«Таза Қазақстан»: Қарағанды оқушыларын экологиялық мәдениетке баулиды
Қарағанды облысының мектептерінде «Бөл, тапсыр, қайта өңде!» экологиялық жобасы жалғасуда. Бағдарлама мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа жанашырлығын қалыптастыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін кеңінен насихаттау және экологиялық сауаттылықты арттыру.

Жоба Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда.
3–5 қараша күндері экология және табиғатты пайдалану саласының мамандары Шахтинск мен Саран қалаларының мектептерінде интерактивті дәрістер мен ашық сабақтар өткізуде. Бүгінге дейін облыстың 30 мектебінен шамамен 1500 оқушы аталған жобаға қамтылды.

– Енді біз таза қала өзімізден басталатынын нақты білеміз! Біз – бір командамыз, және Шахтинскіні тазалықтың үлгісіне айналдыру қолымыздан келеді, – дейді С. Сейфуллин атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Ангелина Полежаева. – Біз экологияны қорғауға сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де әрекет етеміз.

Сабақтар барысында балалар қалдықтардың айналымы, олардың қоршаған ортаға әсері және қайта өңдеудің экономика мен экология үшін берер пайдасы туралы түсінік алады. Практикалық бөлімге ерекше көңіл бөлінген: оқу орындарында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп, оқушыларды экологиялық бастамалар мен еріктілікке тарту жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы – бұл тек сенбілік не тазалық акциясы емес. Бұл – жаңа экологиялық сана қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. «Бөл, тапсыр, қайта өңде!» жобасы мектеп оқушыларына қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіреді. Себебі дәл осы жас ұрпақ ертеңгі күні таза әрі жасыл Қазақстанды қалыптастырады», – дейді ұйымдастырушылар.

Жоба аясында оқушыларға табиғатты аялау мәдениетін ерте жастан сіңіру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау дағдысын дамыту, жеке үлестің маңызын ұғындыру және қайта өңдеу саласының әлеуетін таныстыру көзделген.

Бұл бастама «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының маңызды бөлігі ретінде экологиялық білім мен мәдениетті дамытудың тиімді құралына айналуда. Ол тек мектеп қабырғасындағы сабақтармен шектелмей, өңір тұрғындарының да табиғатты қорғауға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде.

