Теміртаудағы жерасты қоқыс контейнерлерін не күтіп тұр?
2023 жылдың күзіне қарай Теміртау қаласында қоқыс жинауға арналған жерасты контейнерлерін орнату басталды. Сол уақытта тұрғындар бұл жаңашылдыққа оң пікір білдірді. Алайда бүгінгі таңда бұл контейнерлердің көбі істен шыққан. Бұл мәселе қала әкімдігі тарапынан талқыланып, шешу жолдары қарастырылуда.
6-шы ықшам ауданның тұрғыны бұл мәселе жайлы бірнеше рет дабыл қағып, жерасты қоқыс алаңдарының тиімсіз екенін айтады.
– Орнатылған төрт қоқыс алаңы мүлдем жұмыс істемейді, олар дәнекерленіп тасталған. Қоқыс толып тұр, ешкім шығарып жатқан жоқ. Бұл экологиялық апатқа әкелуі мүмкін, – дейді белсенді.
Қызмет көрсетуші компанияның өкілі Ирина Вундер тұрғындардың наразылығына жауап бере отырып, контейнерлердің механизмі істен шыққанын растады. Олар контейнерлерді тазалап, дәнекерлеп қойған, бірақ толық жөндеу үшін әкімдік тарапынан қолдау күтіп отыр.
Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мәселені талқылап, жерасты қоқыс алаңдарын жабу мүмкіндігін қарастыруда. ОЖКХ басшысы міндетін атқарушы Ақылжан Уахитов бұл алаңдарды қалпына келтіру бірнеше рет сәтсіз аяқталғандықтан, оларды жабу шешімі шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Теміртау әкімі Ғалым Әшімов болса, бұл жобаның бюджет қаражатымен жүзеге асқанын ескертіп, алаңдарды жабу дұрыс шешім емес екенін айтты. Оның айтуынша, бұл алаңдар толықтай қызмет көрсету мерзімін өтемеген, сондықтан мәселені шешу жолдарын іздеу керек.
– Бюджет қаражаты тиімді пайдаланылуы қажет. Егер трос сияқты бөлшектерді ауыстыру шығыны көп болмаса, мәселені тез арада шешуге болады, – деді әкім.
Қаладағы кейбір тұрғындар бұл контейнерлердің тиімділігін мақтап, олардың қала бейнесін жақсартқанын айтады. Сонымен қатар, олар кейде контейнерлердің бұзылатынын, бірақ оларды тез арада жөндеп отыратындарын атап өтті.
Жиында қоқысты сұрыптау мәселесі де көтерілді. Жерасты контейнерлері тек құрғақ қоқысқа арналған, бірақ тұрғындар оларды дұрыс пайдаланбай, құрылыс қалдықтарын және басқа да қоқыстарды тастап жатыр. Бұл жағдай контейнерлердің тез бұзылуына себеп болуда.
Мәслихат депутаттары қоқысты шығару тарифі туралы да мәселе көтерді. 2024 жылы қоқыс шығару құны 480 теңгеге дейін көтерілді, бірақ тұрғындар ірі габаритті қоқысты шығару үшін қосымша төлем жасауға мәжбүр. Бұл да тұрғындар арасында түсінбеушілік туғызып отыр.
Теміртау әкімі бұл мәселелердің барлығын егжей-тегжейлі талқылап, шешім қабылдау үшін қосымша талдаулар жүргізуді тапсырды.