Тарихи ғимаратты тозудан сақтайық!

Просмотров: 129

1996 жылы Қарағанды металлургия комбинатына қарасты, ескі қалада орналасқан Сортты прокат бұйымдарын шығаратын өндіріс жабылды. Кезінде Қазақ металлургиясының алғашқы қарлығашы болған сол өндірісте заманауи озық әдіс қолданылған болатын. Әйтсе де, құрылғылары толықтай жап-жаңа, жүйелі жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жабу, жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Осылайша, салқындай сым шығаратын жүйе құрыдымға кетіп, тас-талқан күйретілді. Ал, жабдықтары металл сынықтары ретінде саудаға салынды.

раңыз. Дәл осы Сортты прокат өндірісін тоқтату туралы шешім қабылданған тұста, елде ірі өзгерістер орын алған еді. Ол ел астанасын Алматыдан Арқаға көшіру бастамасы. Ақмолада құрылыс қарқын ала бастады. Оған қажет материалдар (сым, арматура, уголок, швеллерлер) іргедегі Теміртауда шығарылып тұрды. Яғни өнімге сұраныс бар, кәсіпорынды жабуға ешқандай негіз жоқ еді. Алайда қолында билік құзіреті бар адамдардың есебі басқа болып шықты. Олар кәсіпорынды тоқтатты. Салдарынан елордамызды салуға қажет құрылыс материалдары Қытай, Ресей тәрізді көрші елдерден қымбат бағада тасымалдана бастады. Бұл дегеніңіз барып тұрған қастандық емес пе?! Халық алдында кім жауапқа тартылады?! Сол кезеңдегі президент Нұрсұлтан Назарбаев па? Комбинат директоры болған Сосков пе? Әлде инженер Мирко ма?! Тағы кімді тізімдеу керек? Түсінген жанға бұл экономикалық қылмыс, жоқ, ел экономикасын тұралатуға бағытталған диверсия болған еді…

Хош делік, ол кезеңде қарсы болып, бас көтеруге көп адамның қауқары болмады. Қарсы пікір айтқан жандардың үніне құлақ асқан ешкімнің болмағаны тағы бар. Бүгінде алғашқы Сортты прокат өндірісінің басқарма ғимараты жыл өткен сайын тозып, іргесі сөгіліп барады. Өндірістің өзін сақтай алмасақ та, келешек ұрпақ үшін, Теміртаудың іргесін қалап, бүгінгі күнге дейін жеткізген металлург мамандардың құрметіне музейге айналдыру керек-ақ. Бұл мәселені сол өндірістегі Мартен цехының соңғы басшысы болған ардагер-металлург Өтеген Ғабдуллин бастаған бір топ ардагелер көтеріп, шырылдап жүр. Құптарлық іс. Өндіріс жабылған соң белгісіз топ оның қалған құрал-жабдығын талан-таражыға салып, орнын тып-типыл еткен екен. Бір дәуірде қарыштап тұрған кәсіпорынның қазіргі күйін көргенде жүрегің ауырады. Аман қалғаны басқарма ғимараты ғана. Егер күтімсіз тұра берсе, аз жылдардан кейін одан да айырылып қалуымыз бек мүмкін.  Сондықтан бұл мәселеге ардагер-металлургтер ғана емес қала әкімдігі мен комбинат басшылығы да араласып, қолдау көрсетуі керек.

Ал, енді Сортты прокат өндірісінің өткеніне де көз салсақ. Өндіріс Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған шақта, 1942 жылы Украинадан көшіріліп, Самарқанд көлінің жағалауына орналастырылған екен. Кәсіпорын майдан қажеттілігіне өнім шығарып, жеңісті жақындатуға үлес қосқаны өз алдына бөлек мәселе. Бұл оқиға ел жадынан шығып, ұмытыла бастаған шақта атақты жазушы Зейін Шашкин «Теміртау» романын жазып, қайта жаңғыртқанды… (Бұл кісіге қалада бірде бір ескерткіш нысан жоғын да назарға алу керек!). Сол романдағы кейіпкерлердің прототиптерінің ұрпақтары күні бүгінге дейін арамызда жүр.

Біз аға буын металлургтер алқасы Сортты таптама өндірісінің басқарма ғимаратын қалпына келтіріп, музейге айналдыру бастамасын қос қолдап қолдаймыз. Сондай-ақ, ескі қаладағы жастар театрына Зейін Шашкиннің аты берілсе деген тілегімізді де жеткізгіміз келеді.

Б.М.Оспанов,

ардагер-металлург.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған