай жұмыс істеп, тапқан-тергенімді анама жіберіп тұрдым. Уақыт зымырап өте берді.

Қалаға келгеніме бір жыл болғанда өте сыпайы бір жігітпен таныстым. Ол маған үнемі жақсы көңіл бөліп, сыйлықтар жасап, жылы сөздерімен жүрегімді баурап алды. Мен оған бар шындықты айттым, бұрын тұрмыс құрғанымды, баламның бар екенін жасырмадым. Ол маған да, балама да қамқор болғысы келетінін айтты.

Мен жігітімді анама, үй ішіме таныстыруға асықтым. Бірақ ол үнемі кейінге шегере беретін. Ол маған неке жүзігін сыйлады, мен екеуміздің үйленетінімізге сенімді едім.

Сөйтіп жүргенде өзімнің жүкті екенімді білдім. Оған аяғымның ауыр екенін айтқанда қуанғандай болды. Бірақ кездесуіміз сиреп кетті. Ананы-мынаны сылтауратып қашқақтап жүргендей көрінді маған. Бірақ мен үмітімді үзбедім.

Ішімдегі балаға 4 айдай болып қалғанда бір күні телефоныма бір әйел хабарласып: «мен Саяттың әйелімін, 3 баламыз бар. Екінші оның көзіне түсуші болма, мен ешқашан оның екінші әйел алуына жол бермеймін» деді де тұтқаны қоя салды. Әлгі сөздерден кейін есімнен танардай болдым. Құрсағымдағы қимылдап жатқан баламды қалай алдырам, анама не деп айтамын, бауырларыма не бетіммен қараймын? Басымдағы сан-сауалдан, қым-қиғаш ойдан қажып кеттім. Бірақ не де болса баламды туамын деп шештім.

Сөйтіп жүргенде Саят бірнеше рет телефон шалды, бірақ оның қоңырауына жауап та бермедім. Осыншалықты өзімнің алданғаныма ызам келді.

Ауылдан анам хабарласқан сайын көмейіме өксік тығылатын, бірақ жүкті екенімді айта алмадым. Ай-күнім жетіп перзентханаға түстім, бұл жолы нәп-нәзік қыз бала дүниеге келді. Перзентханадан баламды қайда алып шығамын, туған баламды қалай қиып қалдырып кетемін деп басым әбден қатты.

Перзентханадан шығатын уақыт тақағанда балалар дәрігеріне баламнан бас тартатынымды айттым. Ол өте бір жақсы әйел екен. Маған барынша ақылын айтты. Егер қазір балаңды тастап кетсең, өзіңді өмір бойы кінәлап өтесің. Қандай балалар үйіне түсетінін, қандай ата-ананың асырап алатынын да білмейсің ғой деді.

Сөйтіп бірнеше күн тағы өтті. Перзентханада танысқан балалар дәрігері мені қызыммен өзінің үйіне алып шықты. Сол жерде ол кісі маған: Менің туған сіңілім 14 жылдан бері бала сүйе алмай, бір перзентке зар болып келеді. Егер сен келіссең, заң жүзінде балаңды менің сіңілім асырап алсын. Сенің бөбегің махаббатқа бөленіп, жақсы отбасында тәрбиеленеді» деді. Мен бірден келістім, өйткені келіспеске амалым да болмады. Көп ұзамай бала асырап алғысы келетін отбасымен де таныстық. Бала сүйе алмай жүрген әйелдің жүзі жылы жан екен. Ол менің қызымды қолына ала салып жылап жіберді. Мен оның көз жасын көргенде өзімді одан сайын жек көріп кеттім. Ол 14 жылдан бері сәбидің иісін аңсап жүрген бейбақ, ал мен болсам өзімнің баламнан бас тартпақпын. Бірақ артқа шегінер жол жоқ.

Егер мен басымдағы жағдайды анама айтсам, не болар еді? Екі әкеден туған екі бірдей баланы қалай бағамын, қалай жеткіземін?

Сонымен мен баламнан заңды түрде бас тарттым, осыдан бір ай бұрын сот болып, қызым енді нағыз ата-анасына берілді. Ішімнен шыққан нәрестемді қанша қимасам да, жағдай осылай болды. Мен тағдырыма налимын, бірақ менің періштем бір жанды қуантты, бір адамға аналық бақыт сыйлады, отбасын шаттықа бөледі. Тек осы ой ғана менің көңілімді жұбатады.

Маржан, Алматы облысы

alashainasy.kz/

Advertisment ad adsense adlogger