Теміртауда Абай оқулары өтті

Просмотров: 82

Теміртау қаласында Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Көзімнің қарасы» атты Абай оқулары өтті. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы қабырғасында өткен сайысқа 14-50 жас аралығындағы 20-дан астам үміткер өтініш білдірген. Алайда ақтық сынға тек 16 қатысушы жолдама алған.

-«Біздің орталығымыздың ашылғанына көп болған жоқ. Сондықтан Абай оқуларын алғаш ұйымдастырып отырмыз. Десе де игі іс-шараны жылда осы 10-тамыз, Абай күніне орайластырып, дәстүрге айналдырсақ деген ниетіміз бар»,-дейді ресурстық тіл орталығы директоры Гүлнар Әкішбаева.

Сайыс екі номинацияға бөлінді. Іс-шараның бір бөлігінде қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтса, екінші бөлігінде Абай шығармашылығын әнге қосты. Ал үміткерлердің өнерін әділ бағалау үшін Бөкетов Университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Жансая Жарылғапов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, ақын Қойлыбай Асан және белгілі әнші, композитор Ерслан Жақыпханов арнайы шақырылған.

-«Абай оқулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде, оның ішінде Қарағанды облысында жылде өтіп отыратын дәстүрлі шара. Жалпы классика дегенге келетін болсақ, бұл уақытқа бағынбайтын, уақыт өткен сайын жаңа қыры ашыла беретін мұралар ғой. Ал классик дейтін Абай сияқты ұлы суреткерлер дәуір озған сайын, уақыт алдыға жылжыған сайын жаңа бір құпиялары ашылып, жаңа жұмбақтары ашылып, әр дәуірде жаңаша көрінетін тұлғалар. Сондықтан Абай оқуларының Теміртауда өтіп жатқаны құптарлық шара»,-дейді Жансая Жарылғапов.

Көркем сөз оқудан бас жүлдеге Хуанган Арайлым, І орынға Шолакова Жұлдыз және Үсен Шұғыла, ІІ орынға Ткаченкова Анастасия және Хуанган Калима, ІІІ орынға Кузербаева Гүлзира және Сермахан Ернұр ие болды. Абайдың әндерін үздік орындаған Маликов Ғалымжан І орын, Әлкеева Айгүл ІІ орын, Копишева Айжан ІІІ орын иегерлері атанды.

Арман Абылхасымов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған