«Таза Қазақстан»: Игілігі мол акцияның жемісі
Сәуір келгелі ел жаппай сенбілікте жүр. Анығырақ айтсақ, 8 сәуірде Қазақстан бойынша «Таза Қазақстан» акциясы бастау алды. Акцияның шарапаты қоқыстан арылмай жатқан өңірлерге тиіп жатыр. Тіпті, қала мен қаланы жалғап жатқан республикалық маңызы бар тасжолдардың маңайы да тазартылды. Игілігі мол акцияның жемісі хақында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен арнайы брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев айтып берді.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы жылдың соңына дейін жалғаспақ. Осыған сәйкес экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында Қарағанды облысы бойынша медиа-жоспар әзірленіп, облыс әкімі бекітті.
Әрбір апта «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты тақырыптарға арналады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты – облыс тұрғындарының қоғамдық және экологиялық мәдениетін арттыру, қала мүлкіне ұқыптылықпен қарауға шақыру, қоғамдық орындарда жат мінез-құлыққа тосқауыл қою, вандализмге және қала нысандарының зақымдалуына төзімділік көрсету, сонымен қатар, қоршаған ортаны аялау, қорғау және ұқыпты қарауды еске салу, болашақ ұрпақ үшін сақтау, – деді Бахтияр Санбаев.
Облыс бойынша науқанға 149 мың адам, 10 743 кәсіпорын қатысқан, 1433 техника жұмылдырылған. 24 мыңнан астам аула, 273 саябақ жиналып, 441 тарихи-мәдени ескерткіштер жөнделіп, ретке келтірілген. Жалпы ауданы 1 623 мың шаршы метр 125 су айдынының аумағы тазартылған. Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша 6981 ескерту және 645 айыппұл салыныпты.
Жалпы, Қарағанды облысы бойынша 2024 жылы экология департаменті қызметкерлерімен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 193 орынды анықтапты. Оның 123-і жойылған. Бұл – 63%. Қалған 70-і жойылу үстінде. Рұқсат етілмеген полигондардың 303 орны космомониторинг арқылы табылған. Бүгінгі таңда қала және аудан әкімдіктері рұқсат етілмеген қоқыс орындарын тазалауға кірісіпті. Қатты тұрмыстық қалдықтар жинайтын 1102 жаңа контейнер, 278 контейнерлік алаң орнатылды.
Қалалар мен елдімекендердің аумағында 41 мыңнан астам, ал, мемлекеттік орман қор аумағында 614 мың ағаш, 7720 бұта отырғызылды.
Осы акция шеңберінде әкімдіктер полиция бөлімдерімен және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлесіп туризм объектілерінде, ұлттық парктерде рейдтер өткізіледі.
Балқаш көлінің жағалауын, «Бертіс шығанағы» жағалауын тазарту, Алматы-Екатеринбург республикалық тасжолының бойындағы қоқыстардан тазарту бойынша шаралар күнделікті жүргізілуде.
– Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында @TazaQazBot ыңғайлы телеграм-чат-боты арқылы жергілікті мекеннің және экология мәселелері туралы өтінімдер берудің жаңа сервисін әзірлегенін хабарлаймын, – деді басқарма басшысы.
Бұл чат-бот арқылы жолдардың, саябақтардың, жарықтандырудың, абаттандырудың және қоғамдық, жеке аумақтардың санитарлық жағдайына қатысты көптеген мәселелер туралы хабарлауға болады екен.
Ерік НАРЫН